Орталықтың ашылуында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек күрделі геосаяси, экономикалық және өңірлік жағдайларда аналитика, сараптамамен жұмыс істеудің өзекті екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Ғылым және жоғары білім министрлігі «MIND» ғылыми-талдау орталығының жобалары мен бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.
Ал министрден соң сөз алған Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев ғылыми орталыққа қатысты ойын: «Қазіргі уақытта университет оқытушылық бағыттан зерттеу бағытына көшуге арналған жаңа даму стратегиясын әзірледі, ал «MIND» қолданбалы ғылыми зерттеу орталығы – осы стратегияның ажырамас бөлігі», деп жеткізді.
Орталықтың ашылуы аясында «MIND»-тің кейбір ғылыми зерттеулерінің нәтижелері таныстырылды және соңында ғылыми орталық бойынша экскурсия өткізілді, оның барысында бірқатар халықаралық ұйыммен, мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік компаниялармен әріптестік келісімдер жасалды.
Орталықты ұйымдастырушылардың ақпаратына сүйенсек, «MIND» орталығы Орталық Азия мен жалпы әлемде тұрақты дамуға ұмтылу және қолданбалы зерттеулер жүргізетін сарапшыларды біріктіру мақсатында құрылды. Сондай-ақ орталық тәуелсіз қолданбалы зерттеулер жүргізу, стратегиялық шешімдер қабылдау сапасын дамыту, кеңес беру, әріптестік орнату және «MIND» институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейді. Ал талдау орталығының құндылықтары жүргізіліп жатқан зерттеулердің тәуелсіздігінен, академиялық адалдықтан, ынтымақтастық пен серіктестіктен, ашықтықтан, қоғаммен байланыстан және нәтижелерге қол жеткізуден тұрады. Сонымен қатар «MIND» орталығы – аталған университет пен Парламент Сенатының бірлескен жобалық кеңсесі. Бұл өзекті заңнамалық бастамаларды әзірлеуге ықпал етеді.