Қоғам • 22 Ақпан, 2024

Теміржолды белгіленбеген тұстан кесіп өтудің 6179 фактісі анықталды

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 6000-нан астам азамат белгіленбеген жерден темір жол төсемін кесіп өткені үшін жауапкершілікке тартылған. Өткен аптада пойыздардың адамдарды қағып кетудің 5 фактісі тіркелген. Жазатайым оқиғалар Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе облыстарының аумағында болып, оның үшеуінде адамдар жарақат алса, екеуі өліммен аяқталған. Бұл туралы департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-тің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Теміржолды белгіленбеген тұстан кесіп өтудің 6179 фактісі анықталды

Фото: Polisia.kz

Оның айтуынша, көліктегі ПД қызметкерлері теміржол төсемінде жарақат алу мен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрғындармен және оқу орындарының оқушыларымен тұрақты негізде кездесулер өткізіп тұрады. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде осы кезеңде департаментте жылжымалы құрамның балаларды қағып кетудің бірде-бір фактісі тіркелмеген. Әйтсе де, кейбір азаматтар теміржол көлігі объектілеріндегі қауіпсіздік ережелерін бұзуды жалғастырып жүр, ал оның соңы ауыр зардаптарға әкеп соғады.

«Биыл жыл басынан бері теміржол көлігіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзудың, яғни азаматтардың белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өтудің 6179 фактісі анықталды. Сондай-ақ теміржолда адамдардың, үй жануарларының болуына және бөгде заттарды қоюға байланысты поездарда шұғыл тежеуді қолданудың 280-нен астам фактісі тіркелді. Теміржолдағы қауіпсіздік тақырыбы өте өзекті мәселе. Азаматтар көбінесе, аспалы көпірлерден өтпей, жолды қысқарып, уақытты үнемдегісі келеді. Мұның соңы теміржол жарақатын алуға немесе адам өлімі жағдайларына әкеп соғады. Сондықтан бір минутты үнемдеймін деп өміріңізді қысқартып алмаңыз. Ең бастысы,  қарапайым ережелерді есте сақтаған жөн: «Теміржол жаяу жүргіншілерге арналған жол емес!», «Теміржол – аса қауіпті аймақ!», деді М. Айтуғанов.