Заң • 20 Ақпан, 2024

Бұдан былай полицейлер жол ережесін бұзған жүргізушінің құжаттарын тексермейді

21284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде енді жол ережесін бұзған жүргізушілер автоматты түрде анықталады. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова айтты, деп хабарлады Egemen.kz.

Бұдан былай полицейлер жол ережесін бұзған жүргізушінің құжаттарын тексермейді

Оның айтуынша, қазір Қазақстан жолдарында жол қозғалысы ережесін бұзуды тіркейтін 22 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. Бүгінде полиция жол ережесін бұзған жүргізушілерді автоматты түрде анықтауға кіріскен.

- Біз «Қорғау» бағдарламасын қолданамыз. Ол жалған нөмірлері бар, сақтандырусыз, іздеуде жүрген немесе жол қозғалысы ережесін бұзатын және айыппұл төлемейтін көліктерді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұрын барлық көлікті тоқтатып, құжаттарды тексеру қажет болатын. Ал қазір жүйе көшедегі бейнебақылау камеларының деректерін талдай отырып, жақын маңдағы полицейдің планшетіне «қауіпті» жүргізушінің жақын жерде жүргені туралы хабарлама жібереді. Нәтижесінде полиция әрекет етеді, - деді Ақтоты Боранова ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

ІІМ өкілі жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер анықталып жатқанын жеткізді.

- Бағдарламаның көмегімен жалған нөмірлерді пайдаланудың 1,5 мыңға жуық фактісі, жүргізуші куәлігінен айырылған 6 мың жүргізуші анықталып, 8,5 мың мемлекеттік нөмір тәркіленді. Айыппұл тұрағына 29 мың автокөлік қамауға алынды, - деді аға инспектор.

Ақтоты Боранова жол қозғалысы ережесін бұзуды тіркейтін камералар басқа өңірлерде де орнатылатынын жеткізді.

- Өңірлерде мұндай камералардың, оның ішінде «Қорғау» жүйесіне қосылған камералардың желісін кеңейту ұсынылады. Бұл көлік жүргізу мәдениетін арттыруға, жол ережесін бұзғандарды жауапқа тартуға мүмкіндік береді, - деді аға инспектор.