Аймақтар • 21 Ақпан, 2024

Шипалы бұлаққа мемлекеттік көзқарас керек

651 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір әлемде кейбір ауру түрлері қалыпты емге көне қой­майды. Соның бірі – витилиго (терідегі ақтаңдақ) және псориаз (терінің қабыршықтануы). Екеуі де тері ауру­ларына жатады, бірақ жұқпалы емес. Зерттеулерге қара­ғанда, халқымыздың 3-5 па­йызы осы науқасқа шал­дыққан.

Шипалы бұлаққа мемлекеттік көзқарас керек

Фото: aktas-a.kz

Осы ауруларды емдеу үшін мемлекет те, халық та біршама шығынданады. Оның өзінде қазіргі медициналық ем-дом көп нәтиже бермейді. Тіпті кейбір дәрілер науқастың сау ағзасын бүлдіріп жібереді. Дей тұрғанмен, ауру болған соң шипасы болады. Осы сөзге Түркістан облысы Бәйдібек ауданы жеріндегі «Ақтас әулие» бұлағы дәлел бола алады. Бұл – сан ғасырлық табиғи қайнар. Аңыздарда жараланған батыр емделгені айтылады. Сонымен бірге көшпелі тіршілікте мал терісіндегі түрлі ауру да осы бұлақтардан жазылып кеткені туралы жазбаша естеліктер сақталған (Созақ өңірі аңыздарында және жазушы Еркінбек Тұрысовтың «Темірлан» романында айтылады).

«Ақтас әулие» бұлағының маңызы неде? 1977 жылы Ленинград курортология институты бұлақтың су құрамын зерттеп, адам ағзасына пайдалы 16 түрлі химиялық элемент барын дәлелдеген. Кейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен Кардиология ҒЗИ курортология бөлімі осы бұлақтың суын ас қорыту, зәр шығару, зат алмасу, тері ауруларына пайдалануға болады деген қорытындыға келген. Суға түсушілер үш күннің ішінде терісіндегі оң өзгерістерді байқайды.

Біз «Ақтас әулие» бұлағы басында 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Күтімсіз тұрған бұлақтың маңайын реттеп, 50 орындық асхана, 30 орындық қонақүй тұрғыздық. Науқастардың сұранысын ескеріп, 200-ден аса науқас бір мезгілде тынығып, судан ем алатындай жағдай туғыздық. Олар киіз үйлер мен тұрғын-үй вагондарында орналасқан. Жылына «Ақтас әулие» бұлағына келіп ем алатындар 3 мың адамнан асады. Біздіңше, бұл – елеулі цифр. Біз жатар орын, үш мез­гіл ыстық тамақтың ақысын халықтың мүмкіндігіне қарай белгілейміз. Қайырымдылық көмегіміз де бар.

Енді Қазақстан үкіметі мен атқарушы биліктің әлеуметтік салаларын басқарып отырған жауапты тұлғаларға айтар үлкен өтінішіміз бар. Оның біріншісі – жол мәселесі. Шымкент-Шолаққорған трассасынан Қазақстанның барлық облыстарының витилиго, псориаз науқастарын емдеуге мол септігін тигізіп жатқан «Ақтас әулие» бұлағына дейін 18 шақырым жол салынса дейміз. Қазір осы аралықтағы жадағай қара жол емделушілерді әбден шаршатады. Екіншісі – электр қуаты мәселесі. Ең жақын деген Аққолтық елді мекенінен «Ақтас әулие» бұлағына дейін – 15 шақырым. Осы аралыққа электр желісі тартылса екен. Емделушілер түн мезгілінде «движок» қуатымен отырады. Ал үшіншісі – «Ақтас бұлағы» суы шағын өндірісін ашу мәселесі. Бұған алғашқы кезекте 150 млн қаржы бөлінген жөн деп ойлаймыз. Осылайша, құтыдағы су қалалар мен елді мекендердегі витилиго, псориаз науқастарына, жалпы ішкі жүйесін емдеушілерге жыл 12 ай бойы жеткізілетін еді.

Осы әлеуметтік-сауықтыру жобасы жүзеге асса, Қазақстанның барлық облысының витилиго, псориаз науқастары, олардың туыстары мен ата-аналары (емделуші жас балалар да көп) бәрімізге алғыс айтары сөзсіз. Бұл өзекті мәселені шешуді 2025-2026 жылдардағы еліміздің әлеуметтік-денсаулық сақтау жоспарына, Түркістан облысын әлеуметтік дамыту жоспарына енгізуге бір жағынан Парламенттің қос палатасындағы депутаттар, екінші жағынан Денсау­лық сақтау министрлігі күш-жігер жұмсаса, витилиго және псориаз ­ауруына шипа іздеген сан мыңдаған адамға нақты жәрдем болар еді.

Халқымызда тамаша даналық бар: «Тартынып үзген – шабанның ісі, Өткізіп алған – жаманның ісі» деген. Дәл осы істі, яғни Түркістан облысының денсаулық сақтау мәселе­сінде абырой әперетін жұмысты кешіктіруге болмайды. Мұны біз­ден Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Абай, Қостанай, т.б. облыстардан жылда келетін азаматтар сұрап жатады. Бұл – халықтың аманаты.

 

Омархан СЕРАЛИЕВ,

«Ақтас әулие» ЖК басшысы