Тәрбие • 27 Ақпан, 2024

Ұлттық құндылықтардың жарасымы

966 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әр елдің өзінің жеке-дара, ешкімге ұқсамайтын ұлттық құнды­лы­ғы­­ бар. Осы құндылықтарды баланың бойына сіңіру арқылы оның Отан­ға деген құрметін, патриоттық сезімін қалыптастыруға бо­ла­ды.­

Ұлттық құндылықтардың жарасымы

Ол балдырғанның жарық дү­ние есігін ашқан сәтінен бастала­ды. Бесік жыры, есейген сайын­ үйренетін әндері, жырлары, бала­ның тіршілігіне еніп отыратын бас­қа да рәсімдер оны жеке тұлғаны қа­лып­тас­тырудағы ең қажетті элементтер.

Өскелең ұрпақты ұлттық құн­дылықтарға сүйене отырып, бала кезінен тәрбиелеу керек. Мұн­дай тәрбиені көргендер ертең «елім, жерім» дейтін жастарға жүгінетіні сөзсіз. Себебі ұлттық құн­дылықтардың негізгі көріністері пат­риотизмнен, отбасының тұтас­ты­ғынан, қоғамға пайдасынан тұ­рады. Тарихқа келер болсақ, әжелеріміз бен аналарымыздың білім мен тәрбие берудегі рөлі орасан зор екенін байқаймыз. Осын­дай аналардан Абай, Мағ­жан, Шәкәрім, Бауыржан сияқ­ты алыптар дүниеге келген.

Бүгінгі таңда, біз оқушы­ларымыздың бойына сабақ барысында ұлттық құндылықты сіңіру үшін ұлттық киімдерін кигізуге, саналарына ата-бабамыздан қалған тәлім-тәрбиені енгізуге атсалысып жатырмыз. Апта сайын ұлттық ойын ойнатып, салт-дәстүрімізді жаңғырту үшін түсіндіру жұмыстарын өткіземіз. Қыздарымыздың шашына шашбау тағуы, шолпыларының баулары қос бұрымдарына өріліп тұрғаны көздің жауын алады. Шолпы тағу арқылы қыздарымыз жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастырған. Ондай уақытта балалар мектеп ішінде бейберекет жүгірмеуге тырысатынын да байқап жүрміз. Бұл да еңбегіміздің кішкентай болса да жемісі деп білемін.

Мектеп дегенде көз алдымызға ақ жиде, көк белдемше киген шәкірттеріміз келетіні белгілі. Десе де, қазіргі таңда ұлттық нақыштағы киімді жылына бір рет наурыз мерекесінде ғана емес, мектептегі шәкірттеріміздің бірдей үлгіде киіп жүргендігі қуантады. Бұл орайда мектептің ішкі тәртібіне келісіп, балаларына киім алып беріп отырған ата-аналарымызға да айтар алғысымыз шексіз.

Ұлттық құндылықты насихат­тай отырып, білім берудің түпкі мақ­саты – жеке тұлғаның өмірін бағ­дарлауға көмектесу. Шә­кірт­теріміз есейген сайын қоғамға жоға­ры дәрежеде үлес қосады деген сенім­деміз.

Тәртіпті, тәрбиелі бо­лып­­ қа­лыптасуы үшін ұлттық құн­­­­ды­­лықты дәріптеу – білім беру ісін­­дегі бірегейліктің не­гіз­гі ката­ли­заторы. Өйткені бұл азамат­тарымызға өз елінің ерек­­ше­ліктерін, бірегейлігін баға­лауға, бола­шақта оның демо­кра­тиялық дамуына, басқа да даму үдерістеріне белсене атса­лы­суға көмектеседі. Оқу-ағарту министрлігі сол үшін де білім беру институттары арқылы түрлі схема мен бағдар­ламаны қолға алды. Бұл бағ­дар­ламалар оқу­шы­ларға әртүрлі аймақ­та­ғы тілі басқа, діні бөлек, салт-дәстүрі де ерек­шеленетін адамдармен қарым-қатынас орнатуға, сондай-ақ пат­рио­тизм, әлеуметтік жауап­­кер­­шілік және азаматтық сана се­зім­­дерін дамытуға мүмкіндік береді.

 

Жанар Сәрсенбаева,

Алматыдағы № 209 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі