Фото: gov.kz
Әңгімеміздің әлқиссасы Жетісу облысы Алакөл ауданына қарасты «Достық» бекетіндегі шешімін таппай келе жатқан тұрғын үйлер туралы болмақ. Қытай мемлекетімен шекарадағы аталған бекеттегі үйлердің алғашқысы (екіқабатты хрущёвкалар) өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген. Одақ кезіндегі Қытаймен болған қырғи-қабақ салдарынан шекара жабылып, бұл бекеттегі үйлер түгелдей қаңырап бос қалған. Бірен-саранында застава адамдары тұрды демесек, кейбірі малшылардың атқорасына айналған. Иә, еліміз егемендік алғаннан кейінгі отыз жылдан аса уақытта көрші Қытаймен арадағы жабық қақпа айқара ашылып, теміржол бойына қан жүгіре бастады.
Мыңдаған адам егемен еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, теміржол салаларына, кеденге, тағы басқа мекемелерге жұмысқа орналасты. Оларға арналып үй салынып, аурухана, мектеп, сауда орындары, банк, балабақша ғимараттары бой көтерді. 1 500-дей ауласы, 7 мыңдай тұрғыны, 150 зейнеткері бар бекет үшін мұның бәрі – атқарылып жатқан игі істер. Әрине, сауда орындары, асханалар – тұрғындардың өз есебінен салынған құрылыс нысандары. Көңіл тоғайтар көп жұмыс атқарылғанымен, шешімін таппаған түйткілді тұстар әлі де жетерлік.
Сол түйткілдің түбірі – тұрғын үйлер мәселесі. Анығырақ айтсақ, оның жекешелендірілуі турасында. Жалпы, тұрғын үйлерді жекешелендіру Қазақстандағы теміржол аумағының қай қиырында болса да жүзеге асырылған. Ал «Достық» бекетіне келсек, Қазақстан теміржолындағы шенділердің шешімінше шекара аймағындағы үйлер жекешелендірілмейді-міс. Осылай дей тұра, жол картасын желеу етіп, 5 – 6 жылдан бері сөзбұйдаға салып, 283 ескі үйдің 100-ін жекеге өткізіп, қалғанын сарсаңға салып келеді. Сондай-ақ жұртшылық үйінің жарығына, суына, жылуына ай сайын ақысын төлеп келе жатса да, олардың мойнына айлық есептік көрсеткіш (АЕК) іліп отыр. Бұлай ету «Қазақстан темір жолы» тарапынан халыққа көрсетілген қолдау емес, қанау десек, еш қателеспейміз. Жоңғар қақпасындағы жыл он екі айдың жарымы жел, жарымы бет қаратпас аяз бен шіліңгір ыстық. Қыс бастала автожолда шекараға жете алмай, боранда апталап жатып, көліктері қатып, сарсаңға түсер жағдайлар аз емес. Дәл осындай қыстаяң шақтарда бекет тұрғындары мен олардың бала-шағаларына азық-түлік пен түрлі тауар жеткізу «Қазақстан теміржолындағылардың» емес, сол жердегі тұрғындардың пешенесіне жазылған.
Меніңше, осынау қордаланған мәселелердің түйінін шешіп, тұрғындардың қамын ертерек ойлап, теміржол шенділерінің қақпақылына тосқауыл қойылуы керек. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы тоқтаусыз өсіп, импорт, экспорт пен транзиттің артуы – сол жердегі еңбекшілердің арқасы. Мемлекет басындағылар да осындай түйткілді мәселелерге салғырт қарамағаны абзал.
Бекеттегі жұмысшылардың, зейнеткерлердің атқарған шаруалары адал бағалануы қажет. Арысы алпыс, берісі қырық жылға таяған тұрғын үйлер кезең-кезеңімен жекешелендірілгені жөн. Мұндағы халықтың үйлерін жекешелендірсе, үдере көшіп кетеді деген пікір қисынсыз. Тұрғындардың ісін жалғастыратын ағайын-туыс, бауыр-қарындастары баршылық. Олар да өмір сүріп, тіршілік етуі үшін аяғын аспанға көтеріп жатпасы анық. Тіпті күндердің күнінде жекешеленген үйлерін сатып кетті делік, сонда жаңа қоныстанған жандар бұл мекенге ойын-сауық үшін келмейтін шығар.
Он шақырым жердегі көрші Қытай кейінгі 30 жылға тарта уақыт ішінде Алашанькоу атты көрікті қала тұрғызды. Салынған жолдарынан бейнелерін көріп, банк, вокзал, жұлдызды қонақүйлеріне қарап, аузын ашып, таңдайын қағып қайтқандар қаншама? Бұл – түс емес, өңіміздегі жағдай. Оларда қаласын көріктендіру көшілгері кеткен. Осылай болудың басты себебі теміржолдарынан түскен табыстың белгілі бір пайызын қаласын көркейтуге бөледі.
Иә, біздің «Достық» бекетіндегі абаттандыру жұмыстары айтарлықтай емес. Көшелердің көбі – жамау-жамау, шұрық-тесік. Қоқыс төгетін орындардан талғажау іздеген тайынша-торпақ пен қаңғыбас иттерді жиі көресің.
30 жылдан аса уақытта елді үзілдіріп барып спорт кешені берілмек. Бұған дейін күрестен аталған бекеттегі мектеп оқушылары арасынан облыс, республика, Азия және әлем чемпионаттарының жеңімпаздары шыққан. Олар мектептің шағын спортзалдары мен кеден үйлерінің астындағы жертөледе жаттықты. Бекет жұрты не көрмеді? Үшарал қаласынан шекараға дейінгі 170 шақырымдық автожолдың да толықтай берілгеніне бір-екі жылға таяды. Оған дейін қыста көліктері қатып үсіп қалғандар, жазда шаңға көміліп, ой-қырларды орағыта жол салғандар қаншама?
Сөзімізді түйіндей келгенде, «Достық» тұрғындары небір қиындықты бастарынан өткерді. Осының бәрі уақытпен ілесіп, сынаптай сырғып өте шықты. Алайда жекешелендіру сияқты түйінді мәселелердің түбіне ешкім жеткен жоқ. Келген «комиссиялар елге» бәрі орындалады деп құрғақ сөзбен уәде беріп, кері аттанып кетеді. Тоқетерін айтқанда, екі мемлекет арасындағы тауар айналымының жылдан-жылға қарқын алуы үшін жаңадан тұрғын үйлер салып, жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз ету мерейлі іс болар еді.
Сейіт Омаров
Жетісу облысы