Қоғам • 29 Ақпан, 2024

Туған күнін төрт жыл күтеді

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін – 29 ақпан. Төрт жылда бір келеді. Бұл жыл – 366 күнге созылып, «кібісе» деп аталады. Біз аса мән бермеуіміз мүмкін. Бірақ дәп осы күні дүние есігін ашқан жандар «нағыз» туған күнін тағатсыздана күтеді. Бүгін – қарағандылық озат оқушы, өнерлі өрен Айару Жандосқызының да туған күні.

Туған күнін төрт жыл күтеді

М.Жұмабаев атындағы мектептің 6-сыныбында оқи­тын Айару Серік – оқуда озат, өнерге де жақын. Бала ке­зінен биге қатысқан. Бірнеше ха­лықаралық жарыстардың жеңімпазы – «Шолпан» би-ансамблінің ең үлгілі би­шісі. Теннис ойнауға тез бейім­делген балдырған бос уақы­тында волейболды да ойнайды. Әнді де әуелете шырқайды.

– Айару ақпанның 28-інен 29-ына қараған түні сағат 00:20-да дүниеге келді. Отбасымызбен көп ойланып, 28 ақпан деп жаздыруды өтініп сұрадық. Себебі туған күнінің төрт жылда бір келетінін түсінбей, көңіліне ала ма деп ойладық. Барлық бала туған күнін асыға күтеді. Айару да ай санап, туған күнін алдын-ала жоспарлап жүреді. Қандай сыйлық күтетінін айтады. Сол себепті, біз төрт жылда бір рет қана атап өтпей, жылда түнгі 12-ден соң құттықтауды дәстүрге айналдырдық. Ба­сын­да толғатқанда іштей тіле­ген едім, дәп осы күні дү­ние­ге келмесе екен деп. Бірақ Алланың дегені болды. Сосын өзім де аман-есен босанған соң, қуандым. Ерекше күні дүниеге келді ғой, оның үстіне тұла бойы тұңғышымыз. Қызымыздың тағы бір ерекшелігі солақай. Ән де айтады, би де билейді. Жұл­дызы жарқырайтынына сене­міз, – дейді Айарудың анасы.

«Қазір волейбол мен тен­нисті доғара тұруға тура келіп тұр. Өйткені мен Назарбаев мектебінің ем­ти­ханына дайын­далудамын. Оған қоса, үй­дің үлкені бол­ған­дықтан, екі ба­уыры­м мен сіңіліме қарап, ана­шыма көмектесемін. Әкем мені мақт­ан тұтатынын жиі айтып, болашағыма үлкен сенім артады», дейді туған күн иесі.

Астрологтер 29 ақпанда дүниеге келген адамдар таң­даулы, талантты әрі ерекше қабілетке ие екенін айтады. Егер жан-жағыңызда бүгін дү­ниеге келген Айару се­кіл­ді жақыныңыз болса, құт­тық­тауды ұмытпаңыз!

 

Қарағанды облысы