Тұлға • 25 Ақпан, 2024

Тұлғатанушы

170 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өмір жолы ұшы-қиырсыз алып мұхит тәрізді. Сол мұхит айдынында ел мүддесі, халық игілігі үшін еңбек етіп, лайықты орын табу ердің ерінің ғана қолынан келеді. Адам арманмен өмір сүріп, соны орындау жолында күреседі. Тура жолды айқындап, дұрыс бағыт таба білген жан ғана мақсатына адаспай жетеді. Біз елімізге белгілі тележурналист, жазушы, тұлғатанушы Доқтырхан Тұрлыбектің өмір жолы мен шығармашылығынан осындай ізденісті байқаймыз.

Тұлғатанушы

Қаратау мен Алатау қолтық­тас­қан Жуалының шағын ғана ауы­лын­да дүние келген Доқтыр­хан­ 6-сыныпта оқып жүріп-ақ аудандық, облыстық газеттерге шағын мақала, әңгіме жаза бастапты. Негізі ұлтқа талантты адамдарды молынан берген, құт-береке дарыған ауылдар елі­мізде аз емес. Доқтырхан дүние есігін ашқан Жуалы даңқты май­дангер-жазушы Бауыржан Момышұлының, көр­кемсөз шебері, қоғам қай­рат­кері Шер­хан Мұртазаның, онға жуық гене­ралдың өмірге келген өңірі. Мұны Доқаң ғұмырбаяндық-деректі телефильм­де: «Сол ауданнан шыққан абзал азамат­тар­дың кішігірім жұрнағы атану бақытына ие болғаным үшін тағдырыма ризамын» деп жет­кізіпті. Айтса айтқандай, кейіп­ке­рі­міз абзал ағалардың игі дәстүрін жал­ғас­тыра отырып, өзінің кәсібін абыроймен атқарып келеді.

Ол – еңбекпен жетілген азамат. Отбасы жағдайына қарай жас­тай мал да бақты, кірпіш қалаған құрылысшы да, «темірден түйін түйген» дәнекерлеуші де болды. Әскер қатарында борышын да өтеді. Аудандық, облыстық газет­терде қызмет атқарды. «Сабыр түбі – сары алтын» дегендей, ол ақыры өзі армандаған тележурналист мамандығын терең меңгеру үшін Алматыға ат басын бұрды. Үлкен шығармашыл орта оны жақсы қабылдады.

Доқтырхан Қазақ мемлекеттік универ­ситетінде журналистикамен ғана шектелмей, көркем прозада да қабілет-қарымын шың­дады. Сын­шы­лар пікірінше, оның әңгі­мелері таби­ғи­лығымен ерекшеленеді. Біз Доқтыр­хан­мен қарашаңырақ – Қазақ теле­ви­зиясында бірге қызмет істесе жүріп, осы саланың күр­делі жанр – теле­фильм­ге сіңірген еңбегін ерекше атаймыз.

Сәкенше айтсақ, телесандық – адам­­­зат инновациясының биік шыңы әрі құпияға толы тылсым әлемі. Бұл сала – түсіру тобының еңбе­гінен тұратын өнер. Кез келген тақырыпты телевизияның бүкіл жанрында қамту мүмкіндігі зор. Мәселен, белгілі бір саланың бейне көріністері мен соған сәйкес сөз саптау шеберлігі мықты журналист болса, осы салада құнды еңбек дүниеге келері даусыз. Автордың пайым түйсігі, мәселені жедел аңғару қасиеті – басты шарт. Сондай-ақ ол көтеріліп жатқан мәселеге орай тиісті қорытынды шығара білсе, оның хабары көрерменін жалықтырмайды. Осы негізгі талап – тележурналист үшін ең қажетті алғышарт. Ал бұл күрделі қадамға тәуекел ету екінің бірінің қолынан келмейді. Қазақ университетінде оқып жүргенде-ақ теледидар ісіне араласқан Доқтырхан 1984 жылы Тараздан Алматыға қоныс аударып, осы салаға түбегейлі бет бұрғанда, бәріміз қуандық.

Ол ұзақ жыл бойы Қазақ телевизиясында қарапайым тілшіден, кәсіби құрылым басшысына дейінгі жолды жүріп өтті. Алғыр да тез жаза біле­тін журналиске бейне түсіретін нысан жетіп артылады. Телехабар – журналистің мұраты мен нысанасының бір­тұ­тасқан жобасы. Осы тұрғыдан ал­ғанда, Доқтырхан теледидар ісі­нің сапалануына өлшеусіз еңбек сіңір­ді. Оның қарапайымдылығы, елшіл­дігі, зиялылығы кәсібін абыройлы етті.

Доқтырхан Тұрлыбек Алма­ты телевизиясының бас редакторы, Қазақ телевизиясы бас дирек­торының бірінші орынбасары, «Қазақтелефильмнің» бас дирек­торы тәрізді басшылық қызмет мектебінен өтті. Үлкен шығар­ма­шылық ұжымдарды басқару – ұйымдастырушылық қабілетті, кәсіби біліктілікті, табандылық пен жігерлікті талап етеді. Белгілі журналист қанша басшы болса да шығармашылықтан қол үзген жоқ.

Қолы қалт ете қалса еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ұлттың салт-дәстүрін, қолөнерін, атбегілік, құсбегілік кәсібін насихаттайтын «Бойтұмар» атты авторлық танымдық хабар жүргізді. Ол Қазақ телевидениесінің алтын қорында сақтаулы. «Қазақтелефильмді» басқарған кезде елеулі сериялық деректі туындының авторы әрі режиссері болды. Доқтырханның шығармашылығы туралы ұлт әдебиеті мен өнерінің Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев, Камал Смаилов сынды марғасқаларының пікірі – бүгінгі сала мамандарына шеберлік сыныбы деп білеміз.

Деректі телефильм – қамтитын тақырыбы жағынан аса маңызды, жауапкершілік пен кәсіби дәлдікті талап ететін кесек дүние. Демек мұндай ауқымды іске қабілеті жоғары, жанр тәсілдерін жақсы меңгерген тележурналист қана бара алады. Доқаң осы салада өз соқпағын ерте тапты.

Еліміздің көне тарихы – ұлттың бақыт­ты болашағын ойлаған да­ныш­­пан хандарымыздың, ел қорға­ғаны батырларымыздың, ақылман биле­рі­міздің ғұмырбаяны, тағы­лы­мы, парасаты. Осындай рухани байлықты ел игілігіне, бола­шақ ұрпақ кәдесіне жарату – Доқаңның кәсіби миссиясы еді. Әр деректі телефильмінің астарында ұлан-ғайыр жерімізді көздің қарашығындай сақтап қалған, ұлт бірлігін аманаттаған ата-баба тәлімі жатады.

Оның қадау-қадау аса жауапты да­ күр­­­делі тақырыпқа батыл баруы – кәсіби ерлікке пара-пар іс. Бұл ау­­қ­­­ы­м­ды жобаны түбегейлі іске асы­­­­ру үшін дербес халықаралық «Түр­­кі әлемі» телестудиясын ашты.

Елімізді, Түркі дүниесін іргелі мемлекет, ұлыс етуге жұмылған даналардың өмір-тарихы, айтулы тарихи оқиғалар, ел азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен Алаш арыс­тары – тақырып аясы осы бағытта. Әлемдік тұлға Мұстафа Шоқай туралы «Ардағы еді түр­кі­нің» атты телефильмі зия­лы қауымнан жоғары баға алды. Телефильмде осынау ұлы тұлғаның өршіл бейнесі, ел тәуелсіздігін жақындата түскен жанқиярлық іс-әрекеті шынайы деректер арқылы көрерменге жеткізілген.

Кереку өңірінде дүниеге келіп, бүкіл қазаққа асқар таудай тұлға бол­ған­ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы телефильм де көпшілікті бейжай қал­дыр­мады. Телефильмде Мәшекеңнің дана­лық, ақындық, әулиелік жолы арнайы бейне-сюжеттер мен сұхбаттар арқы­лы көркемделіп, ғалымдардың ой-пікір­лері­мен үндестік тауып, көрерменді қуантты.

Режиссер әрі автор Доқтырхан Тұрлы­­бек Өзбекстан, Ресей (Омбы), Татарстан қала­ларына сапар шегіп, сирек кездесетін дерек­тер­ жинап, туындының құнын артты­ра түсті.

Ұлы билердің тұлғасына арнал­ған «Әйтеке бидің ақ жолы» атты теле­фильмі – тарихи мәліметтерге негіз­делген туынды. Әйтеке би бақи­лық мекені – Өзбекстанның Науаи облысы Нұрата қаласына арнайы барып, кесене мен еңселі мешіт туралы жергілікті қазақ пен өзбек ағайындарды сөйлетуі – бағ­зы мен бүгінді жалғағандай құбылыс.

Доқаңның бірнеше сериялы «Қаңлы» атты телефильмі қазақ мем­лекеттілігінің бастаулындағы көне Қаңлы ұлысының тарихи дерек­терін шебер баяндайды. Бұл фильм тарихқа жаңаша қараудың үлгісіндей.

Қаламгердің қай телефильмін сара­лап қарасаңыз да, қазақ халқы­ның тағдыры, тәуелсіздікке ұмты­луы, ұлттың салт-дәстүрі, тұлға­лардың болмысы, зерделі ойы, өнегелі өмірі баян етіледі. Доқтырхан Тұрлыбек туын­ды­ла­рының асыл мақсаты – жас ұрпақ­ты киелі қазақ жерін құрметтеп-қастерлеуге, тұлға­лар­дың аманатына лайықты болуға шақыру.

Үнемі ізденіс үстінде жүре­тін режиссер осы уақытқа дейін көрерменге 35 телефильм ұсы­нып­ты. Мәселе, әрине, санында емес, туын­д­­ыларының отаншылдық-тәр­биелік маңызында. Ол – әлі күнге аудан газетінен елдің бас газетіне дейінгі мерзімді басылымдардың авторы. «Мәуелі ағаш жемісі піскен сайын басын иеді» деген ақиқат осы шығар.

Халқымызда «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сипаттама ұғым бар. Бұл Доқтырхан Тұрлыбекұлы бауырымызға тікелей қатысты. Ол – қаламгер деген биік кәсіпті әр жанрда абыройлы ете алды. «О дүниеден келген өкіл» атты сатиралық шығармасы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алғаны да есімізде.

Бірде әйгілі Шерағаң: «Доқ­тыр­хан – адамгершілігі мен жауап­­кершілігі тең жігіт. Ол жүр­­ген жерде күрмеулі түйін тез шеші­­ле­ді» деп, арқасынан қаққан екен. Біз­діңше, бұл да – адами және табиғи баға.

Доқаң – қайбір қаламгер аға­йын сияқты азды-көпті еңбегін мін­­­дет­сініп «Маған қайраткерлік атақ, орден бер, мен пәленмін-тү­ген­мін» деп кеуде соқпайтын ел ағасы. Әсілі, шынайы тележур­на­лист пен қаламгер болмысынан өте қарапайым келеді. Әріптесіміз таны­­мал кәсіби талантты маман, ба­с­­шы болса да, ел үшін құнды әрі ма­ңызды тарихи дүниелерді өмірге әкел­се де, сол баяғы қарапайым қалпы – «біреуден ілгері, біреуден кейін» дегендей, ар-ұжданды бірін­­ші кезекке қояды. Оның кредосы – «Хал­қымыз аман, еліміз ты­­ныш болса, алынбайтын қамал жоқ». Жақын сыр тарта қалсаңыз, Доқаң: «Маған сый-сияпат ма­ңыз­ды­ емес, маған халықтың бағасы мен­ ризашылығы – үлкен марапат» дейді.

Тележурналист, жазушы, қ­о­ғам қайраткері Доқтырхан Тұр­лыбек – танымал «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бүкіл­дүние­жүзілік «Алтын сафран» кино­фестивалінің жүлдегері, Жур­на­листер одағы Жамбыл сыйлы­ғының лауреаты. Кәсіби саласы қадір­лейді, туған өңірі алқалайды, елдің төрт тарапы бағалайды.

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қыл­май қоймаймын» депті Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Біз білетін Доқаң ұлтқа қызмет етуді өзіне парыз санап келеді. Бұл ұстаным әрбір азаматымызға темірқазық болса, кәне!

Д.Тұрлыбек сексеннің сең­гіріне бет түзер белесте де тарихи тұлғаларды бүгінгі ұрпақпен қауыш­тыру еңбегін жалғастыруды қалайды. Қаламы жүйрік, сөзі айқын қарымды қаламгер әлі бірер буынға тәлім беріп, тәжірибесін үйре­туге ықыласты. Түркі дүниесі теле­видениесінің ардагерлер мұра­сын­ халыққа кең насихаттасам деген жоспар-жобасы да бар. Адал азаматтың бұл арманы да орындалсын деп тіледік.

 

Сағындық Нұрекеев,

КСРО телевидение және

радио саласының үздігі,

ардагер журналист