Қоғам • 21 Ақпан, 2024

Интернаттарда мемлекеттік бақылау алдын ала ескертусіз жүргізіледі

81 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Депутат Дәулет Мұқаев баяндама жасаған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменовадан интернаттарда мемлекеттік бақылау қалай жүргізілетініне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Интернаттарда мемлекеттік бақылау алдын ала ескертусіз жүргізіледі

Фото: parlam.kz

«Заң жобасындағы норманың бірі бақылау және қадағалау субъектісін алдын ала хабардар етпей стационарлық типтегі интернаттық ұйымдарға, сондай-ақ меншік түрінің барлық нысандарының білім беру ұйымдарына жоспардан тыс тексеру жүргізу болып табылады. Балалардың сауықтыру лагерімен байланысты 2023 жылғы резонанстық оқиғаларды ескере отырып мемлекеттік бюджеттен балаларды емдеуге, білім беруге, сауықтыруға, тамақтандыруға мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын объектілерде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша бірнеше проблема бар. Оны біз де талқылағанбыз. Жалпы мұндай норма қажет. Мен оны толығымен қолдаймын. Бірақ мынандай сұрақ туындайды. Нақты қандай ұйымдар стационарлық типтегі интернаттарға жататынын айтып бересіз бе?», деді Д.Мұқаев.

Жұлдыз Досбергенқызы интернат ұйымдарында тұратын балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін әлеуметтік маңызы бар кедергісіз тексеру жүргізу жөніндегі нормалар көзделгенін айтты.

«Бұл жабық интернаттық мекемелер. Оның ішіне балалар үйі де кіреді. Сонымен қатар арнайы медициналық және әлеуметтік көмек көрсететін ұйымдарды атауға болады. Біз мысалы комитетпен Қарағанды қаласындағы осындай арнайы әлеуметтік медициналық көмек көрсететін орталыққа бардық. Ол жердегі балалар туғанынан мүгедек төсекке таңылған балалар. Олар арнайы әлеуметтік медициналық көмек мекемелері деп аталады. Мұндай мекемелерге бақылау жүргізу кезінде ең алдымен бір ай бұрын хабарлама жіберіледі. Содан кейін ғана бақылаушылар арнайы барады. Сол кезде олар ешқандай кемшіліктер таппайды, бірақ резонанстық оқиғалар болып тұрады. Бала өліміне қатысты оқиғалар да болды. Осындай жағдайларды болдырмас үшін біз арнайы хабарламасыз, ескертусіз барып мемлекеттік бақылауды енгізуді ұсынып отырмыз. Сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға, балаларға білім беру және сауықтыру қызметтерін міндетті лицензиялауды ұсынамыз», деп жауап берді ол.