Аймақтар • 26 Ақпан, 2024

Ақкөлдіктердің қуанышы

162 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Уақытында аудан орталығы ретінде аты дүркіреген Ақкөл ауылы тәуелсіздіктің елең-алаңында талай қиындықты бастан өткерді. Жылдар жылыстаған сайын жергілікті атқарушы билік елді мекен тұрғындарының талап-тілегін ескеріп, әлеуметтік мәселелер оңынан шешіле бастады. Енді, міне, ауыл тұрғындары талай жыл «жырлаған» көгілдір отын мәселесі де шешімін тапты.

Ақкөлдіктердің қуанышы

Талай мықты тұлға дүниеге келген Ақкөл ауылында жалпы саны 411 аулада 2 242 адам қоныстанған. Бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары дәл осы қуанышты сәтті жылдар бойы күтті. Сол үміт­ті ақтап, жергілікті билік уәдесін орын­дап, ауыл тұрғындарын қуантып отыр.

Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев ақкөлдік ағайынның қуанышына ортақ­тасты. Көгілдір отынды көптен күт­кен тұрғындармен жүздескен облыс бас­шысы Талас ауданының өзге де ауыл­дарындағы әлеуметтік мәселелерді реті­мен шешу жұмыстары алдағы уа­қыт­та да толассыз жалғаса беретінін, ха­лықтың мұң-мұқтажын тыңдауға қа­шан да әзір екенін айтып, жергілікті жұртшылықты табиғи газдың ауылға жетуімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев жергілікті атқарушы билік өкілдеріне халықтың тұрмыс-тірші­лі­г­ін барынша жақсарту қажеттігін тап­сырғаны мәлім. Осы тұрғыдан алған­да еліміздің әр қиырында ауқымды жұ­мыстар қолға алынып, оң нәтиже беріп жат­қанын күнбе-күн көріп жүрміз де­сек, қателеспейміз. Біздің басты мақса­тымыз – өңір жұртының үніне құлақ асу, мәселелерді дер кезінде шешу. Та­лай тарлан тұлға дүниеге келген Талас ауда­нындағы түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуге біз қай кезде де күш салуға дайынбыз. Бүгін аудандағы ірі елді мекендердің бірі саналатын Ақкөл ауылында табиғи газ пайдалануға беріліп отыр. Бұл – ауыл тұрғындары ұзақ жылдар бойы сарыла күткен қуаныш. Елді мекен халқын осы бір қуанышты сәтпен құттықтаймын. Жақсы күндеріміз көп болсын», деді Е.Қарашөкеев.

Іс-шара барысында сөз алған Ақкөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев сөз алып, жергілікті халықтың қуанышына ортақ­тасқан өңір басшысына ризашылығын жеткізді.

Талас ауданы әкімдігі баспасөз қыз­меті келтірген дерекке жүгінсек, аймақ­тағы өзге де елді мекендерді көгіл­дір отын­мен қамту бойынша ауқым­ды жұ­мыстар атқарылған. Осы жыл­дың ба­сында Қызыләуіт және Ақтөбе ауыл­дары тұрғындарының талап-тілегі ескеріліп, елді мекендер көгілдір отын жүйесіне қосылыпты.

Кейінгі жылдары кезінде аты дүркі­реген Ақкөл ауылына жергілікті билік тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп жатыр. Ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.

«Ауданымыздағы іргелі ауылдардың бірі саналатын Ақкөл ауылы халқының көкейкесті мәселелерін шешу бойынша нақты жұмыстар қолға алынғанын айта кеткен жөн. Мәселен, 2021-2023 жылдар аралығында елді мекендегі 20 көшенің жолы жөндеуден өткізілді. Жаяу жүргіншілерге арналған жол жолақтары қалыпқа келтірілді. Қазіргі кезде көшелерді толыққанды жарық­тандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков.

Ресми дерекке жүгінсек, облыс аумағындағы елді мекендерді табиғи газбен қамту мақсатында өткен жылы 11,8 млрд теңге қаржыға 11 жоба іске асырылған. Оның алтауының жұмысы 2024 жылға өтпелі. Қазіргі таңда өңір халқын табиғи газбен қамту үлесі 91,1 пайызға жеткен.

Ауылдарды көгілдір отынмен қамту жұмыстары биыл да сәтімен жалғаспақ. Осы жылы 11 ауылда тұратын 17 мың халықты табиғи газбен қамту көзделіп отыр. Нәтижесінде, көгілдір отынмен қам­тамасыз етілген өңір халқының қара­сы 92 пайызға жетеді екен.

Аудандық әкімдік өкілдері келтірген дерекке жүгінсек, Талас ауданында Қаратау қаласын қоса есептегенде 23 ел­ді мекен бар болса, соның 18-і газдан­дырылған, яғни көрсеткіш 75 па­йызды құрап отыр. 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланған.

 

Жамбыл облысы,

Талас ауданы