Қоғам • 20 Ақпан, 2024

Наргизаның алтыны

68 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теміртаулық Наргиза Болатова мен Эдуард Кимнің Қатар астанасы Доха қаласында өткен су спорты сайысында чемпио­н атанғанын әлем көрді. 25 елдің спортшылары бақ сынаған сайыс­та спортшылар алтыннан алқа тағып, елімізге тарихи жеңіс сыйлаған еді.

Наргизаның алтыны

Елге олжалы оралған спортшы мен оның жаттықтырушысы Елена Котованы облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қарсы алып, сәтті өнер көрсе­туі­мен құттықтады.

– Бұл – тәуелсіз Қазақ­стан­ның су спортынан әлем чем­пио­натындағы алғашқы алтыны. Жақында Наргизаның Қы­тайдағы Азия ойындарының қола жүлдегері болғаны да ерекше қуантады. Қол жеткізген жетіс­тік­термен және жаңа жеңіс­теріңіз жалғаса беруін тілеймін, – деді Ерлан Бей­сембайұлы.

Наргиза Болатова 6 жасынан бастап синхронды жүзумен айналысады. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, су спор­ты түрлері бойынша ел құ­ра­масының капитаны, респуб­ликалық және әлемдік чемпио­наттардың бірнеше дүркін жүл­дегері.

– Жеңімпаз атану үшін ұзақ және ауыр жаттығу қажет. Қар­сыластарым мықты болды. Мен эмоцияларды, судағы театрды көрсетуге тырыстым. Бірақ сонымен бірге бағдарламаның күр­де­лілігін көрсету қажет еді. Эдуардпен жұмыс істеу оңай болды. Ол талантты спортшы, біз бір-бі­рімізге көмектестік. Енді әлем кубогінің келесі ке­зең­деріне дайындаламын. 2028 жылы Олимпия ойындарының бағдарламасына аралас дуэттер енгізіледі деп үміттенемін, – дей­ді жеңімпаз Наргиза.

Бүгінде әртістік жүзу­ден ұлт­­­тық құрамаға Қара­ған­ды об­лы­­сының жеті өкілі кіреді. Олар­дың барлығы – Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген жаттық­ты­­ру­шысы Елена Котованың тәр­биеленушілері.

– Наргизаның алған алтыны еңбегіне лайық. Ол өте та­банды және еңбекқор. Оның мақ­саты айқын және оған жетуде табандылықпен қадам басып келеді. Ұлттық құрамада бар­лығы Наргиза сияқты болғанын қалаймын. Теміртауда синхрон­ды жүзу спорт түрі танымал. Көп қыздар келеді, біз бәрін қабыл­даймыз. Ең бастысы, баланың өзі бір нәрсеге қол жеткізгісі келуі керек, ал біз оны қолдаймыз және бағыттаймыз, – дейді Қарағанды об­лысының көркемдік жүзуден аға жаттықтырушысы Елена Ко­това.

Облыс әкімінің орынбаса­ры спортшы мен оның жаттықтыру­шысына ықылас гүлі мен 1,5 млн теңгелік сертификат табыс етті.

 

Қарағанды облысы