Егемен Қазақстан • 22 Ақпан, 2024

«Хат қоржын»

139 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Жыр тарланы – Қалижан

Қазақтың рухани әлеміне небір өнер мен әдебиет дүлдүлдерін сыйлаған киелі Баянауыл өңірінің көрнекті қаламгері, қазақ поэзиясының тарихында өзіндік орны бар Қалижан Бекхожиннің туғанына биыл – 110 жыл. Ұлтқа адал ұл өзінен кейін өшпес мол мұра қалдырды. Қаламгердің өзі кетсе де артында болашақ ұрпаққа тағылым боларлықтай өнегелі сөздері қалды.

Ақынды ардақтау үшін атаулы күнге орай есімі мектебіміздің атымен аталған Қалижан Бекқожин атындағы білім ордасы да қазақ поэзия­сы тарландары бірінің мерейтойына орай онкүндікте көптеген іс-шара ұйымдастырды. Солардың алғашқысы ақынның өмірінен бір үзік сыр шертетін «Өмір жолы» атты бейнесюжет көрсетуден бас­талып, қалалық өлкетану мұражайы ұйымдастырған «Ақиық ақын – Қалижан Бекқожин» деген тақырыптағы кітап көрмесіне, фото-экспозиция мен ақынның бүкіл шығармашылық ғұмырын ұрпағына паш ететін мұрағаттық жәдігерлер қойылған көрмеге ұласты.

Ескерткіш – өткен тарихымыздың белгісі. Мектеп ұстаздары мен оқушылары әдебиетімізге айтарлықтай үлес қосқан мерейтой иесінің облыс орталығында бой көтерген ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады, ақын қаламынан туған жыр шумақтарын оқыды. Қалижан атамыздың жүрекке сезім ұялатқан жырларын насихаттап, дә­ріптеп жүрген ардақты ұстаздарымыздың да игілікті іс-шараға атсалысып, ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан «Ақында сыр болмайды айтыл­майтын» деп аталған челленджге қатысқаны да шәкірттерімізге үлгі деп білеміз.

Қ.Бекхожиннің 110 жылдығына арналған іс-шаралар Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жалғасып, «Мәңгі өлмес жырымен із қалдырған» атты конференциямен мәресіне жетті. Онда ақын мұраларын ғылыми түрде зерттеп жүрген филология ғылымдарының докторы, ПМПУ профессоры С.Сүтжанов Қалекеңнің шығармашылығы туралы кең көлемді баяндама жасаса, «Қалижан оқулары» байқауында топ жарған оқушылар дипломдармен марапатталып, ақын ұрпақтары атынан ақшалай сыйлықтар табысталды.

Роза БҮЛКЕНОВА,

«Қ.Бекқожин атындағы жалпы орта білім беру мектебі» КММ кітапханашысы

 

ПАВЛОДАР

 

 

Біз кімді тәрбиелеп жүрміз?

Елден-жұрттан ұят болады, обал болады, жаман болады деген қа­ғиданың маңызын бала түсінуі үшін әулет үлкендері баланың оғаш мінезіне, қылығына, тәртібіне, салт-санамыз бен дәстүрімізді ұс­тану әде­біне пікірін ашық білдіріп, жол көрсетіп отырғаны жөн.

Өзінің іс-әрекетіне қатысты туып-өскен ортасының пікірі мен бағасын білмей өскен бала жеке тағдырына әсер ететін нәрсенің бәрін өзге, яғни бөтен ортадан іздейді.

Баланың жеке тұлға болып қалыптасуы тікелей өзі туып-өскен ортасына байланысты болады. Тұлғаның мінез-құлқын қоғам емес, тек өз әулеті, яғни өз отбасы ғана қалыптастырады. Тамыры мықты тұлға ғана мемлекеттің тірегі бола алады.

«Заманы басқа ғой, балам мен ішпеген асты ішсін, мен кимеген киімді кисін, мен көрмеген қызықтарды көрсін» деп, оған жоқшылықтың қадірін түсіндірмей, тоқшылықтың буына мас қылып бетінен қақпай өсіру – әке-шешенің үлкен қателігі.

Атақты Дубайдың негізін қалаған шейх Мұхаммед бен Рашид әл-Мақтым елінің болашағы туралы: «Менің атам түйеге мініп жүрді, менің әкем түйеге мініп жүрді, мен «Мерседес» міндім, балам «Ленд Ровермен» жүр. Ал немерем түйемен жүретін болады», деген көрінеді.

«Неге?» деген сұраққа: «Қиын заман мықты адамдарды тудырады. Мықты адамдар жақсы заманды қалыптастырады. Жақсы заман әлжуаз адамдарды тудырады. Ал әлжуаз адамдар қиын заманды қалыптастырады. Көп адам түсіне бермейді, бірақ дүниеқоңыздарды емес, күрескерлерді тәрбиелеу керек», деп жауап беріпті.

Мұны әрбір әулеттің, отбасының қоғамның адал да әділ, мінезді де мықты азаматтарын тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосуына өз жауапкершілігі бар деп түсіну керек.

Мүталап ӘБСАТТАРОВ,

мемлекеттік қызметкер

 

АСТАНА

 

 

«Көк жәшікте» – көп қызық

Қол боста бір мезгіл теледидар экранына көз салып қоятынымыз бар. Ондайда, әрине, жақсы танымдық хабар көрсең жаның жадырап, көңілің көтеріліп, бір жасап қаласың.

Әр сенбінің кешінде эфирге шығатын журналист Жаңылхан Мәмежанқызының «Ұмытпаймыз» бағдарламасы көрген жанды ерекше әсерге бөлейді. Өмірден өткен белгілі тұлғалардың өнегелі ғұмыры көз алдыңнан кино таспасындай тізіліп өтіп, адам жанын сарытап сағынышқа айналдырады. Көпке дейін сол бір қимас сезімнен арыла алмай жүресің.

Демалыс күні де қызыққа толы. Танымал журналист, жазушы Жү­сіп­бек Қорғасбектің «Үркер» бағдарламасы ойлы оқырмандарды кітап ілі­міне үңілдіріп, ақын-жазушылардың жаңа дүниелерімен таныстырады.

Мынау асып-тасыған өмірде халқының амандығын тілейтін Аман Тасығанның «Алғашқы» хабарын көрудің өзі бір ғанибет. Академик Асқар Жұмаділдаев пен күні кеше ғана әнші қызымыз Роза Рымбаева туралы дайындаған хабарларын да асқан қызығушылықпен тапжылмай отырып тамашаладық.

Өнерде жарасқан жұп – Қыдырәлі мен Қарақаттың «Жақсы адамдарым» да өзінің көрермендерін тапқан, жоғары рейтингке ие бағдарлама деп есеп­теймін. Жазира Байырбекова, Қайрат Әділгерей сынды өнерде жүр­ген да­рынды жастарды көрермендермен жүздестіріп, талабын шыңдады.

Қалың көрермен атынын айтар тілегіміз де жоқ емес, әрине. «Қазспорт» телеарнасы кей кездері қазақ көрерменіне аса қажеті жоқ ойындарды көрсетіп жатады. Оның орнына әлем корттарында табысты өнер көрсетіп жүрген рейтингтері жоғары әрі көрерменін қызықтыратын теннисшілеріміздің тартысты кездесулерін тамашалағымыз келетінін несіне жасырайық.

 Жалпы, көре білген адамға «көк жәшікте» көп қызық бар. Олай болса, жоғарыдағыдай көпшілікке арналған тәлімі мол танымдық бағдарламалардың көкжиегі кеңейе бергей.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

көрермен

 

Түркістан облысы