Қоғам • 22 Ақпан, 2024

Тілі бірдің тілегі бір

69 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекеттік тілді үйренем деушілерге жаңа мүмкіндік туады. Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық аясында қазақ тілін меңгеру мен диалог құру алаңдары ұйымдастырылып, ақпараттық жобалар іске асырылады.

Тілі бірдің тілегі бір

Ұлттық академиялық кітап­ха­на­да өткен басқосуда мем­ле­кеттік тілдің қоғамдағы рөлі мен оны күшейту жо­лын­дағы түйткілді мәселелер талқыланды. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орын­басары – Президент Әкім­ші­­лігі ҚХА Хатшылығының мең­герушісі Марат Әзілханов, Ха­лықаралық «Қазақ тілі» қо­ға­мы­ның президенті Рауан Кенже­ханұлы, Сенат депутатта­ры Нұртөре Жүсіп, Геннадий Шиповских, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева, академик Шерубай Құрманбайұлы, ҚХА мүшесі, ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова, «Орыс, славян және казак» ЭМБ төрағасы Владимир Божко, «Қазақстан украиндары радасы» ЭМБ төрағасы Юрий Тимощенко, «Астанадағы өзбек этномәдени орталығы» төрағасы Шерзод Пулатов, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев, «Qazaqstan» телеар­на­сының тележүргізушісі Алла Гаврина қатысты.

– Мемлекеттік тіл мен еге­мендік – егіз ұғым, ал тіл – ұлттық сана­ның өзегі. Ассам­блея­ның көптеген мүше­сі­нің мемлекеттік тілді жо­ға­ры деңгейде меңгергені, олар­дың арасында танымал қоғам қайраткерлері мен депутаттар бар, әсіресе, жастардың көп екені қуантады. Бұл – Ассамблеяның мем­лекеттік тілді ілгерілету және оның мәртебесін нығайту жө­нін­дегі күнделікті жұмысының нәтижесі. Меніңше, қазақ хал­қы­ның мә­дениеті олардың өмір салтына ай­налса, мемлекеттік тілді олар өз тіліндей қастерлейді. Біз барлық жұмысымызда осы қағиданы ұстанамыз. Біріншіден, әрбір отан­дасымыз орта мектепті бітірген соң мемлекеттік тілді толық мең­­геруге тиіс. Екін­ші­­ден, қысқа мер­­зімде қазақ тілін үйренуге жағ­дай жасаймыз. Мәселен, «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасының өзі бір төбе. Жыл са­йын 300-ге жуық жасты қамтиды. Бағдар­лама аясында «Тіл мекте­бі», «Асыл сөз», «Sende bir kirpish dúnіege...», «Тиімді тілдік орта», «Ózіm týraly» сынды іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұндағы біздің көздеген межеміз – мемлекеттік тілді үйрету арқы­лы отандық бірегейлікті қалып­тас­тыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту, – деді Марат Әзілханов.

Отырысқа қатысушылар мем­лекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін балаларға арнал­ған анимациялық туындылар шығарудың, көпшілікке арналған кино өнімдері мен ғылыми-та­ным­дық әдебиеттер қорын молайтудың, әлеуметтік желілерде ағартушылық бағыт­тағы арналар ашудың маңыз­дылығына назар аударды.

– Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде еліміздегі түрлі ұлт­тар­ды біріктіретін үлкен мүм­кіндігі бар. Осыдан біршама уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде мемлекеттік тілді нығайту ісіндегі өзекті мәселелерді тал­қыладық. Президенттің пікі­рін­ше, ең алдымен, қазақ тілінің қолданыс аясын арт­ты­ру­ға ба­ғыт­талған прак­тикалық жұ­мыс­тарға басым­дық берген жөн. Оның ішінде білім беру ісіндегі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақ­ша контент пен цифрлық өнім­дерді әзірлеуге айрықша мән беру қажет. Сондай-ақ бізді мемлекеттік тілді ғылым мен техника тіліне айналдыру бағытында жұмыс жүргізуге шақырды. Алдағы уақытта «Қазақ тілі» қоғамы аймақтар бойынша тіл-әдебиет пәні мұғалімдерінің форумдарын өткіземіз. Бас­қосуда өңірдегі ұлттық өнердің, тілдің на­си­хат­тал­уы, оқытылуы ая­сын­да­ғы проб­лемалар орта­ға салынып, жан-жақты талқыланады. Оқу­шылар арасында түрлі байқау ұйымдастырамыз, олимпиада санын көбейтеміз. Өйткені білім ордаларындағы тілдің әлеуеті бір ізге қойылмай, мемлекеттік қызмет секілді биік мінберлердегі сапа өзгермейді. Сондықтан жаңа­­­ша көзқарас, мүмкіндік, әдіс­теме қажет. Әлемдік тәжіри­бе­де мә­дени, гуманитарлық си­пат­­тағы ұйым­дар эндаумент қорлар арқылы жұмыс істейді. Қоғам қызметін одан әрі жандандыру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен осы тәжірибені енгізіп жатырмыз. Айта кетерлігі, алғаш болып Мемлекет басшысы өз атынан үлесін қосты, – деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының прези­денті Рауан Кенжеханұлы.

Жалпы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мемле­кет­­тік саясаттың маңызды бағы­ты болып келеді. Осы ретте Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп әр­түр­лі әлеуметтік топтардың, оның ішін­де жастардың арасында тіл таза­лығын сақтау үшін оқу және жазу сауаттылығын арт­тыру­ға арналған іс-шаралардың қажет­ті­лі­гі­не ерекше тоқталды.

– Тіл – өзіндік жандық сипаты бар тұрақты дамушы. Өкінішке қарай, біздің жастар легі қазір «ә», «ң» әрпін құрбандыққа шалып жүр. Көп жағдайда оны «а», «н» әрпімен айтады, жазады. Әр әріптің өзіндік бояу, ырғағы бар. Қазір жасанды интеллектінің дәуірі. Сондықтан оның миына жазылатын қазақ тілінің мәселе­сін жедел шешіп алуымыз керек. Әр ұлттың өзінің тілдік боя­уын сақтайтындай цифрлық қа­зан қалыптастыру қажет. Плат­формаларды қазақшалап, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отан­­дық ақпараттық жүйелерді көбейт­кен дұрыс, – деді ол.

Елімізді мекен ететін өзге этнос өкілдері қазақ тілін қо­сым­ша үйрену үшін Ассамблея аясындағы орталықтарға жүгінеді. Яғни бас қосу платформасы бар. Енді оның мазмұнын байыта түсу үшін екі жақ уағдаластықтың жаңа деңгейіне қадам басты. Тараптар бұл бірлескен жоба мем­лекеттік тілдің біріктіруші әле­уетін көтеруге, қазақ тілінің эт­нос­аралық қатынас тіліне айналуына одан әрі ықпал ететініне сенім білдірді.

– Меморандум аясында бізде жоспарда көп іс-шара бар. Әри­не, бірінші кезекте – Мемле­кет басшысының берген нақты тапсырмасы. Яғни болашақта қазақ тілі мемлекеттік ұлтаралық тілге айналуға тиіс деген бағыттың тұжырымдамасында нақты қа­дам­дар жасайтын боламыз, – деді Сенат депутаты Геннадий Шиповских.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева «Тіл – кез келген елдің тәуелсіздігін, еге­мендігін қам­тамасыз ететін құрал» екенін баса айтты.

– Тіл арқылы халық дамиды. Тіл болмаса, ел болмайды. Осыдан 15-20 жыл бұрын қазақ тілінде сөйлейтін біз сияқты өзге этнос өкілдері саусақпен санарлық еді. Күннен-күнге, жылдан-жылға өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі артып келеді. Біз үшін бұл – өте қуанарлық жағдай, – деді депутат.