Аймақтар • 26 Ақпан, 2024

Гемодиализ орталығы ашылды

110 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл іске мұрындық болған – Сарқан ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылының азаматы. Ол жергілікті халықтың өтініш-тілегін ескере отырып, Сарқан аудандық аурухана базасында гемодиализ орталығын іске қосты. 60 млн теңге жеке инвестиция салған кәсіпкер Азамат Доланбаев жетісулық атпал азаматтарға үлгі болды.

Гемодиализ орталығы ашылды

Кім болсаң да, қайда жүрсең де туған жеріңді ұмытпаған абзал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен ауыл­ға сол топырақтан түлеген азамат­тардың жаны ашуы керек екенін айтқан еді. Себебі сырттан ке­ліп ешкім құшақ жаймайды. Сон­дықтан кәсіпкердің ерлігі көңіл сүйіндіреді.

Сарқан ауданы әкімдігінің мәлі­метінше, меценат аудандық аурухананың бос тұрған үй-жайы­­­­ның шағын бөлігіне жөн­деу жұмыстарын жүргізіп, гемодиа­лиз қызметі үшін арнайы жабдық­тар әкеліп орнатқан. Ор­талық ор­наласқан алаңның көлемі – 85,2 шар­шы метр. Орынды жалға алу ақы­сы мемлекеттік бюд­жетке төленеді.

Осылайша, 19 мың тұрғыны бар Сарқан қаласында бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан адамдардың қанын тазалап, қалыпты өмір сүруін қам­тамасыз ететін орталық іске кірісті. Бұрын сырқаттар гемодиализ алу үшін Сарқаннан 151 шақырым жердегі облыс орта­лығына қатынайтын болса, енді оларға алысқа жол тартудың қа­жеті жоқ. Тұрғындардың мерейі тасып, көңілі алып-ұшып жүр. Әуелі орталықтың ашылуымен тұрғындарды аудан әкімі Ғалым­жан Маманбев құттықтап, елжанды азаматқа алғысын білдірді.

«Осы уақытқа дейін ауданда мұндай орталық болмағандықтан, созылмалы бүйрек аурулары бар азамат­тардың Талдықорған қа­ласына баруына тура келді. Жол алыс емес, дегенмен кезек кү­тіп, сырқат адамның әрі-бері қа­­ты­науы оңай емес. Оның үс­ті­не қалаға ауыл-ауылдан ем із­деп келетіндер қаншама? Адам өмірі – ең қымбат құндылық, денсаулық ешқандай ақшамен өлшенбейді. Осы ретте Азамат бауырымыздың игі ісіне алғыс білдіремін», деді Ғ.Маманбаев.

Орталықта Германияда жа­сал­ған құрал-жабдықтар орна­тыл­ған. Мұнда бір мезгілде 4 нау­­қас ем қабылдай алады. Ме­дициналық қызмет тегін ме­дициналық көмектің кепілден­дірілген көлемі аясында МӘМС жүйесі арқылы тегін көрсетіледі. Тұрғындар алдын ала дәрігердің анықтамасы арқылы тексерілуіне болады.

«Емдеу үдерісі әр адамға ап­тасына 3 рет жүргізіледі. Бір сеансқа шамамен 4 сағат жұм­салады. Бүгінде Сарқан ауда­нынан бөлек Ақсу және Ала­көл аудандарының жақын аймақ­тарының науқастарын қоса алған­да 10 азамат ем алып жатыр. Олар­дың денсаулығы жіті қада­ғалауымызда. Қалада көрсеткен ем-домды осында алуға болады», дейді дәрігер Олжас Байжанов.

Алматы қаласының «Bios» клиникалық базасынан арнайы білім алған білікті дәрігер әріп­тесі Мұрат Бөлегеновпен бірге орталықта науқастарға арнайы медициналық көмек көрсетеді. Қазір қос дәрігерге қаралуға асық алыс-жақын аудандардан келген халықтың қарасы көп. Олар арнайы кезекпен келіп, тексеріліп жатыр.

Осы ретте жетісулық дәрігер­лердің ісіне адалдығын айта кету керек. Әрине, медицина саласында күнделікті әртүрлі жағдайлар орын алып жатады. Оның бәрі­не ақ желеңділерді кінәлай берге­німіз дұрыс емес. Мәселен, өт­кен жылдың желтоқсан айында Үштөбе қаласындағы үйлердің бірінде жылу жүйесінің жары­луы салдарынан 2017 және 2021 жылы туған екі бала термия­лық күйік пен жарақат алған еді. Сөйтіп, қос бүлдіршін Көпса­ла­лы облыстық балалар ауруха­на­сы­на ауыр жағдайда түскен еді. Дә­рігерлердің дер кезінде көрсет­кен медициналық көмегінің нәти­жесінде екі бала да аман қалды. Оларға медициналық авиация желісі бойынша көмек көрсетіліп, балалар реанимацияда ем алды.

«Дененің 85 пайызы термия­лық күйік алған бала реанима­ция бөлімінде бақылауда бір ай болды. Оларға жоғары техно­логиялық медициналық көмек көрсетілді. Бүгін бала үйге аман-есен шығарылды. Оның інісі реа­нимация бөліміне бет, мойын, кеуде қуысының алдыңғы жағы, екі жоғарғы аяқ-қол аймағында, дененің алдыңғы қабырғасында, төменгі екі аяқтағы күйікпен түскен болатын. Сәтті емдеуден кейін 12 қаңтарда ауруханадан шығарылды», дейді балалар хирургі Даурен Тасболатов.

Оның айтуынша, дененің 40 пайыздан астамы күйік алған жағдайларда өте ауыр жарақат болып саналады. Бұл балаларда дененің зақымдануы 80 пайыздан асқан. Қайта дәрігерлердің біліктілігімен оңалған.

Талдықорған қаласының реа­ниматолог, травматолог және хирург дәрігерлердің кәсіби және жанқиярлық әрекеттерінің нә­ти­жесінде ғана балаларда аса ауыр асқынуларды болдыр­май, зақымдалған аяқ-қолдардың функцияларын толығымен қал­пына келтіре отырып құтқарды. Бүгінде кішкентай пациенттердің өмірі мен денсаулығына ешқан­дай қауіп төніп тұрған жоқ.

 

Жетісу облысы