Құқық • 21 Ақпан, 2024

Жеке детектив қызметі қажет пе?

311 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елдегі сүрленген құжаттың бірі – «Жеке детектив қызметі» туралы заң жобасы. Жиырма жылдан аса жыр болған заң жобасы талай сарапшының алдын көрсе де, түрлі себеппен заң шығарушы органнан өтпей қалған.

Жеке детектив қызметі қажет пе?

Тартысқа түскен құжат

Бір қызығы, әлемнің көптеген елінде жемісін беріп отырған бұл қызмет түріне бізде «заңның өзге нормаларына қайшы келеді» деп жүргенде, көрші мемлекеттер де детективтердің жұмысын заңдастырып, әлдеқашан халықтың кәдесіне жаратып жүр. Жемқорлық жайлаған қоғамда жеке тыңшыларға сұраныс артып тұрғаны белгілі. Осы құжаттың қабылдануын кейінге шегеріп, тұсаулайтын себеп бар ма?

Жеке із кесушілер туралы шетелдік киноларды таңдана, тамсана көретін заң шығарушы органның өкілдері мен жекеленген министрліктер кезінде алдарына келген детектив қызметін отбасы – ошақ қасының мәселесінен аспайтындай көрген. Детектив қызметі заңдастырылмаған елімізде бұл күмәннің іс жүзінде жүзеге асып жатқанын жоққа шығара алмайтынымыз рас. Алайда өркениетті елдердегі жеке детективтің жұмысы опасыз ерлі-зайыптылардың бір-бірін аңдытудан әріде жатыр.

Яғни дамыған елдерде бұл қызмет әділдік таппай сандалған, жақынын жоғалтып, мүлкін қолды еткен адам­дар­дың соңғы үміт ететін жері десек болады. Оның үстіне «арзанның тұзы татымайтын» қоғамда құқығыңды қорғатып, әділдікке жетудің ауыр жол екенін бағамдасақ, «алмақтың да салмағы бар» жеке детективтердің жұмысы қажет-ақ.

Сарапшылардың айтуынша, том-том істен басы қатып отыратын поли­цияға қарағанда белгілі бір шаруаны ғана қолына алатын жеке із кесуші тиімді жұмыс істейді. Мәселен, шетелде өз ішінде жиі ұрлық болатын алып компаниялар полицияға жүгінгеннен гөрі қылмысты ашуды жеке детективтердің мойнына артқанды жөн көреді. Осы қызметті заңдастырған бірқатар елде сот полицияның емес, жеке детективтің жинаған айғақтарын қабылдап, шешім шығаруды жеткілікті деп санайды. Өкінішке қарай, мұндай қызметті жасырын атқаратын біздегі жеке із кесушілер ештеңені дәлелдей алмай қалуы мүмкін. Себебі бізде жеке детективтік қызмет туралы заң жоқ. Негізі заң жобасы бар, бірақ талай жылдан бері талас пен тартыстан «шыға алмай» отыр.

Әйт­пегенде, жеке детективтік қыз­метті реттейтін заңның қабылдану тарихы 90-жылдардың аяғынан бері жалғасып келеді. Құжаттың қабыл­да­нуына қарсы топтардың айтар өз уәж­дері бар. Өмірлерінің көлеңке тұсы көпке тарап кетуден қорқатындар да жет­кілікті. Тіпті қызметтегі қараңғы істерінің су бетіне қалқып шығуынан қауіп­тенетіндер де бар. Содан бері талай жыл­дан бері сағызша созылып келе жатқан сақалды құжаттың бойына қайта қан жүгіре бастаған секілді.

Қазір көптен бері құзырлы орын­дардың сөресінде шаң басып жатқан құжатты әзірлеу және талқылау үшін Мәжіліске жіберу тапсырылған. Қазір депутаттар мен сарапшылар тығыз жұмыс істеп жатқан заң жобасы қабылдана қалса, қоғамның қандай жыртығына жамау болмақ? Әлде, күмәнді ойлардың жетегінде жүргендердің айтқаны айдай келіп, отбасы мәселесінен аспай қалмай ма? Бұлай болмаған күннің өзінде адвокаттар секілді құзырлы органдардың есігін сығалатып, құқық қорғау органдарының құқайын көріп жүрмей ме? Жеке сот орындаушылары мен жекеменшік клиникалар секілді бас пайдасынан басқаны ұмыт қалдырып, өздеріне артылған жұмысты жеке детективке жіберіп қойып, қарап отырмасына кепілдік бар ма?

 

Қара базар қызып тұр

Жалпы, әлемдік практикада жеке детективтер – адамдарды іздеу, ақпарат жинау, барлау және жеке детективтің басқа түрлері сияқты әртүрлі іс пен жағдайды тергеу қызметтерін ұсынатын мамандар. Кейбір елдерде жеке тергеушілердің лицензиясы болуы және белгілі бір ережелер мен шектеулерге бағынуы міндеттелсе, басқа елдерде олардың қызметіне еркіндік берілген. Бірақ жеке із кесушілер құқық қорғау органдарынан тәуелсіз жұмыс істейді. Сол арқылы жеке адамдарға да, компанияларға да өз қызметтерін ұсына алады. Ақпарат жинау үшін түрлі әдістерді қолдануға құқығы бар. Қазір жеке детективтер әлемнің көптеген елінде жемісті қызмет етеді. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония, Үндістан, Аустралия, Канада секілді елдерде жеке детектив мамандығы, сондай-ақ олардың қызметін реттейтін заңдар мен ережелер бұрыннан қалыптасқан. Алайда ортақ талап – арнайы лицензиясы болуы мен жеке детективтер құпиялылық, адам құқықтары туралы заңдарды, олардың кәсіби қызметін реттейтін басқа да ережелерді сақтауға міндетті. Ал қызмет құны детективтің біліктілік деңгейі, істің күрделілігі, тергеу жүргізілетін аймаққа байланысты бағаланады.

Бұл қызметтің тиімділігі өз беті­ңізше шеше алмайтын күрделі мәсе­леде кәсіби көмекке жүгінуде жатыр. Олай болса әлем мойындаған тиімді тәжірибені қолданысқа енгізуден қауіп бар ма? Өкінішке қарай, бізде жеке детек­тив заңдастырылмағандықтан, бұл қызмет түрін жеке адамдар жабық нысанда жүзеге асырып келеді. Жеке тергеу қызметін құқықтық реттеу тетігі болмағандықтан заңсыз жұмыс істеп отырған жеке детективтер салық, лицензиялық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтарып отыр. Тиісінше, олар клиенттер алдында заңды жауапкершілікке тартылмайды және мемлекеттік орган­дар­дың бақылауында емес.

Сарапшылар заң қабылданса, елдегі криминогендік жағдайдың оңалуына, құқық қорғау органдары сапалы жұмыс істеуге көшеді деп сендіреді. Екіншіден, детективтік агенттіктер өз ішінде бәсекелестікке түседі. Ал қазіргі жағдайда фрилансер ретінде жұмыс істейтін «детективтер» тапсырысты соңына жеткізбей, қызмет түрін қара базарға айналдырып жіберуі мүмкін. Оның соңы әділдік іздеген жұртты екінші рет күйзеліске түсіреді.

 

Әділдікке жетудің құралы

Заң жобасын қолға алып жатқан Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, жеке детектив – кәдімгі кәсіпкерлік қызмет. «Мысалы, біреудің күшігі жоғалып кетсе, оның басқа адамдарға құны жоқ, иесі үшін қымбат. Ол полицияға арыз түсірді. Алайда полиция әлдеқайда маңызды істермен айналысып жатқанда жоғалған күшіктің мәселесіне жете көңіл бөлмеуі мүмкін. Осындай жағдайда мүмкіндігі бар адамдар мәселесін полиция мен жеке детективке де жібере алады. Бұл полицияның жұмысына көмегін бермесе, зиянын тигізбейді. Керісінше, полицияның жұмыс істеуін жеңілдетіп, қамшылауына себепкер болады», дейді ол. Депутаттың сөзінше, біздегі іздестіру жұмысының классикалық үлгісі әрқашан әділдікке жеткізбейді. Мәселен, полицияға арыз береді. Неғұрлым жоғары жақта таныстары болса, сол адамдардың ісі алға шығады. Сөйтіп, таныс-тамыр, ақша мен биліктің күші жүрген жерде кейбір адамдардың құқығы бұзылады. Осындай кезде жеке детектив қызметі әбден қажет. «Бірақ детектив болу үшін кем дегенде 10 жыл тергеу немесе жедел іздестіру саласында жұмыс өтілі болуы керек. Заңгерлік мамандығы бар адамдардың барлығы жеке детектив бола алмайды. Мысалы, қазір тергеушілер мен жедел іздестірушілер ерте зейнетке шығады. Қырықтан енді асқан тәжірибесі мол дайын мамандар күзетке кетіп жатыр. Олар осындай жеке детектив болса, жұмыспен қамтылған адамдардың саны артады, салыққа қомақты кіріс кіреді. Ең маңыздысы, елдегі қылмыстың ашылуына оң әсерін береді», дейді А.Құспан.

Ал құжаттың осы уақытқа дейін түрлі кедергіге тап болуының себебін түсіндірген депутат: «Кезінде бір-бірінен бизнесті тартып алу оқиғасы көп болды. Мұндай әрекеттерді анықтау үшін полицияға арыз бергенімен, ешкім қабылдамайды. Оның үстіне полицияның уақыты жоқ, екіншіден, салдары болмаса, арызбен жұмыс істеуі неғайбіл», деп отыр. Дегенмен әлемдік тәжірибенің өзін елеп-екшеп алған артық етпейтінін айта келіп: «Ресейде жеке детектив дәлелдемені адвокатқа әкеліп берушінің рөлін атқарады. Қырғыз Республикасында қылмыстық үдерістің субъектісі ретінде қарастырылады. Яғни ол өздігінен дәлелдемелерді жинақтап, сотқа жүгіне алады. Сотқа күні түсіп, әділетсіздікке тап болған адам үшін өмірде бұдан асқан маңызды мәселе болмайды. Өзіне қатысты әділетті шешім шығу үшін шынайы дәлелдеменің маңызы зор. Қазір шетелдік тәжірибелерді жан-жақты зерттеп жатырмыз. Меніңше, құжат қоғам үшін ауадай қажет», дейді депутат.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орта­лықтың Заңнаманы жетілдіру бөлі­мінің меңгерушісі Болат Бейісов: «Қазір жақынын жылдар бойы іздеп, жоғал­ған мүлкінің өтемін қайтара алмай жүр­ген адам көп», деп отыр. Заң жобасы мақұлданса, ақшасын беріп жеке детек­тив қызметіне жүгінуге болады. Детективтердің сапалы қызметі заңмен реттелуге тиіс екенін айтқан заңгер: «Бұл қызмет түріне тек 30 жастан асқан, мемлекеттік орган берген арнайы лицензиясы бар, мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін сотталмаған адам алынады», дейді. Ал жекеменшік атын жамылған қызмет түрі секілді қалта қағатын ұйым болмау жағы да жан-жақты қаралып, прокуратура органдарының қадағалауында болуы қажет. Оның айтуынша, тапсырыс берушілердің өздері де сапасыз қызметке жүгінбейді. Олар да халықтың ақшасына күн көріп отырғандықтан жанын салып жұмыс істейді. Халық­тың сұрауын қана­ғаттандыра алмаса, жеке адамның өміріне қол сұғылса, лицензиясын алып қою мүмкіндігі қарастырылады.

Белгілі заңгер Камиша Есмұхамбетқызы қарсы пікір айтатындардың дені «жеке детектив қызметі жеке өмірге қол сұғады» деп санайтынын айтады. Өйткені бүгіннің өзінде бейресми түрде детектив қызметін көрсетіп жатқан компаниялар бар. Олардың қызметіне жүгінетіндердің көбісі опасыз жарларын анықтау мақсатында аңдытуға тапсырыс береді. «Алайда бұл жеке адамның өміріне қол сұғу болып табылады. Ал шетелде детективтер ашылмай қалған қылмыстық істерді толыққанды ашуға септігін тигізіп, сол істерді соңына дейін жеткізіп, айғақтарды жинау арқылы сотқа заңды түрде дәлел келтіріп, жәбірленуші немесе айыпталушының мүддесіне жұмыс істейді. Біздерде жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатқан қылмыстық іс көп. Қайтыс болған адамдардың жақындары күдіктінің қолына кісен салдыра алмай, жәбірленушілер кеткен мүліктің орнын толтырта алмай жүрген жағдай жетерлік. Дәл осындай қызмет санаты болса, заң жобасының пайдасы көп. Қазіргідей жеке өмірге заңсыз қол сұғушылық Қылмыстық кодекстің өзінде қылмыс ретінде қарастырылады. Сондықтан бұл қызметті өз шеңберінде жұмыс істете білсек, жеке із кесушілердің жұмысынан ұтарымыз көп», дейді заңгер.

Жеке детектив – адамдардың заңды мүдделерін қорғау әдісін таңдауына берілген мүмкіндік. Бір сөзбен айтқанда, демократиялық қоғамның және тиімді нарық­тық экономиканың қажетті эле­мен­ті. Әсіресе ашылмай жатқан істерде сең қозғалып, прокуратураның біржақ­ты айып­тауына тосқауыл қойылады. Сот жүйе­сін де сараптау объективті ше­шім шы­ғаруға бетбұрыс әкелсе, ел­дегі сал­ғырттық жайлаған саладағы жем­қор­­лық­тың жолы кесілер деген үміт те жоқ емес.