Денсаулық • 29 Ақпан, 2024

Елімізде АИТВ жұқтырғандардың 90%-ында вирус ауыртпалығы басылған

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктемнің алғашқы күні – 1 наурыз ЮНЭЙДС-тің мұрындық болуымен «Нөлдік кемсітушілік» күнімен басталады. Осы жылдың ұраны – «Әрбір адамның денсаулығын қорғау үшін – әрбір адамның құқығын қорғау қажет».

Елімізде АИТВ жұқтырғандардың 90%-ында вирус ауыртпалығы басылған

Фото: unaids.org

Мемлекетіміздің АИТВ-ға байланысты құқық қорғау, кемсітудің кез келген түріне жол бермеу туралы кепілдіктері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексте заңнамалық деңгейде бекітілгені баршаға аян.

Қазіргі таңда елімізде АИТВ-инфекциясының алдын алу, тестілеу, емдеу мен күтімді қамтамасыз етуге бағытталған ЮНЭЙДС 95-95-95 стратегиясы жүзеге асырылып келеді. АИТВ жұқтырып алғандардың 82%-ы өзінің жағдайын біледі, оның ішінде 88%-ы антиретровирустық терапия (АРТ) қабылдайды, АИТВ-ахуалды 90%-ында вирустың ауыртпалығы басылған. 

Ең бастысы еліміздің барлық өңірлерінде профилактиканың инновациялық әдісі – жанасуға дейінгі түрі енгізіліп жатыр. ЖИТС, туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі Жаһандық қор жобасының арқасында АИТВ-ның алдын алу жөніндегі өңірлік орталықтардың 15 зертханасы автоматтандырылған ПТР жабдықтарына қол жеткізді. Жыл сайын халықтың осал тобына жататын инъекциялық есірткі қолданатындар, жыныстық қызмет көрсететіндер, ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар АИТВ-ға тексеріліп жатады. Барлық медициналық талаптарды орындаған жағдайда, АИТВ-ахуалды әйелдердің 98%-ы өмірге дені сау бала әкеле алады. Сол сияқты науқастарға диагноз қойылғаннан кейін бірден тағайындалып, тегін берілетін АРТ бұрынғыдан да қолжетімді.

«Егер қоғамда АИТВ-ға қатысты теріс көзқарастар мен кемсітушілік белең алмағанда, осы нәтижелердің салмағы әлдеқайда жоғары болуы мүмкін еді. Сондықтан әлі де алалауды толығымен жоюға назар аудару қажет. Бұл АИТВ-инфекциясын жұқтыру қарқынын айтарлықтай төмендетуге ықпалын тигізеді»,  дейді  ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Бауыржан Байсеркин.

Ал биыл, 2024 жылы «Нөлдік кемсітушілік» күні әлемде оныншы рет аталып өтіледі. Әр адамның құқығын қорғау – біздің ортақ міндетіміз. Егер әркімнің құқығы қорғалса, біз АИТВ-ны толығымен жоя аламыз.