Еңбек • 22 Ақпан, 2024

Етікші Сейітқали

218 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орта бойлы, шағын денелі Сейітқалиды ауданымызда танымайтындар кемде-кем шығар. Көршілес аудан жұртшылығына да жақсы таныс десек артық айт­қа­ны­мыз емес. Себебі оның қолынан шыққан аяқкиімді әр өңірде жиі кездестіреміз.

Етікші Сейітқали

Үлген-кішіге, әйелдер мен жасөспірімдерге тіккен қонышты, қонышсыз бәтіңке, мәсі, тағы басқа түр-түрлі қыста да, жазда да киетін аяқкиімдер тапсырыс берушілердің талғамына сай үйлесімді тігіледі. Фабрикадан шыққандай, тіптен одан артық дүние деуге де болады. Кәсіби мамандыққа қалай қол жеткіздің, кімнен үйрендің деген сауалымызға Сейітқали Шутанов әңгімені әріден бастады.

«Мен Тасқала ауданы, бұрынғы Қазақстанның 40 жылдығы кеңшары, қазіргі Атамекен ауылында жылқышы Қойшығалидың отбасында 1968 жылы дүние есігін аштым. Кеңес өкіметі кезінде әкем отбасымен, көмекшісі Жұмаш Жақсығұлов деген ағаймен бірлесіп, 50 бас сауын бие ұстап қымыз ашытқан. Қымызды жертөледе күбілерге ашытып, содан кейін арнаулы қымыз тасуға арналған мәшинемен аудан орталығына, ауруханаларға, жазғы балалар лагеріне таситын. Биелерді маман Ағиба, көмекшісі Жұмаш ағайдың жолдасы Марал апаймен сауды. Ол әкесінің тек жылқы бағумен ғана айналыспай, басқа да қырларын қызыға әңгімелейді. Әкем ат десе, ішкен асын жерге қоятын. Бәйгеге шабатын аттарды өзі таңдап, жыл сайын бәйге аттарын өзі жаратып қосты. Мақтанғаным емес, ағам Табылды, інілерім Ерлан, Өтеген мен өзім де жыл сайын той-думанда шауып, үнемі бірінші орын алып жүрдік. Бәйгеден бірінші келгеніме қуанып, ішімде мақтаныш сезімі асқақтайтын», дейді кейіпкеріміз.

Оның әкесінің бір өнері – сиыр терісін ашыған айранға илеп, бірнеше күн жылы бөлмеде, төсеулі жатқан киіздің астына бастырып, жүнінен тазартып, тілімдеп, жүген-ноқта, таралғы шылбыр, қамшы өріп, тағы басқа да құралдарын өзі жасаған екен. Міне, осыдан етікші Сейітқалидың қайдан шыққанын аңғаруға болады.

«Мен жастайымнан әкемнің қасында отырып тері былғарыдан жасалған таспаларды пышақпен кесіп, өлшеп, ат құралдарын жасауға көмектесетінмін. Соңынан өзім де атқа жүген, жоқта жасауды үйреніп, әкеме кәдімгідей пайдамды тигізіп көмекші болдым. Ол кезде ат құралдарын сату деген атымен жоқ еді. 1986 жылы екі жыл әскери борышымды өтеп, елге оралғаннан кейін Орал қаласындағы 24 училищесінің электр монтерін даярлайтын факультетіне түсті. Оны тәмамдағаннан соң жұмыс іздеп жүріп, аудан орталығындағы тұтынушылар одағына теріден аттың құрал-жабдықтарын тігетін маман керек екенін естідім. Сонда мекеме басшысымен жолыққанымда, ол етік тігетін армян жігіттерінің қасына көмекші етіп жұмысқа алатынын айтты. Мен келісім бердім. Сөйтіп екі жыл Артур және Алатжанды деген етікші жігіттердің қасында жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Ол жігіттер кеңес одағы тарар алдында елдеріне кетті. Етікшілік кәсібім содан кейін басталды», дейді Сейітқали.

Кейіннен ол аудан орталығындағы пошта мекемесінен бір бөлмені жалға алып, кәсібін барынша жолға қояды. Бірақ жалға алған бөлме келушілерге де, өзіме де тар болыпты. Сол кезде оның өтінішіне құлақ асқан аудан әкімі Санжар Алиев орталықтан ыңғайлы жер қарастырып беріпті. Қаржы мәселесі де шешілген. 2 млн теңге қайтарымсыз көмек алыпты. Бұған 3 млн теңге несиеге алған қаражатын қосып, үш бөлмелі шеберхана тұрғызып алған. Сондай-ақ осы қаржыға қажетті құрал-жабдықтарын, тігін машинасын сатып алған.

«Шеберлігімді шыңдау үшін қалаға оқуға барып, аяқкиім тігудің қыр-сырын жетік меңгердім. Әбден тәжірибем толысқан соң қасыма екі жігіт алып, еңбекке баулап, қамқорлығыма алдым. Жәнібек деген шәкіртімнің қазір Орал қаласында жеке шеберханасын ашып, кәсібін дөңгелетіп отырғанын мақтаныш көремін», дейді еңбекқор жігіт.

Сейітқали ересектердің де, балалардың да ұзын-қысқа, қысқы-жазғы, жылы, жұқа, биік, аласа, өкшелі етіктерді сәніне келтіріп, әр тапсырыс берушінің қалауына қарай тігіп береді. Мұнысына көпшілік дән риза. Әрбір тапсырыс берушінің талғамы әртүрлі. Ол тек жеке адамдарға емес, бишілер тобына, басқа да іс-шараларға арнап, сәнін келтіріп, жаңа үлгімен аяқкиімдер тігеді. Жүген жасап, қамшы өрген Сейітқалидың етікшілік кәсібі осылай басталған. Еңбегім халықтың игілігіне асып жатса, одан артық мен үшін қуаныш та, бақыт та жоқ дейді өзі.

 

Бисенбай ӨТЕГЕН,

Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, зейнеткер

 

Батыс Қазақстан облысы,

Тасқала ауданы,

Тасқала ауылы