Олимпиада • 26 Ақпан, 2024

Қысқы Азиада Харбинде өтеді

98 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Штаб-пәтері Кувейтте орналасқан Азияның Олимпиадалық кеңесі (АОК) кезекті IX қысқы Азия ойындарының алауы Қытайдың Харбин қаласында тұтанатынын ресми түрде жария етті. Аталған жарыс 2025 жылдың 7 ақпаны мен 14 наурызы аралығында өтеді. Қытайлар өте пысық халық қой. АОК-тың шешімі шықпай тұрып-ақ олар Азиаданың бойтұмары, эмблемасы және ұранын бекітіп те үлгерген екен.

Қысқы Азиада Харбинде өтеді

Қысқы Азия ойындарының тұсауы 1986 жылы Жапонияның Саппоро қаласында кесілді. Көктемнің алғашқы күндері өткен жарыста небәрі жеті мемлекеттен келген 430 спортшы ғана бақ сынады. Олар тау шаңғысы, биатлон, шаңғы, мәнерлеп сырғанау, коньки, шорт-трек және шайбалы хоккейден сайысқа түсті. Жүлделердің денін жапондар (29 алтын+23 күміс+6 қола) олжалап, жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Одан кейінгі сатыларға Қытай (4+5+12), Оңтүстік Корея (1+5+12) және Солтүстік Корея (1+2+5) жайғасты. Ал Үндістан, Моңғолия және Гонконгтың өкілдеріне жалқы жүлде де бұйырмады.

1990 жылы ІІ Азиада сол Саппорода өтті. Жарыс қожайындары (18+16+13) командалық есепте жеңіске жеткенімен, жапондарға Қытай спортшылары (9+9+8) әжептәуір қарсылық көрсетті. Оңтүстік Корея құрамасының да (6+7+8) қарқыны жаман болған жоқ. Олардың солтүстіктегі көршілері 1 күміс пен 5 қоланы қанағат тұтты. Ал қысқы спорты тұралап тұрған Моңғолияның өзі бұл жолы бір қоланы еншілеп қайтты.

1996 жылы Қытайдың Харбинінде ұйымдастырылған жарысқа қатысушы­лардың саны едәуір артты. Бұған дейін бақ сынап жүрген командалар қатарына Орталық Азиядан – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа аймақтардан – Таиланд, Пәкістан, Иран, Кувейт, Ливан, Макао және Тайпей құ­рамалары қосылды. Барлығы – 15 ел, спортшылардың саны 450-ден асты. Негізгі бәсекелестік Қытай мен Қазақстан арасында өтті. Нәтижесінде, 37 жүлде алған жергілікті спортшылар (15+7+15) бірінші орынды иеленді. Басты қарсыластарынан төрт медаль кем алған жерлестеріміз (14+8+8) екінші сатыға табан тіреді. Сондай-ақ жүлделі орындар Жапония (8+14+10), Оңтүстік Корея (8+10+8) және Өз­б­екстанға (0+1+1) бұйырды. Біз­дің өрендер арасынан ең табысты өнер көрсеткен шаңғышы – Павел Рябинин. Ол үш алтын алды. Конькиші Людмила Прокашева мен трамплиннен секіруші Дмитрий Чвыков екі рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

1999 жылғы жарысты Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласы қабылдады. 10 алтын, 8 күміс және 7 қоласы бар отан­дастарымыз үшінші орынды иеленді. Алдымызда – Қытай (15+10+11) мен Оңтүстік Корея (8+10+14). 2003 жылғы дүбірлі дода қайта Жапонияға оралды. Бұл жолы жарыс қожайындары (27+26+23) дес бермеді. Оңтүстік Корея (10+8+10) мен Қытай (9+11+13) екінші және үшінші орын­дарды өзара бөлісті. Қазақстан (7+7+6) төртінші сатыға тұрақтады. Үздік бестікті Ливан (1+1+0) түйіндеді. 2003 жылы Жапонияның Аомориіндегі айқасты тамашаладық. Жерлестеріміз (7+7+6) қайта сол межеден көрінді. Осы сайыста да Жапония (27+26+23), Оңтүстік Корея (10+8+10) және Қытай (9+11+13) алғашқы үш орынды иеленді.

2007 жылы Қытайдың Чанчунінде жалауы желбіреген жарыста Қытай елінің өкілдері (19+19+23) алдына жан салмады. Жапония (13+9+14), Оңтүстік Корея (9+13+11) және Қазақстанның да (6+6+6) қарқыны жаман болған жоқ. Моңғолия мен Өзбекстанға бір-бір қоладан бұйырды.

2011 жылы VII қысқы Азия ойын­дарының алауы Қазақстанда тұтанды. Сол жарыс қарсаңында елімізде заманауи талапқа сай бірқатар спорттық ны­сан бой көтерсе, кейбір кешендерде күр­делі жөндеу-жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Бәсекелер Астанадағы «Алау» мұз сарайы, «Қазақстан» спорт сарайы, «Сарыарқа» велотрегі және Алматыдағы «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасы, «Табаған» кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы және «Сұңқар» шаңғы трамплиндер кешенінде өтті. Азиаданың ашылу және жабылу салтанатын «Астана Аренадан» тамашаладық.

30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында 26 мемлекеттен келген 1 134 үміткер спорттың 11 түрі бойынша 69 жүлде жиынтығы үшін таласты. Бұл айқаста Қазақстан құрамасы (32+21+17) алдына жан салмады. Жекелеген спортшылар арасынан Қазақ елінің әнұранын төрт рет шырқатқан шаңғымен бағдарлаушы Михаил Сорокин мен Ольга Новикова және шаңғышы Александр Полторанинді ерекше атап өтуге болады. Александр Червяков (биатлон) үш мәрте теңдессіз деп танылса, Елена Хрусталева (биатлон), Николай Чебатько, Евгений Величко, Сергей Черепанов, Елена Коломина, Свет­лана Малахова, Оксана Яцкая, Ана­стасия Слонова (шаңғы) және Юлия Галышева (фристайл) екі реттен дәл сондай құрметке бөленді. Сондай-ақ олжаға кенелгендер қатарында Жапония (13+24+17), Оңтүстік Корея (13+12+13), Қытай (11+10+14), Моңғолия (0+1+4), Иран (0+1+2) және Қырғызстан мен Солтүстік Корея (0+0+1) құрамалары бар.

Соңғы жарыс 2017 жылы қайта Саппорода өтті. Бұл бәсекеде Қазақстан (9+11+12) төртінші орынға тұрақтады. Биат­лоншылар 6 алтын алса, шаңғы, фрис­тайл және шайбалы хоккейден де бас жүлдені олжаладық. Күншығыс елінде Жапония (13+24+17), Оңтүстік Корея (13+12+13) және Қытай (11+10+14) секілді алпауыттар алдымызды орады. Бесінші сатыға Солтүстік Корея табан тіреді. Олар жалқы қоланы қоржынға салды. Ал бұл байрақты бәсекеде 32 мемлекеттің 1 139 спортшысы қатысты.

Қысқы Азиадада қазақтың жігіттері мен қыздарының да қанжығасы майланды. Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан аталған жарысқа тұңғыш рет 1996 жылы қатысқанын жоғары айттық. Харбинде Қазақстанның шайбалы хоккейшілері қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені жеңіп алды. Сол команданың сапында сұрмерген шабуылшы Ерлан Сағымбаев та өрелі ойын өнерімен көзге түсті. Кан­вондодағы ойындарда да әйгілі Өскемен хоккей мектебінің түлегі алтын тұғырдан қол бұлғады.

2011 жылы Қазақстанда жалауы жел­біреген жарыста биатлоншы Диас Кене­шевтің бақ жұлдызы жанды. Дүбірлі додада дара шыққан допты хоккейшілер командасы сапында Ілияс Қайрекешев, Нариман Тақыров, Еламан Әліпқалиев, Арыстан Қазыбаев, Ескендір Нұғыманов, Асқар Темірғалиев, Нұрлан Оразғалиев, Самат Аманшин, Рауан Есәлиев сынды тоғыз қандасымыз мұз айдынында атой салды. Шайбалы хоккейден ерлер ара­сында жалғыз Талғат Жайлауов ойнаса, әйелдердің сайысында Айжан Раушанова, Виктория Мұсатаева және Ғалия Нұрғалиеваның шеберлігіне тәнті болдық. Шаңғымен бағдарлауда Аслан Тоқбаев пен Елмира Молдашеваның мерейі үстем болды.

2017 жылы Саппорода Мадияр Ыбырайбеков, Әлихан Әсетов және Нұрсұлтан Белгібаевтай сайыпқырандары бар еліміздің шайбалы хоккейшілері жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал қола медальды иеленген әйелдер командасының тең жартысы қазақ қыздарынан жасақталды. Олар – Айжан Раушанова, Мәлика Алдабергенова, Пернеш Әшімова, Ғалия Нұрғалиева, Аида Олжабаева, Меруерт Рыспек, Мәдина Тұрсынова, Ажар Ха­мимульдинова, Арай Шегебаева және Бүлбүл Қартанбаева.

Ал Жібек Арапбаева (фристайл), Ердос Ахмадиев (шаңғы), Айдар Бек­жанов, Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жү­ма­ғазиев, Мәдина Жанбосынова, Артур Сұлтанғалиев (шорт-трек), Марат Жапаров (трамплиннен секіру), Динара Диханбаева, Рустам Есіркенов, Талғат Жай­лауов (шайбалы хоккей) жүлдегерлер қатарына қосылды.