Жануарлар • 28 Ақпан, 2024

Ақбөкенді атқандар...

436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ ақбөкенді киелі жануар санайды. Содан да болар, ел арасында ақбөкенді атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген наным бар. Басына қаншама зобалаң туғанымен, бұл жануар сан жыл бойы тұқымын сақтап қала алды. Осының өзі ақбөкендердің өмірге өте бейімділігін, өсімталдығын аңғартады.

Ақбөкенді атқандар...

Ақбөкендер мамыр айының 10–15-і аралығында жаппай төлдей бас­тайды. Осы кезде ауа райы бұзы­лып, жауын-шашын болады. Қа­зақ­тар табиғаттың бұл құбылысын «Құралайдың салқыны» деп ата­ған. Ақбөкен әдетте егізден төлдейді. Құралайдың енесі басқа жануарлар секілді лағының шаранасын жалап аршымайды, шарана жауынның ­суымен шайылып кетеді немесе жел қағып, кеуіп барып түседі. Жаңа туған лақтар жарты сағаттан кейін ене­сін еміп, екі-үш сағаттан соң аяқ­танып кетеді, ал туғанына екі күн бол­ған құралайды жеңіл көлікпен қуып жете алмайсыз.

Ата-бабамыз киелі санаған жа­нуарды заңсыз аулайтындардың азай­май тұрғаны қынжылтады. «Қы­зыл­ кітапқа» енген жануарларды жа­­уыз­дықпен атып алатындардың ба­сым бөлігі айыппұлмен ғана құ­тылып ке­тіп жатыр. Әкімшілік жа­заға тар­тылып, айыппұлын төле­ген әккілер көп ұзамай-ақ аңшы­лық «кәсібіне» қайта оралады. Өт­кен жылы Түркістан облысында бірнеше аңшының заңсыз іс-әрекеті әшкереленді.

ап

Былтыр әлеуметтік желілер­ге жап­пай тарап кеткен ақбөкен­дер­ді атып алғандардың видеосы көп­тің наразылығын тудыр­ған еді. Видео­дағы адамдардың бірін жергілікті тұрғындар Түркістан ­облысы ли­цен­зиялық-рұқсат беру қызметін бас­қаратын полиция қыз­меткеріне ұқ­сатқан. Ол аңшы­лық қаруды қада­ғалауға да жауапты болатын.

Облыстық полиция департа­мен­­тінің баспасөз қызметі жақында бірнеше браконьердің ұсталғанын, олардың арасында кезекті демалыста жүрген полиция қызметкері болғанын жоққа шығармады.

«Полиция департаментінің тәр­тіп сақшылары «Қаратау» орман шаруа­шылығы қызметкерлері­мен бірге жүргізген рейд кезінде Сауран ауданының аумағында заңсыз аң аулаумен айналысқан жер­гілікті тұрғындарды анықтады. Қылмыстық істе оқиға орнынан тәркіленген ет бойынша жануар түрін және оның өлімінің себебін анықтау мақсатында тиісті сараптама тағайындалды. Ұс­­талған­дар­дың бірі кезекті демалысында жүрген полиция қызметкері екені анықталды. Сараптама қоры­тын­дысы және жүргізілген тергеу әрекеттері бойынша полицейдің және басқа да азаматтардың іс-әре­кет­теріне құқықтық баға беріледі. Бұл істі тергеу департамент бас­шылығының жеке бақылауын­да тұр. Ал заңсыз аңшылық жаса­ған полиция қызметкеріне қатыс­ты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр», дейді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Өткен жылы да облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі бас­қармасының табиғатты қорғау инс­пекторлары мен «Охотзоопром» қызметкерлері «Уылдырық» іс-ша­расы кезінде ақбөкендерді заңсыз атып алған браконьерлерді қолға түсірген еді. Жергілікті полиция қыз­меті басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықовтың айтуынша, бірлескен рейд кезінде полиция қызметкер­лері суыт жүрген мотоцикл жүргізу­шісі мен жолаушысын байқа­ған. Сезіктілердің соңынан қуып, тоқ­татып, тексерген кезде екеуінің заң­сыз аң атып алғаны әшкере болады. Олардан «Қызыл кітапқа» енген сегіз ақ­бөкеннің тұтастай еті алынып, тір­келмеген бір аңшы мылтығы мен 14 ақ­бөкеннің мүйізі тәркіленді. Ұс­талған екі азаматтың Созақ ауда­нының жергілікті тұрғыны екені де белгілі болған. Аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынған күдіктілердің үстінен Қыл­мыстық кодекстің 339-бабының 2-бө­лігі «Өсiмдiктердің немесе жа­нуарлардың сирек кездесетiн және құ­рып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» және 337-баптың 4-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүр­гізіліп жатыр.

Әдетте ақбөкенді браконьерлер мүйізі үшін аулайды. Мүйізден Шығыс медицинасы түрлі дертке дауа болатын шипалы дәрі жасайды. Тіпті бір кездері ақбөкендердің мүйізін сыпырып алып, жануардың өзін қансыратып қоя берген жауыз­дықты да көрдік. Сондықтан ар мен аяушылық сезімді ысырып тастаған аңшылар бұл істі кәсіпке айналдырып алған. Ақбөкеннің еркегінде ғана болатын мүйіздің құны да қымбат көрінеді.

 

Раушан НАРБЕК,

журналист