Онкологтер, нейрохирургтер мен кардиохирургтер, эндокринолог, аллергологтер мен генетиктер және басқа да бағыттағы 30-ға жуық дәрігер екі күн бойы қарағандылық науқастарға медициналық көмек көрсетеді.
Ынтымақтастық келісімнің мақсаты – аймағымыздағы медициналық қызмет сапасын жақсартып, ақ желеңді жандардың кәсіби біліктілігін көтеру. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бұл меморандумның өңір үшін маңызды екенін атап өтті.
– Президент Іс Басқармасының Медициналық орталығы – денсаулық сақтау саласындағы көшбасшы құрылымның бірі. Біз дәрігерлеріміздің кәсібилігін бірлесіп арттырамыз. Жемісті ынтымақтастыққа және алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге үміттенеміз, – деді облыс әкімі.
Аталған орталық басшысы Алексей Цой Астанаға Қарағандыдан келген, Қарағанды медицина университетінде білім алған мамандардың көптігін айтады.
– Алдағы уақытта бірлесіп Жол картасын әзірлеу міндеті тұр. Біз медицина қызметкерлерін заманауи оқыту, менеджмент стандарттарын енгізу, сондай-ақ практикалық денсаулық сақтау, алғашқы медициналық-санитарлық көмек мәселелерін бірге пысықтаймыз. Пациенттердің медициналық көмекті басқа жерге бармай, облыстың өзінде емделуін қамтамасыз ету – негізгі міндетіміз. Бұл үшін аймақта бар жағдай жасалған, заманауи жабдықтар орнатылған. Әкімдік денсаулық сақтауды жаңғырту жұмысымен жүйелі түрде айналысып келеді. Дәрігерлердің кәсібилігі де – жоғары. Тек бұрын жасалмаған белгілі бір бағыттар бойынша оқыту, үйрету керек. Қарағандылық мамандар тез игеріп кетеді деп ойлаймын. Ең бастысы – мамандар арасында тығыз деңгейде байланыс орнату. Жағдайы ауыр науқастарды бізге жіберуге болады. Біздің медициналық орталық МӘМС жүйесі арқылы тегін көмек көрсетеді. Дегенмен науқастың өз өңірінде емделуіне, бұл үшін жергілікті жерде барлық жағдайды жасауға басымдық беріледі, – дейді А.Цой.
Медициналық орталық мамандарының Қарағандыға келетіні екі-үш апта бұрын хабарланған.
– Орталық мамандарына жағдайы ауыр науқастар туралы деректер алдын ала ұсынылды. Соған сәйкес тиісті бағыттағы мамандар келді. Алдағы бір-екі күн мамандар үшін де, науқастар үшін де нәтижелі болады деп ойлаймын, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.
Меморандумға қол қойғаннан соң елордалық қонақтар профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға барып, бөлімшелерді аралап, клиника жұмысымен танысып шықты.
Қарағанды облысы