Қоғам • 25 Ақпан, 2024

Баян жырлары

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Айтыс пен поэзия өнерінде сөздің сүбелісін, өлеңнің өрнектісін, ойдың ордалысын бойына жиған ақын Аспанбек Шұғатайдың «Баян. Мен. Таулар» кітабының тұсауы кесілді.

Баян жырлары

Ертіс-Баян өңірінің өлеңсүйер қауымы айтыскер ақынның ерекше шығармашылық кешіне куә болды. Жаңа кітап – 150-ге жуық жеке-дара өлең-шумақтан тұратын бір­тұтас портреттік поэма. Мұнда осыншама тарихи тұл­ғаның, тау тұлғаның бейнесі өлеңмен бедерленген. Автор тау-тұлғаларды жырлап қана қоймай, өткінші өмірдің қадірін білуге үндеп, жалған дүниенің мәні – ата-бабалардай ұлтқа қызмет ету, халыққа пайда тигізу екенін ұқтыра түседі.

Кітаптың тағы бір ерекшелігі – өлеңге арқау болған әр тұлғаның суреті қоса берілген. Суреттерді салған – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабаев.

Аспанбек ақын «Баян. Мен. Таулар» кітабында қазақтың қара өлеңіне тән кестелі тілді, ойлы тіркестерді молынан қолданған.

Кеште Аспанбек ақын Бұқар жырау Қалқа­ман­ұлына, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына, Сұлтан­мах­мұт Торай­ғырұлына арналған өлеңдерін, ғазал­дарын оқыды. Ал жыр кітабының тұсауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәу­леткерей Кәпұлы мен Пав­ло­дар облысы мен Баянауыл ауданының құрметті аза­м­а­ты, кітап кейіпкерлерінің бірі – Мұрат Рахметов кесті.

«Бұл кітап – Аспанбектің үнемі ізденетінінің, талмай еңбектеніп, әр­қашан ой арқалап жүретінінің дәлелі», деп атап өтті Дәулет­керей Кәпұлы.

 

ПАВЛОДАР