Өндіріс • 29 Ақпан, 2024

Сұранысы мол өнім

210 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қолымызда – «Shosa» ЖШС шы­ғарған жиһаз тіреу өнімі. Бір қара­ғанда, қарапайым көрін­ген осы бұйым Қазақстан асып, Ресей­дің көптеген қаласына тарайды. Әуелде бұған сенбегеніміз рас. Бара көрмекке бекіндік. Қала сыртына жақын өндіріс ала­ңын­да орналасқан цех жұмысы­мен та­нысқанымызда, алғашқы күмәнді ойдан арылдық.

Сұранысы мол өнім

Жоба үш жігіттің жетекшілігімен бас­талған. Олар – Алмат Шайманов, Сәкен Айқұмбаев, Саян Сәдуақасов. Кәсіп­кер жігіттер бизнес бастау, оны іске қосу, соның ішінде өз елімізден шық­пай­тын тауарды ойластырғанда, алдымен осы өнім ойға оралған. Нәтижесі жаман емес. Арнайы бизнес-жоспар дайындап, мемлекеттік бағдарлама арқылы 150 млн теңге несие алыпты. «Даму» кәсіп­кер­лікті дамыту қоры арқылы 6 па­йыз жеңілдікпен берілген мұндай қаржыға Қытай елінен үш түрлі заманауи станок алдырған. Сонымен қатар ол жақтан арнайы мамандар келіп, жаңа технология­мен автоматтандырылған құрылғыны оқыту һәм игеру курстарын да үйреткен.

Бізге цехтың ішкі жұмысын Саян таныстырып жүрді. Айтуынша, идея 2022 жылы пайда болған. Бастаудың сәті былтыр түсіпті.

апр

– Бұл – корпустық жиһаздың тіреуі, яғни қазақшалап айтсақ, «аяғы», – деді қолындағы пластик өнімді көрсеткен Сәкен. – Құрастырмалы зат. Әр үйдің асханасында немесе өзге бөлмеде тұратын шкафтардың астына орнатылады. Еденнің тегістігіне қарай тіреуді арнайы кілтпен реттеп, осы арқылы жиһазды қалыпты әрі түзу тұрғызуға болады. Бұрын бұл өнім Германия, Польша, Италия сияқты сырт мемлекеттерден Ресей арқылы келді. Өзімізде бұрын-соңды шықпаған. Қазір өзіңізге белгілі, саяси жағдайларға байланысты көршімізге санкция салынды. Сондықтан еліміздің барлық өңірі бізге тапсырыс береді. Ресейдің 7-8 қаласына, яғни Екатеринбург, Омбы, Түмен, Новосібір, Мәскеу қалаларына жол шығынын өзіміз көтере отырып жібереміз. Өнімнің сапасы немістер дайындаған дәл осындай жиһаз «аяғының» сапасымен бірдей, – дейді.

Оның айтуынша, жиһаз астына бекітілетін осы тіреудің салмақ көтеру мүмкіндігі де арнайы тек­се­рістен өтеді. Мысалы, шетелден келетін осы зат 300 келіге дейін сал­мақты көтерсе, отандық өнім 500 келіге дейінгі (шкаф пен оның ішіндегі затты қоса есептегенде) сал­мақ­қа төтеп береді. Сондай-ақ бағада да үлкен айырмашылық бар. Бұрын елден шықпайтын бұл тіреуіш­тердің әрбір данасы 250-300 теңгеден сатылса, мұнда бар-жоғы 100 теңге ғана.

Қазір цехта 10 адам жұмыс істей­ді. Бір күнде жеті-жеті жарым мың дана жиһаз «аяғын» шығаратын цехтың бір айлық мүмкіндігі бұдан да көп. Мысалы, кейінгі уақытта орта есеппен ай сайын 60-70 мың жиһаздың тіреуіш-аяғы көтерме бағамен сатылған.

– Бұл – жиһаздың бір бөлшегі.  Ал жиһаз түзу әрі орнықты тұру үшін астын­да­ғы тіреуіштің ма­ңызы ерекше. Әдепкіде тапсырыс берушілер отандық өнімге сенімсіздікпен қа­рағаны рас. Қазір ондай күдік жоқ. Шыны керек, асхана мен бөлме жиһаздарын тапсырыспен іс­тей­тін жекелеген шағын немесе орта деңгейдегі барлық цех біздің тіреуішті пайдаланады. Ал жиһаз фаб­рикалары мен оны сатумен айналысатын компаниялар одан да көп тапсырыс беріп жатады. Дұрысы, үлкен компаниялар бірден көтерме бағамен алып, есік-терезе мен шкафтарға қажетті қосымша (тұтқа, топса деген секілді) бұйымдарды сататын шағын дүкендерге өз бағасымен таратып отырады, – дейді Саян.

про

Өндіріс орнына келетін шикізат та елімізде шығады. Үш жыл бұрын Аты­рау қаласында ашылған, мұнай қалдықтарын қайта өңдеп, пластик бұйым­­дарға қажет­ті жиыр­мадан астам қажетті затты шыға­ратын «KPI» ком­­паниясымен келі­сім­­шарт­қа отырған цех иелері қал­дықсыз биз­­­несті іске асырып отыр. Мысалы, мұнай өнімдерінен қалған шикізат-қал­­дық­тан  (полипропилен деп аталады) жиһаз бөлшегін шығарып, одан ауысқан қалдықты қайта өңдеп, арнайы полиэтилен қаптама дайындайтын өндіріске сатады.

Бір жақсысы, аталған цехқа Астана қаласындағы кә­сіптік-техни­калық колледж студенттері жиі келіп тұ­рады. Тіпті арнайы оқу-тәжіри­бе­ден өткендері де бар. Ал бұл жобаның техникалық мамандыққа қызыққан жастардың келешек биз­нес бастауына шабыт беретіні анық. Кәсіпкер Саян өзінен кейінгі буын­ның қол қусырып бос жүруіне алаң­даушылықпен қарайды. Қандай да бір мемлекеттік органдар тарапынан қолдау болса, кәсіпті кейінгі жас­­тарға үйретуге де уақыт бөлер едік дейді. Айтпақшы, серіктестік жа­қында тағы бірнеше жобаны іске асыр­мақшы. Бірақ басты кедергі – қаржылық қолбайлау.

– Әрине, мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес. Әңгімемнің басында айтқандай, біз үш жігіт болып бастаған жұмысымыз ақы­рындап дөңгеленіп келеді. Үшеу­міз­дің өзі­міз бөліп алған функциямыз бар. Мысалы, мен цех жұмысымен, өнім дайындаумен айналыссам, Сәкен өңірлер мен Ресейге өнімді сату жұ­мыстарына жауап береді. Ал Алмат цехтың жарнамасын жүргізіп, өнімге тапсырысты көбейту үшін жұмыс жүргізеді. Айта кетейін, біз бүгінде инвестор іздеп жатырмыз. Өйткені цехты үлкейтіп, одан ары дамыту жоспары алдымызда тұр. Ұсынған жобаларға қызығушылық танытар инвестор болса, Қазақстанда көп табыла бермейтін өнімдерді бірлесе шығаруға әзірміз. Отандық кәсіпке ұдайы көмек берілсе, сыртқы им­портқа тәуелді болмай, ішкі қа­жет­тіліктің барлығын өзімізден шы­ғарып, бизнеске басымдық бере­тін жігіттер бізде көп-ақ, – дейді кәсіпкер.

е

Расымен, іс көзін тапсаң, қазір өзіңе де, елге де жұмыс тауып беріп, жағдай жасауға әбден болады. Ал тауар сапасына баса мән беретін цехтың өнімі елге елеусіздеу көрінсе де өңір экономикасына серпін беріп, өтімділігі жағынан да алдыңғы орын­­нан көрініп отырғаны рас. Бас қа­­ланың өзінен шығып жатқан өн­ді­ріс орнының аймақ қазынасын арттырудағы алар орны ерекше деп білеміз.