Тағзым • 22 Ақпан, 2024

Дара дарынға құрмет

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде даңқ­ты кинорежиссер Шә­кен Аймановтың 110 жыл­дығына арналған «Қа­зақ киносының жарық жұл­дызы» атты мәдени-танымдық кеш өтті. Ерен тұл­ғаның есімін жаңғырт­қан іс-шарада шебердің тіршілігінде тұтынған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылып, шағын көрме ұйымдастырылды.

Дара дарынға құрмет

Көрмеден орын алған көрнекті экспонаттардың қатарында Ш.Аймановтың «Алдар көсе» фильміне түскенде қолына ұс­таған асатаяғы, өзі шерткен домбырасы, шахмат тақтайшасы, түсі­рілім алаңында пайдаланған рупор, сондай-ақ 1970 жылы «Ата­манның ақыры» фильмі түсіріл­ген камера, киімдері, қа­лам­­сап­та­ры мен үстел сағаты секілді ерек­ше жәдігерлер бар.

Еске алу кешінде Ш.Ай­ма­новтың ізін жалғап келе жат­қан сахна саңлақтары айтулы тұлғаның азаматтық бол­мысы, кәсіби шеберлігі, ұйымдас­ты­рушылық қабілеті хақында ой бөлісті. Атап айтқанда, Ш.Ай­мановтың әйгілі шәкірттері, қазақ киносының шоқтығы биік тұлғалары Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қа­зақстанның халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев сынды өнер қайраткерлері ұлттық театр өнері мен кино саласының қа­­лыптасуына бүкіл ғұмырын ар­­наған тұлға туралы жылы есте­ліктерімен бөлісті.

«Шәкен аға дарқан адам болатын. Жан-жағына Жайықтай кең еді. Біз ол кісінің балапаны құсап жанына еріп жүретінбіз. Оның ақындық қасиеті барын көп адам біле бермейді. «Әке туралы жыр» деген әннің сөзін жазғанын, талай фильмдегі жыр жолдарын, әндерді лайықты көркемдей білетін талғамы биік талант еді. Қазақ мәдениетінің өріс­теуіне өрелі үлес қосқан қай­раткердің рухына қалай құр­мет жасасақ та жарасады», дейді Нұржұман Ықтымбаев.

Мемлекеттік орталық музей директорының ғылыми жұмыс­тар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртонқызы мерейтой иесінің жанрлық, тақырыптық кеңістігі туралы сөз қозғап, «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар Көсе», «Та­қия­лы періште» секілді халықтық коме­диялар әлі күнге дейін кө­рер­меннің ықыласына бөленіп келе жатқан, ескірмейтін туындылар екенін атап өтті.

 

АЛМАТЫ