Пікір • 21 Ақпан, 2024

Немере терапиясы

256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда балдырғандардың зейінін ашып, зердесін дамытатын арнаулы орта­лық­тар көптеп көзге ұшы­райды. Бұл, әрине, сұранысқа сәйкес қалыптасып отыр­ған ахуал екені анық. Бірақ осындай орын­дарға бала­ларын жетектеп апа­рып жүр­ген жас отба­­сылар дәстүрлі тәр­бие тетігі – ата-әже инсти­тутын ескере бер­мей­тіндей көрінеді.

Аталған орталықтарға бастайтын басты себеп ретінде көбіне бала дамуындағы кешеуіл­деу көрсетіледі. Мұндағы мәсе­ле балдырғанға бөлетін уақыттың тапшылығынан, назардың кем­шіндігінен туындап жататынын да түсі­не­міз. Сондай-ақ гаджеттердің шамадан тыс қолданылуы мен жас ата-аналардың тәр­биедегі тәжірибесіздігі де – негізгі факторлардың бірі. Осыдан келіп баланың бойы өскенімен, ой өрісінде тежелу бар екені байқалып қалады. Бұның бір көрінісі – бала тілінің кеш шығуы. Қазір осы мәселемен логопедтердің алдын лек-легімен толтырып жатқан отбасылар көп. Мұндайда тіл ұстартудың түрлі тәсілдерін ұсынатын мамандар түптеп келгенде немерелерін ата-әжесінің қарауына беруден асқан жаттығу жоқ екенін алға тартады. Өйткені өмірден көргені мен түйгені мол, көкірегі қазына қариялар тәрбиелеген баланың тілі тез шығатыны артық дәлелді қажет етпейді. Расында, ата-әжесінен ертегі тыңдап, жаңылтпаш жаттап, тақпақ айтып үйренген балалардың мүдіруі мүмкін емес қой.

Бала тәрбиесіндегі осындай түйткілді жағдайлар ауылдарға қарағанда, қалаларда жиі кездеседі. Оның бір себебі қазыналы қария­лар­дың ауылдағы қарашаңырақта қалаты­ны­нан шығар. Осы орайда он жылдан аса уақыт елордада тұрып жатқан досымның мысалы ойыма оралып отыр. Ол біраз жыл бұрын тұңғышының тақылдап тұратын жасқа жеткенімен, әлі былдырлап жүргенін байқайды. Алайда әр баланың ерекшелігіне қарай бұл қалыпты жағдай шығар деп аса мән бере қоймапты. Содан сол жылдары ауылдағы әке-шешесін қалаға көшіріп әкелуге үгіттеп жүріп көндірген. Үлкен кісілер келген соң тұңғышы бірден атасының баласына айналып шыға келеді. Сонда барып жаңағы тілі күрмеліп жүрген баласы шешіліп сөйлей бас­тайды. Бүгінде бұл қариялардың қарауында екі немересі бар. Атасының астына су жаңа көлік мінгізіп қойған. Үлкен немересін мектепке, кішісін балабақшаға апарып әкеледі. Ал балабақшадағы тәрбиешілер кенжесінің мінез-құлқынан ата-әжесінің тәрбиесі білініп тұратынын айтады екен.

«Қартайғанда зейнет бер» дейтін қазақ қарияларының бар ермегі немерелері екені шүбәсіз. Олар жанынан тәтті көретін неме­ре­лерін бағуды бейнет емес, бақыт санайды. Былайша құнттай қоймағанымызбен, ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын осынау дәстүрлі отбасылық құндылықтың орны бөлек екенін іштей біліп тұрамыз. Ал немістер отбасы инс­титутын дамытуда ата-әженің рөліне ерекше мән беріп, арнайы зерттеу жұмыстарын жүр­гізіпті. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылы Феде­рал­ды демографиялық зерттеулер институты (BiB) мен Неміс экономикалық зерттеулер институты (DIW) бірігіп жүргізген «Ата-әжелер сұра­нысқа ие ме?» деген зерттеуі жария­ланды. Зерттеуге сәйкес, алты жасқа дейінгі бала­лардың 50 па­йыздан астамы үнемі ата-әжелердің бақылауында болады екен. Олар немерелерін балабақшаға апарып әкелуді өз мойнына алған. Зерттеушілер бұдан барлық тараптың ұтатынын мәлімдеді. Ата-аналар алаңсыз жұмысын істейді, балалар ата-әжесінің тәрбиесін алады, ал қариялар уақытын тиімді өткізіп, өздерін қоғамға қажет сезінеді. Сондай-ақ ғалымдар немере бағу қариялардың өмірін ұзартып, тіпті алжасудан сақтап, ақыл-ой қабілетін арттыруы мүмкін екенін айтады. Яғни деменция мен Альцгеймер ауруының тиімді терапиясының бірі немеремен уақыт өткізу екен. Мұның ғылыми анықтамасы белсен­ді қартаю деген халықаралық терминмен түсіндіріледі.

Айтпақшы, еліміздегі Қоғамдық даму инс­титуты «Қазақстан отбасылары – 2022» ұлттық баяндамасында белсенді қартаюға арнайы тоқталып, Мальта мен Жаңа Зеландиядағы дұрыс қартаю саясаты жөнінде кеңінен сөз қозғапты. Айналып келгенде, мұның түйіні қазақы қалыптағы әдемі қартаюға келіп тіре­ле­ді. Тек сол барымызды бағалап, қадірін білсек болғаны. Осы орайда қайбір жылы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанованың Түркияда немересін бағатын ата-әжеге зейнетақысының 50 па­йызы көлемінде әлеуметтік көмек берілетінін айта келе, осы әдісті біздің елде де қолданысқа енгізу керек шығар деп ой тастағаны еске түсті. Қалай дегенмен, қоғамды алға бастайтын атасы мен әжесінің балалары көбейе бергені көсегемізді көгертетіні сөзсіз.