Қоғам • 22 Ақпан, 2024

Бес миллион теңгесін бере салған...

99 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аңқау петропавлдық өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, сөзіне сендірген алаяқтың «ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз, әйтпесе қапыда қаласыз» дегеніне көніп, 5 миллион теңгесін аударып жіберген. Өкініштісі, мұндай алаяқтарды анықтау оңай емес. Ұзақ уақыт маңдай термен жинаған дүниесінен бір-ақ сәтте айырылған жәбірленушінің де жағдайы мәз емес.

Бес миллион теңгесін бере салған...

Петропавл полицейлері интернет алаяқтықтың көбеюіне жол бермес үшін түрлі шара жасап жүр. Қалалық полиция басқармасының бірінші бөлімінің қызметкерлері сауда үйлерінде жадынамалар таратып, адамдарды алдап-арбаудың негізгі схемаларын көрсетіп, олардан қалай сақтануды түсіндіріп келеді.

Алаяқтар да кейінгі кездері белсенді «жұмыс істеп» жатыр. Тек жыл басынан бері бірінші полиция бөлімінің аумағында ғана желілік алаяқтықтың 30 фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Қылмыскерлер «банк­тен қоңырау шалу», өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстыру сияқты схемаларды жиі қолданады. Кейінгі кездері «ұя­лы байланыс операторы» болып қоңырау соғу «сценарийі» пайда болды. Олардың барлығы адамдарды үрейлендіріп, үлкен несие алуға көндіруге және ақ­шаны белгілі бір «қауіпсіз шот­қа» аударуға – іс жүзінде алаяқ­тардың қолына түсіруге бағытталған. Жоғарыда айтқан петро­павлдық дәл осы схемадан зардап шеккен.

«Егер біреу сіздің шо­тыңызға қауіп төніп тұр, ұялы байланыс нөмірі өшірілуі мүмкін немесе мүлікке тыйым салына­ды деп қорқытатын болса, асы­ғыс шешім қабылдамаңыз. Ха­бар­­ланған ақпаратты ресми ар­налар арқылы қайта тексе­ріңіз. Қоңырау шалушыдан оның қала­лық нөмірін сұрап, ақпарат­ты ұйым­ның ресми телефоны арқы­лы хабарласып тексеруге бо­лады. Алаяқтар қалалық нөмір бермейді. Күдіктінің қоңы­рауын алған соң, сөйлесуді дереу тоқтатып, «102» арнасына қоңырау шалыңыз», дейді бірінші полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Тілеген Әлжанов.

«Сонымен қатар қандай жағ­дай болмасын нөмірлерді, PIN-кодтарды және банк карталардың CVV-кодтарын, SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеңіз. Үшінші тұлғалардың қысымымен теле­фондарға қашықтан қатынауға мүмкіндік беретін «AnyDesk», «TeamViewer» және басқа осы сияқты бағдарламаларды орнат­паңыз, – дейді маман. – Себебі бұл бағдарламалар алаяқтарға аза­­маттардың құрылғысын бас­­қа­­ру­ға және оның атынан опера­ция­­-
лар жасауға мүмкіндік береді».

Алаяқтар байланысқа шық­қан­да қырағылық танытып жүр­ген адамдар да бар. Облыстың бір тұрғыны полицияға келіп, қайын атасын алаяқтардың арбауынан қалай құтқарғанын айтып берген. «Қайын атаммен бір шаруалар бойынша кездесуге келіскен едік. Уәделескен жерге келсем ол телефон арқылы әлде­біреумен емен-жарқын сөй­ле­сіп отыр екен. Тұтқаның ар жа­ғындағы ер адам күдік туғызатын ұсыныстар айтып жатты. Қайын атам: «Міне шықтым, сәлден соң келемін. Терминал «Dostyq mall» сауда-саттық орталығында ма? Қазір жетемін», деген сөз­дер­ді жедел айтып, маған сол орталыққа жеткізуді өтінді. Ме­нің «Ол кім?» деген сұрағыма: «Мен полицияға алаяқты ұстауға көмектесіп жатырмын. Қазір ақша аударамын, кейін оны бірден Астанада қолға түсіреді», деп мәз болып тұр. Сөйтсем, оның телефонына әлдебіреулер хабарласып, «Астана қаласының полиция департаментіненбіз» деген екен. Банктегі есепшотына алаяқтар қол жеткізгенін, егер қайын атам несие алса, алаяқты ұстауға болатынын айтқан. Мен: «Бұл – алаяқтар! Сақ болыңыз. Әңгімені доғарып, тұтқаны қоя салыңыз», десем, қайын атам тыңдайтын емес. Егер менімен кездеспегенде, несие алып, алаяқ­­тардың қармағына түсейін деп тұр», дейді ол.

«Қайын атамның қолынан телефонын зорға алып, әлгімен сыпайы сөйлесе бастадым. «Есіміңіз, шеніңіз және қалалық жұмыс телефоныңызды айтыңызшы», деген едім, ар жақтағы жас жігіт бастырмалатып: «Ол не үшін керек? Оны қайтесіз?» деген сұрақтарын жаудырды. Мен де қалысатын емеспін. «Сендерді тексеру үшін», деп едім, жарқын шыққан дауыс бірден өшіп, тұтқаны қоя салды. Қайын атама алаяқтардың іс-әрекеттерінің қандай болатынын айтып беріп, оған хабарласқан нөмірді қайта теруді ұсындым. «Нөмір біздің жүйемізде тіркелмеген» деген дауысты естігеннен кейін ғана ол кісі өзін алаяқтардың алдап соқпақ болғанына көзі жетті», дейді жігіт.

Өкінішке қарай, мұндай мысалдар көп. Сондықтан «банктің қауіпсіздік қызметіненбіз», «бай­ланыс операторымын», «поли­циядан қылмыстық іске қатыс­ты хабарласып тұрмын» деген қоңырауларға сенбеген жөн. Облыстық ПД баспасөз қызме­тінің өкілі Игорь Мерцалов: «Естеріңізде болсын, полиция қызметкерлері телефон арқылы жедел әрекеттер жүргізбейді. Адам­дардан тек арнайы шақырту қағазын жіберген соң жауап алу­ға құқылы. Қаржылық опера­ция­лармен байланысты кез кел­ген ақ­паратты тек ресми арналар ар­қы­лы тексеріп алған жөн», дейді.

 

ПЕТРОПАВЛ