Қоғам • 21 Ақпан, 2024

Аңыз ақын

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Фирдоуси, Сағди, Низами, Науаилармен қатар тұратын түрікмен әдебиетінің классигі Мақтымқұлы Пырағы есімі қазақ баласына ертеден таныс. «Биік таулар, биікпін деп шіренбе, Сен де құлап, жермен-жексен боларсың» деген даналық иесінің дабылы заманалар көшімен жаңғырып келеді.

Аңыз ақын

Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орта­лы­ғы мен Түрікменстанның Қа­зақстандағы елшілігінің ұйым­дас­тыруымен Түрікменстан әде­биетінің классигі, ақын, философ Мақтымқұлының 300 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті.

Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Архив, құжат­тама және кітап ісі коми­теті төрағасының орынбасары Рол­лан Құспан, Өзбекстан, Түрік­менстан, Тәжікстан, Әзер­бай­жан, Беларусь, Қырғызстан республикаларының Төтенше және өкілетті елшілері, Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Академик Бауыржан Омарұлы, профессорлар Өмірзақ Озғанбай, Амантай Шәріп, Серік Негимов баяндама жасады.

Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан өз сөзінде Мақтымқұлының 300 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2024-2025 жылдарға арнал­ған мерейтойлық күндер тізбегіне енгізілгенін атап өтті.

– Айтулы мереке қазақ халқы үшін де айтулы іс-шара ретінде аталып өтуі ерекше маңызға ие. Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғаларымен үндес, пікірлес сарыны және түркі халықтарына ортақ мұрасының өміршеңдігімен құнды. Мақтымқұлының мұрасы халқымен, түркі халықтарымен бірге жасай береді, – деді Роллан Құспан.

Түрікменстанның Қа­зақ­стан­дағы елшісі Батыр ­Ред­же­пов ақын­­ның шығар­ма­шылығы кейін­­гі кезеңдегі түрікмен поэ­зия­­­сының дамуына едәуір әсер ет­кенін жеткізді.

– Оның өлеңдері мен ша­ғын поэмалары халық шы­ғар­­машылығына тілі бойынша және поэтикалық тәсілдерімен жа­­қын болып, халықтың жадында бүгінгі күнге дейін ұр­пақтар үшін даналық пен поэ­тикалық шабыт көзі ретінде сақталған. Түркі халқына ортақ тұлғаның өміршең шығар­машылығын насихаттауға назар аударып, айтулы мерейтой­ды атап өтуге қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс біл­діре­мін, – деген елші Қолжаз­балар және сирек кітап­тар ұлттық орталығының қорына ақынның түрікмен тілінен аудар­ған «Мақтымқұлы Пырағы» таңдамалы өлеңдерін табыс етті.

Жиын аясында Түрікмен­станның актері Батыр Чарыев «Түрік­мен» өлеңін оқыса, «Қазақ­ко­­нцерттің» әртісі Дінислам Жай­лау­баев Мақтымқұлының ел ара­сына кең жайылған термесін орын­дады.

Іс-шарада Мақтымқұлының шығармашылығына арналған көрме ашылып, ақынның түп­нұс­қадағы қолжазбалары мен өлең жинақтары таныстырылды.