Білім • 29 Ақпан, 2024

Әл-Фараби университетінің қысқы PR мектебі ЮНЕСКО-ның Білім күніне арналды

201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коммуникацияның маңызы артқан сайын нарыққа кәсіби білікті PR мамандар қажеттігі байқалып отыр. Университетте академиялық білім мен практикалық дағдыларға машықтандыру қатар жүргенде сапалы мамандар даярланады. Осындай мақсатпен ұйымдастырылған халықаралық III Қысқы PR мектебінде цифрлық PR және БАҚ, жасанды интеллект технологиялары, климат өзгерісі сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Мектеп аясындағы «Халықаралық журналистика және PR апталығында» халықаралық, отандық медиа, қоғаммен байланыс сарапшыларының шеберлік сағаттары өтті.

Әл-Фараби университетінің қысқы PR мектебі ЮНЕСКО-ның Білім күніне арналды

Фото: kaznu.kz

Қысқы мектептің ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Л.Еркінбаева университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Ж.Түймебевтың атынан мектеп жұмысына табыс тіледі.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 10 жыл бойы БҰҰ «Академиялық ықпал» (UNAI) тұрақты даму бойынша Жаһандық хаб бағдарламасын басқарып, университеттің «үшінші ұрпақ» маңызды миссиясын табысты жүзеге асырып келеді. Университет халықаралық QS рейтингінде 230-орында. QS Asia университеттері рейтингі бойынша 29-шы сатыда. Қысқы мектеп университеттің тұрақты даму саласындағы стратегиясына үлес қосады», деді проректор.

Журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев мектеп барысында қамтылатын тақырыптардың маңызына тоқталып, тағылымды, пайдалы шара спикерлерінің кәсіби мамандар екендігін атап өтті.

Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов: «ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының соңғы өткізген кездесуінде біз ынтымақтастықтың маңыздылығын сезіндік. Кафедраның көтерген проблемалары Орта Азия елдерінде үлкен қызығушылық туғызды. Қырғызстанның журналистік білім беретін жетекші төрт жоғары оқу орны журналистерді даярлау сапасын арттыру үшін ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы әзірлеген курстардың негізінде Коммуникацияны дамыту Халықаралық бағдарламасының ресурстарын қырғыз тілінде белсенді қолдана бастады. Бұл қуантарлық жайт. Осындай шаралар болмаса білім сапасын арттыруға арналған тұрақты платформаларды дамыту күрделі болар еді», деді.

Іс-шараға қатысқан журналист Нұрлан Нұрғазин ұлттық PR-ды дамыту туралы өзекті мәселені қозғаса, «Қазақстан тұрақтылық қоры» АҚ Сыртқы коммуникациялар қызметінің бас менеджері Айбар Олжай қаржы саласында жаңа технологияны меңгерген, аудиториямен жұмыс істей алатын қазақ тілді мамандардың қажеттілігін баса айтты.

Түркітілдес журналистер қорының президенті Назия Жоямерген салалық журналистиканы дамыту, жасанды интеллектің қолданылуы, журналистің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне тоқталды.

Түркияның Еуразиялық мәдениет және спорт ынтымақтастығы қауымдастығының президенті Ахмет Түзүн Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің  студенттеріне Түркияның ірі бұқаралық ақпарат құралдарында тағылымдамадан өтіп, кәсіби білімі мен тәжірибесін арттыруға қолдау көрсететіндігін білдірді.

Қысқы мектеп журналистика факультетінде 5 наурызға дейін гибридтік форматта жалғасады.

 

Назгүл Шыңғысова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі