Қоғам • 26 Ақпан, 2024

«Westoil Software» жұмысшылар ереуіліне деструктивті күштер ықпал еткенін мәлімдеді

129 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Westoil Software компаниясы Жетібайда жалғасып жатқан ереуіл аясында жаңа мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz

«Westoil Software» жұмысшылар ереуіліне деструктивті күштер ықпал еткенін мәлімдеді

Фото: arbatmedia.kz

«Қызметкерлердің заңсыз ереуілге шығуына байланысты компания күн сайын миллиондаған қаржыға шығынға батып жатыр. Бұл сомма бүгінгі таңда 1 миллиард теңгеден асты. Осыған дейін хабарланғандай, жұмыс орындарына оралғысы келмейтін қызметкерлерді соттың шешімімен жұмыстан босатуына компанияның толық құқы бар. Жұмысқа шықпағандардың басым бөлігі мұны өз қалауынсыз, деструктивті элементтердің қысымымен жасап жатқандарын жақсы білеміз», делінген мәлімдемеде. 

Бұл ретте компания жұмысқа қайта оралғандардың барлығына алғысын білдірді. 

«Ал ішкі түйсігіне сеніп, жұмысқа оралған азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. (Олардың саны 120). Біз компаниямыздың қаржылық тұрақтылығын нығайтып, сіздердің еңбек жағдайларыңызды жақсартып, еңбекақыларыңызды тұрақты және уақытылы алуларыңыз үшін бар күшімізді саламыз деп сендіргіміз келеді», деп хабарлады компания.

Қазіргі таңда кәсіпорынның жабдықтарын және техникасын жаңарту процесі жүріп жатыр.

«Өз міндеттерін орындау үшін жұмысқа оралған қызметкерлеріміз компанияның қазіргі жағдайын түзетуге зор үлестерін қосып жатыр. Қалған азаматтарды да қатарға қосылып, бірнеше жыл еңбек еткен ұжымына, өз жұмыстарына оралуға шақырамыз. Біз заң аясында қазіргі жағдайдан бірге шығудың жолын қарастыруымыз керек. Сондай-ақ бүгінгі таңда жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға ішкі дайындық жұмыстарының басталғанын хабарлаймыз. Дұрыс таңдау жасайтындарыңызға сенеміз және заңсыз әрекеттер жасағандар үшін жауапкершіліктің бар екенін ескертеміз», деп жазылған мәлімдемеде.