Тұлға • 26 Ақпан, 2024

Сәтбаев планетасы

273 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бүтін қазақ елінің даналық, ізгілік, көшбасшылық, мемлекетшілдік қасиеттерін болмысына дарытып, философиялық көзқарасын жетілдіріп, ғылым-біліммен, өнермен қуаттанып, қайратты, ғибратты ұйымдастырушылық, жаңашылдық іс-қимылдарымен мемлекетіміздің тарихы мен тағдырына, абыройы мен беделіне өлшеусіз үлес қосқан, заманынан озып туған тұлға – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.

Сәтбаев планетасы

1914-1918 жылдарда Семей мұға­лім­дер семинариясында білім алған Қане­кең 1919 жылы мұғалімдер курсын­да жаратылыстану пәнінен дәріс оқыған. 1920-1921 жыл аралығында Баянауыл ауданында халық сотының төрағасы лауазымын атқарған. Әулие-пірлердің дуалы сөздеріне ыждағаттылық таныт­қан Қаныш Сәтбаев жасы келген Жаяу Мұсаға амандасуға барыпты. Сонда Жаяу Мұса: «Қаныш, шекең торсықтай екен, халқымыздың данасы боларсың, тағы да оқы, оқи бер, қыздырманың қызыл тілі түпке жетеді, содан сақ бол!» – деп ақ батасын береді. 1921 жылы жас ғалым Әлімхан Ермековпен үш жарым ай бойы Баянауыл өлкесін аралаған-ды.

Ғалымның қия шыңға өрмелеп, жан-жақты ізденіс жолында еңбектенгеніне 1921-1926 жылдарда Том технология институты тау-кен факультетінде оқыған кезеңі – нақты дәлел. Қазба байлықтар, тау-кен өнері, Сібір геологиясы, тау-кен өн­ді­ру ісі, кеніш механикасы, кәсіби гигие­на және еңбекті қорғау, экономика дейтін пәндер бойынша лекциялық жаз­балары барынша ғылыми-теориялық деңгейімен, бай мәліметтерімен назар аудартады. Сондай-ақ тау-кен өнері жайында арнаулы курстың және Жезқазған аймағының минералдық қорлары туралы лекциялары бар. Этнология хақын­дағы (лектор А.К.Иванов) дәрісте мұ­ның археологиямен, антропологиямен, со­цио­логиямен, тілмен байланысы әңгі­меленіп, мәуелі пікірлері төбе көр­се­теді (ҚР Мемлекеттік орталық архиві. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1061). Халық тілі­нің, бі­­лі­мінің, тәжірибесінің ну орманын­да өс­кендіктен, Қаныш студент кезі­нің өзінде этнологияның да мәнісін байып­таған.

пар

Студент Сәтбаевтың метрология мен геологиялық пәндер бойынша лек­ция­­­­­­ларының конспектісіне мән берейік:
1. Тау-кен барлау ісі, 2. Маркшейдерлік өнер, 3. Петрология, 4. Тарихи геология, 5. Жылу техникасы, 6. Электротехника, 7. Ағылшын тілі, 8. Геодезиялық зертхана, 9. Гидравлика, 10. Палеонтология, 11. Қолданбалы механика және сапалы талдау (ҚР МОА. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1059). Ғылымның күре тамырла­рын ­баяндайтын бұл лекция­лық конспекті­лер жүздеген парақтардан түзілген.

1924-1925 оқу жылында Қ.Сәтбаев ағылшын тілін оқыған (ҚР МОА. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1060). Жемісті жылдар жайында Қ.Сәтбаев былайша толғана­ды: «1921-1926 жылдардағы оқуым қар­қын­ды және қызықты өтті. Осы жылдар ішінде мен толық орта мектепке арналған Алгебра оқулығын қазақ тіліне аудардым, ол 1924 жылы Қазнаркомпросқа жіберілген болатын. Томда оқыған кезде мен мемлекет бөлген шәкіртақыға өмір сүрсем, ал соңғы жылы (1926) Семей облыстық атқару комитетінің айына 50 рубль көлемінде бөлген арнайы стипендиясын қажетіме жараттым» (ҚР МОА. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1073).

лод

Жер-жиһанға мәшһүр шағында ұс­тазы В.А.Хохловқа: «Мен студенттік жыл­дарымнан бастап өзімнің ұстаздарым қалай жұмыс істесе, солай жұмыс істеуді арман еттім», депті.

Том технология институтының ұс­таздар қауымының ең бір басты қағидаты – білікті, шебер өндіріс командирін, ғы­лымның өрен ұйымдастырушысы, ғылым мен өркениеттің тізгінін тең ұстайтын мәдениетті халық қызметкерін тәрбиелеп шығару. Ендеше, осындай бір тәлімгер­лік мектептің өкілі Қаныш Сәтбаев­тың ар­дақты ұстазы, Сібір геологиясының, стра­тиграфиясының, петрографиясы­ның, металлогениясының білгірі М.Усов (1883-1939) еді. Студент Сәтбаев М.Усов­тың үйінде бір жыл тұрды. Оның ме­тал­­логениялық кемеңгерлік идеяларын өзінің тәжірибесінде толық пай­даланып, дәлелдеді.

1942 жылы Кремль сарайында КСРО  Мемлекеттік сыйлығын тапсы­ру салтанатында Қ.Сәтбаев: «Зерт­теу­ші үшін шығармашылық еңбе­гінің же­місін көруден бағалы ештеңе жоқ сияқты». «Жезқазған аймағын индус­трия­­ландырудың орасан зор ауқымын жүзе­ге асыру, республиканың қуатты және гүлденген өндірістік тораптары­­ның темір жолын өткізу – менің жұмысым­ды қанат­тандырып, зерттеуші және инженер ретінде өсуіме зор ықпал етті» дейді (ҚР МОА. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1103).

1941 жылдың 22 ақпанында Кремльдің мінберінде тұрып: «Екі жүз жылдан астам уақыт бойы Қазақстан патшалық отары болды. Қос ғасырға созылған осынау ұзақ мерзімде патша өкіметі Қазақстан аумағының 6%-ын геологиялық тұрғыдан зерттей алды. Қалған 94%-ы мүлдем зерттелмеген алқап түрінде қалды. Қазақстанның ХХ жыл­дық мерейтойына орай кеңестік геолог­тер Қазақстан аумағының 80%-ын зерттеді» деген болатын (ҚР МОА. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1099).

пар

Отанының бақытты келешегін кеңінен терең ойлайтын, кемел болжайтын көсем пікірлі Қаныш Сәтбаевтың: «Қазақстан – табиғи байлықтардың бай қоры», «Біз­дің табиғатымызды қорғау, жер қойна­уын қорғау – қасиетті іс» дейтін елдіктің жарғысындай, бойтұмарындай ұстайтын киелі сөзі бар.

Ол М.Усовтың ақылымен 1923 жыл­дың жаз айларында М.Русаков басқарған Бет­пақдаладағы геологиялық экспеди­ция жұмысына қатысып, өңірдің беймә­лім сырларына қанығады. Орталық Қазақ­стан­ның геологиялық құрылымындағы мета­морфикалық жыныстарының жайын жақсы біледі. Жалпы, жер сырына жіті үңіледі. Білімге үйір дала баласы топырақ қасиетіне де епті, сұңғыла. Мәсе­лен, қарағайдың қара жерден өзіне алар қорегінің ең бір құнарлысы – кальций. Кальций таста жеткілікті. Ол тастың өзін талғажау етіп, жақпардың өзін жарып шығып, жапырағын Күнге жаяды екен-ау. Жаратылыстағы себепті байланыстар, беймәлім дәнекерлер – жас инженер-геологтің көңіл айнасында.

Жақсыға үйір Сәтбаевты Кереку көше­сінде қыран мінезді ақын Сұлтан­мах­­мұт Торайғырұлы бірден танып, шү­йір­келесіп сұхбаттасады. Пәтеріне үш рет шақырып, өзі оқып жүрген Карл Маркстың «Капиталындағы» күңгірт түсінбеген тұстарын («Капитал. Критика политической экономии. Том 1. Процесс производства капитала. С. – Петер­бург, издания Н.П.Полякова, 1872) сұрап отырған.

1922 жылы Вашингтонда ағылшын тілінде басылған геология бойынша жур­налдарды да зерделеп оқыған (ҚР Пре­зидентінің архиві. Қор 309-НЛ, тізбе 1, 1 с 155. 62 парақ).

Сана-зердесі, ой өресі, қиял дүниесі ерте оянып, ерекше жетіліп, тұйғындай түлеген студент Сәтбаев «Оқытушы деген кім?» дейтін танымдық тарихи байып­тамасында («Таң», 1925 жыл, март, №1. 67-70 беттер) ХХ ғасырдың бірінші ши­регіндегі сорпадай сапырылыс­қан қа­зақ қоғамындағы оқытушыға де­ген әлеу­меттік-саяси көзқарас, сонымен қа­тар шын мәніндегі оқытушының тұл­ғасы, болмысы, тәртібі, мәдениеті, білімі қандай болу керектігі жөнінде түбірлі ойлар, жанды пікірлер туындатады. Нақ­ты айтқанда, озық ойлы, азат та озат пікірлі оқытушының басты қасиеті, өне­гелі қағидаты – 1) «таза жол», 2) «таза ынта», 3) «таза тер», 4) «таза білім», 5) «жақсы мінез», 6) «жақсылық іс». Бұлар – жас қайраткер, санаткер Қ.Сәтбаевтың біл­гірлікпен көрсеткен жіктемесі. Әрі қарай оның ойлау деңгейі, білім дәре­жесі, тәжірибесі, жазу шеберлігі сонша­лықты қызықтырып, тәнті етеді. Авторға сөз берейік: «Адам баласы жаумен жаға­ласарда қаруланған әскердей әртүрлі өнермен қаруланады. Сондықтан қанша заман бастан кешсе, соншама ойлауда, іздеуде, табуда, ілгері басуда».

Он сегіз мың ғаламның ғаламаты мен ғажайыптары қандай өлшеусіз екені де ескерілген: «Жаратылыстың ұшығына жеткізбейтін, қаншалық көп сыры болса, сонша тарау білімі бар».

Ол оқытушының шынайы, жанды бол­мысын былайша айқын пайымдайды: «Осы білімді адам баласына егетін, өсі­ретін, адам баласына анық адам атын кигі­зетін адамдарды оқытушы деп атайды».

Ілгерілеудің, өркендеудің, өрге өрлеу­дің басты кейіпкері – оқытушы. Сыры да, қыры да сан сипатты саналы, ойлы, отты, өнегелі, көшелі, ісі көркем санаткер: «Өмір ілгері баспақ, білім жүзінде үздік, іл­гері жүрген жұрттың оқытушылары да ілгері, өнерлі, әдісті. Мұндай жұрттар істің негізіне көз салып, оқытушыларын басқадан артық құрметтейді, бірінші орын олардікі болады, қазақша айтқанда, бұла болады».

Оқытушының ұлық қасиеттері мынадай: «Ер қосы жүре түзелер» дегендей, «қиындыққа шыдаса, сонда ғана ынтасы мен талабы жанбақ, қалаған биігіне жетпек».

«Жаратылыстың сом, домбал қалпын­ша берген адам заты жан кешіп, жақсы ұс­таның дүкенінен істеліп шыққан нәзік, сүйкімді сұлу нәрселері секілді түрлен­діріп шығаратын жалғыз оқытушы. Оқып жүрген жас баланы өзіндей түрленген адам­дармен жаратылысқа ие болу жолына жарысқа қосатын – оқытушы, сондық­тан адам өз басын қадірлесе, алдымен оқытушыны қадірлеуге міндетті екендігі осыдан шығады».

Оқытушы – халық қызметкері болған­дықтан, елдің тұрмыс-тіршілігімен, көз­қарасымен, әдет-ғұрпымен есептесу жөн: «Жүк түйеге келмейді, Түйе жүкке ке­леді», дегендей, оқытушы елге икемденуге, жақындауға керек еді, біздің оқытушылар бұл жерден табылмады. Елдің сезімін, білімін, әдетін, тұрмысын естен шығармай, ойға қатты тоқып, істің негізіне тіреулі қылық керек еді».

Өз кәсібіне, ісіне үстірт, жүрдім-бар­дым, ықылассыз қарау, өзін де, өзгені де нәуетек ететінін былайша жеткізеді: «Бұл оқытушылардың шалалығы, білімге анық кіріспегендігі, саясатқа соқырлығы, қолға бір жапырақ қағаз алып, тұнық жатқан елге тұтқиылдап шауып, бәрін 20-жылғы болған милициядай, елдің үрейін ұшырып, «Істесең де істейсің, істемесең де істейсің» деушілер өткен жылдар түгіл, бүгінде де толып жатыр».

«Шалағайлық әдісін қолдану елді бір­жола қасқыр шапқан қойдай үркіту, білім беру орнына білімнен қуумен бір есеп емес пе?!»

«Адам сүю жолымен өз айналасына үйір қылу, бауырына тартуға міндетті».

«Жақсылық іс адамды қол бұлғап ша­қырмайды. Жан иесі жақсылықты өз сезімімен сүйіп, өз бетімен керек қылып, жақсылыққа жабырламақ балға, тәттіге қонған, үймелеген масадай тоймақ. Жақсылық негізі – білім».

Оқу жолы «кіршіксіз таза жол», «таза ынта, таза терді ғана сүйетін игі мақса­тымыз біздің».

«Елге жақсы мінез, таза білім, басқа тұр­мыстарына керек жеріне еңбек сіңір­сек», «түпкі ойымызға жетуімізге кедергі аз болады».

Бұл үзінділер жас болса да «ғылым жолында ізденіп іс қылған, данышпан­дық жол ашқан» (Әлихан Бөкейхан ора­лымы), яғни дәріс оқыған, халық соты болған, «Алгебра» оқулығын жазған, геологиялық барлау экспедициясына қатысқан, замана зиялыларымен кеңескен Қ.Сәтбаевтың ой өрісінің кемелдігін танытады. Оның төте жазумен жазған қолжазбасы Қазақстан Президент архивінде сақтаулы.

Ұлт мұраты жолында үздік ұйымдас­тырушылық, төтенше қайраткерлік, жой­қын алапат қаһармандық еңбегімен қызыл­көз, ала ниет қауымды да мойын­датқан Қ.Сәтбаев Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының тұңғыш президенті лауазымына тағайындалған еді. Замана желі қалай соқса да, кейде әлемге әйгілі ғұлама Ұлықбектің «кімде-кім барлық ғылымға жетік болса, медресені сол басқарады» деген сөзі рас-ау!

Ғылым тірегі мен халық тілеуінің алтын жамбысы ғасыр перзентінің өмірін­дегі ең бір тарихи оқиға – КСРО Жоғар­ғы Кеңесі депутаттары делегациясы­­ның құрамын­да 1947 жылдың 13 науры­зы мен 11 сәуірі аралығында Ұлыбри­та­нияға Лордтар палатасы мен Қауымдас­тар палатасының шақыруымен баруы. Делегация жетекшісі ВЦСПС пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесі­нің төрағасы В.В.Кузнецов және жазушылар А.А.Фадеев, К.М.Симонов, К.М.Бажан, В.Т.Лацис, ұшқыш-сынақ­шы М.М.Громов, ВКП(б) ОК сыртқы сая­сат бөлімінің бастығы М.А.Суслов, академиктер П.А.Шария, Н.И.Мусхелиш­ви­ли, ақын С.В.Векилов. Ұзын саны 20 қай­раткер.

Қаныш Сәтбаевтың «КСРО Жоғар­ғы Кеңесі депутаттары делегациясы­ның 1947 жылдың 13-наурызынан 11-сәуі­ріне дейін Англияда болғаны туралы есе­бінде» Британия парламентінің қос палатасының шақырғаны және жоспар­ды ағылшын үкіметі жасағаны, көмір шахталарында, металлургия өндірістерінде, машина жасау, тоқыма фабрикаларында болғаны баяндалады. Және КСРО-мен мәдени байланыстар ұйымдастыру қоғамының мүшелерімен, ағылшын-кеңес, шотланд-кеңес ұйымдарымен кездесу көзделгенін көрсеткен. Сондай-ақ ағылшын парламентінде, ағылшын портында, Лондон графтық кеңесінде, «Кодак» фотоаппарат фабрикасында, Лондон университетінде, Британ музе­йінде, Король қоғамында, оқу және азық-түлік министрлігінде, 1902-1903 жыл­дарда Ленин тұрған ауданда, электр жаб­дықтары, болат құю, металлургия зауыттарында болған. Жалпы, Ньюкасл, Шеффилд, Кардифф, Манчестер, Окс­форд, Кембридж, Стратфорд, Коветри, Эдинбург, Глазго сынды әйгілі шаһар­ларын аралағанын тәптіштеп жазған.

Ағылшын елінің саяси жүйесі, сырт­қы саясаты, экономикасы, ғылымы, мә­­де­ниеті, көркемөнері, КСРО-ға көз­қарасы (түрліше әлеуметтік топтар­дың), әкім­шілік басқару тәртібі, лейборис­тік өкіметі, Қауымдастар және Лордтар пала­та­ларының қызметі, ағылшын бұқара­­лық ақпарат құралдарының жай-жап­­сары, елді мекендердің хал-ахуалы, тұр­мысы, әл-ауқаты, шотландықтар мен ағыл­­шын­дардың арасындағы ұлттық антаго­низм (шотланд мәдениеті мен тілін кемсіту), зиялылар қауымы турасында бағалы мәліметтерді келтіреді.

Ньюкасл қаласының мэрі, лорд-лей­тенант, лейборист Чарльз Травельян, Эдин­бург қаласының мэрі (аты-жөні ­жа­­зылмаған), ағылшын парламентінің ескі көзі, шотланд, лейборист Кирквуд, Анг­лия­ның Премьер-министрі К.Р.Эттли, профессор Уэбстер, жазушы Бернард Шоу пікірлері де ескерілген.

КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттары делегациясын Уинстон Черчилль Иден мен Элиотпен бірігіп қабылдағанын да айтып өткен (ҚР Президентінің Архиві, Қор – 309-НЛ, Тізбе 2, Іс 167). Есеп орыс тілінде жазылған, мәшіңкеге басылған, көлемі – 19 бет.

Сәтбаев құбылысы – ғұламалық те­рең­­дік пен планеталық ойлаудың шынайы үйлесімі. Мұның нақты айғағы, айнасы – оның атына берілген Сәтбаев планетасы. Астрофизиктердің анықтауынша, бұл – Марс пен Юпитердің аралығында қозғалып, Күнді 3 жыл, 4 ай мерзімінде айналып шығады. Яки, Күннен санағанда төртінші және бесінші планетаның арасында. Диаметрі – 11 шақырым. Сыртқы сұл­басы – ойлы-қырлы, бұрышты, түсі – қарасұр. Орбиталық элементтері есептелген. Бұл планетаны КСРО ҒА Қырым астрофизикалық обсерваториясының аға ғылыми қызметкері Н.Черных тауып, сонан соң АҚШ-тың Кембридж қала­сындағы Смитсон институтында орна­ласқан Халықаралық планета орталығы мақұлдаған. «Көкке бір кісі ұшады, ете­гіне мың кісі сияды» дегендей, бекзат та  бай­тақ жұртымыздың бүгінгі және алдағы деңгейі Сәт­баевтың арманындай биік болады деп сенеміз.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор