Туризм • 22 Ақпан, 2024

Барды ұқсату өзімізден басталады

206 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ жерінде ежелден бұлақ көп. Көбісі халық ұғымында киелі саналады. Бәлкім, әулие-әмбие жатқан маңнан ұшырасқандікі болар. Бұдан бөлек, емдік шипасы бар бұлақ көздерін жиі естиміз. Бірақ оны өткен ғасырда қазылған көп бұлақпен салыстыруға келмейді. Олардың жөні бөлек. Кеңес өкіметі кезінде Қызылқұм мен Қарақұмда қой өргізген талай шопанның қыстауы мен жайлауынан бұрғылап ашқан жерасты суын бұл санатқа қосып қайтеміз? Мал басын өсіруде жақсы жайылымнан бөлек, су көзінің қажет екені түсінікті жайт қой.

Барды ұқсату өзімізден басталады

Қызылордадағы Жаңақорған ауданының территориясында Апанқақ дейтін шағын ел бар. Түтін саны онға жетпейді. Ал дәл осында 800 метр тереңдіктен шығып жатқан ыстық суды жұрт аузынан тастамайды. Себебі түсінікті. Адам бойындағы түрлі дертке шипа болған бұлақ – бұл. Әсіресе, қотыр мен қышымаға, псориазға таптырмас ем. Тері ауруынан айыққысы келгендер осы Апанқақ бұлағын жағалайды.

Бірнеше жыл бұрын арнайы мамандар су құрамын зерттеген еді. Олардың айтуынша, бұлақта емдік қасиетке ие көптеген минерал бар. Содан болар, Апан­қаққа жалғыз Қызылорда хал­қы емес, республиканың әр жері­нен келетіндер жеткілікті. Өкініш­тісі, мұнда инфрақұрылым жағы нашар. Электр жарығы тар­тыл­ғанымен, жол азабы әбден ти­­тық­татып тұр.

Апанқақты айта отырып, Ақес­педегі бұлақты ұмыт­қаны­мыз жарамас. Ақеспе қайда десеңіз, бір кездері шалқыған теңіз жағасындағы ауыл. Аудан орталығы Аралдан 130 шақы­рымда жатыр. Мұнда 60-қа жуық шаңырақ, 300-ден аса тұрғын бар. Балық аулап, кәсіп етеді. Төрт түлікті көбейткен ағайынға да кезігесіз.

Негізгі тақырыпқа оралсақ. Айтпағымыз да Ақеспедегі ыстық бұлақ еді. 1986 жылы ашылған жерасты суының температурасы – 62 градус. Барған адам бірден байқар дүние, бұлақ буырқана атқылап ағып тұр.

Иә, бұл жерден демалушылар да, ем алушылар да үзілмейді. Өйткені суы емге шипа, дертке дауа. Жергілікті халық бұлақ суы­ның буын, тері, жүйке жүйесі ауруына таптырмас ем екенін бұрыннан айтады.

– Ақеспедегі шипалы бұлақ суы­нан ем іздеп көрші аудандар мен облыстан келушілер көп. Оларға ауыл азаматы, жеке кәсіпкер Дархан Кенжебаевтың бастамасымен сырттан келген қонақтарға арнайы 15 адамға арналған конақүй мен 20 орындық асхана қызмет көрсетеді. Ал жазды күндері жақын елді мекендерден келген халық өз бетінше шатыр тігіп, демалыстарын өткізеді. Бұлақ 1986 жылы «Геобарлау Шымкент» гидроэкспедициясы мекемесінің бұрғылауымен ашылды. 1 200 метр тереңдіктен кейін температурасы 62 градус болатын минералды судың бар екені анықталған, – дейді Арал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ренат Жанаев.

Екінші мәселе – автожол. Расы керек, Ақеспеге бару үшін табаны биік әрі жаңа көлік болмаса, тым қиын. Ысылдаған құмға батып, ығырың шығады.

Иә, Ақеспеге жол салу мәсе­лесі көптен бері айтылып жүр. Был­тыр осы мәселе бойынша Арал аудандық тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы 6 шақырым жол құрылысын жүргізу үшін 497,9 млн теңгеге Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылыпты. Аталған жол «Бейнеу – Базой – Шымкент» газ магистралінің техникалық тасжолынан бастау басталады.

– Жол жайсыз болса да жаз айларында бұлаққа 2 мың адамға дейін келеді. Өйткені мұн­дағы судың емдік қасиеті бар. Мамандар да арнайы келіп, бірнеше рет тексеруден өткізді. Құрамында ағзаға зиянды заттар жоқ екені де анықталды. Белгілісі, аяқ-қолы сырқыраған талай адам ыстық бұлақтан айығып жүр. Бұл жерді туризм орталығына айналдыру үшін инфрақұрылым мен келетін қонақтарға қолайлы жағдай керек. Басты мақсат сол, – дейді Қосаман ауылдық округінің әкімі Әлібек Ізбасаров.

Әкімнің айтуынша, теңіз ұлтанындағы бұлақ суының ғана емес, айналасындағы батпақтың да емдік қасиеті бар. Жалпы, Арал ауданында құм да, таулы қырат та бар. Оған ыстық суды қосыңыз. Түйе түлігін көп өсіретін ауданда оған мініп, құрғаған ұлтанға сая­хат жасауға да болады. Бүгінде бұлақты туристік орынға айналдыру үшін жергілікті билік инвестор іздеп жатыр. Егер осында бір­неше төсек-орындық шипажай, спорттық алаңдар, саябақ салынса, нағыз курорттық жерге айналары сөзсіз. Жергілікті тұрғындарға жұмыс көзі ашылып, кәсіпкерлік те қанат жаяр еді.

Қорыта айтсақ, жер-жердегі шипалы бұлақтар жайлы көпшілік жақсы біледі. Бірақ біздің барды ұқсата алмайтынымыз жаман-ақ. Мәселен, елдің қай аймағы болсын, тарихи орындар мен ежелгі қалаларды аршу барысында да «туризм орталығына айналдыруға болады» деген жаттанды сөзді айтып та, жазып та жүрміз. Ал шет мемлекеттерде «жоқтан бар жасап», оған турист тарту арқылы ел қазынасын байы­тып отырғаны белгілі. Бізге де болар еді. Өкінішке қарай, құлық жоқ, енжарлық басым ба дейсің.