Таным • 01 Наурыз, 2024

Наурыз мейрамы: Тұжырым мен шешім

528 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Бүгінгі оқырманның сауаты мен сәуесіне сенгендіктен, мақаламызда тәптіштеп, егжейлеп баяндаудан гөрі, Наурыз мейрамына қатысты танымдар мен дәйектерді тұжырымдап жеткізуді жөн көрдік. Көзіқарақты оқырман қалғанын өзі толықтырып, санасына тоқитыны сөзсіз.

Наурыз мейрамы: Тұжырым мен шешім

Фото: adebiportal.kz

Мейрамның мәртебесі

ХХ ғасыр басында негізі қалана бастаған Алашорда мемлекетінің идео­логиясына алғышарт есебінде Наурыз мерекесінің уақытына қатысты тартысты 22 наурызға тіреп, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан нүкте қойып, 1915 жылдан бас­тап қоғамдық ортада бекіді.

рп

1920 жылы 26 наурызда Түркістан республикасының Атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов №406 бұй­рығымен юлианша күнтізбемен 9 наурыз, григорианша 22 наурыз бүкілхалықтық «Көктем мерекесі», «Наурыз» болып бекітілсін деген шешім шығарып, саяси сабақтастық ресми сипатқа ұласты.

Наурыз мейрамының ұлттық рухты көтеретін қасиетін аңдаған Сталин билігі 1926 жылдан бастап бұл мейрамды ресми мерекелеуге астыртын тыйым салды. Ресми түрде шешім әзір табылған жоқ.

Алайда елдің көптеген өңірінде бұл мереке бейресми түрде атап өтіле берді. Тек қана «наурыз» атауының орнына енді «амал», «қамал» деген кезекші сөздер қолданылды. Батыс өңірде юлианша 1 наурыз, григорианша 13-14 нау­рызда көже асылып, бірін-бірі халық көрісіп құттықтаса, оңтүстік өңірде григорианша күнтізбемен 1 наурыздан бастап «тілеукөже» асып, «уызмереке» атап жалғастыра берді.

Қазақ елі тәуелсіздік алу қарсаңында Қазақ КСР президентінің 1991 жылы 15 наурыздағы Жарлығымен күн мен түннің теңелген мезгілін «Көктемгі халықтық мереке – Наурыз мейрамы» ретінде ресми тойлау бекітілді. Ал 2009 жылы 22 сәуірде «Мерекелер туралы» заңына өзгерістер енгізіліп, Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында атап өтілетін болды.

Сондай-ақ бұл айтулы мереке 2016 жылы Қазақстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрік­менстан, Түркия, Өзбек­стан елдерімен бірге көпұлтты аталым бойынша «Нау­рыз. Мерекелік дәстүр» деген мәр­те­бемен ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентатив тізіміне енгізілді.

Дегенмен, Наурыз мерекесі соңғы 30 жыл бойы өзінің толыққанды келбетін көрсете алмай келді: көбінесе этнографиялық сипат пен сахналық қойылымнан әрі аспай, азаматтық мейрамның мазмұны қалыптаспады.

2021 жылғы 5 қаңтардағы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «...Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынған еді.

Одан соң Мемлекет басшысы 2024 жылы 3 қаңтарда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек» деп бұл тақырыпқа қайтадан оралды.

 

Наурыз мейрамының қос сипаты

Бүгінгі Наурыз мейрамында ескеріл­мей келген екі бірдей мазмұн бар: біреуі түркілік мүшелдік Жыл басы, екіншісі Күн мен Түннің теңесуі ретіндегі адамзаттық таным. Бұған дейінгі Наурыз мейрамы біржақты ғана соңғы танымды ескергенмен, халық жадындағы «Амал келді – жыл келді» деген тәмсілмен мүшелдік жылдың межесі де Наурыз мерекесімен ұштасып жатқандығы рас еді. Осыдан келіп толыққанды мерекенің жартылай мазмұнын халқымыздың өзі шашау шығармай, тыйым салынған «нау­рыз» атауын «амал», «көрісу» деп 14 наурызда ежелгі ғұрыпты мейрамның басты жоралғысы ретінде атаумен келеді. Қысқасы, Наурыз мейрамы әубаста мүшелдік Жыл басымен бас­талып, Күн мен Түннің теңесуімен аяқталған ресми нұсқасы болған. Бұл туралы Бұқарада оқыған кезінде 8 күндік (юлианша 1-8 наурыз аралығында) мерекеге қатысқан белгілі жазушы, фольклоршы, діндар әулиеміз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазып қалдырды.

шш

Сайып келгенде, Наурыз – прото­түркілік онекімүшелдік күнтіз­бенің бас­ты рәсімі болатын.

Ежелден келе жатқан прототүркілік таным бойынша жыл мезгілі 90 күндік төрт маусымнан тұрады: көктем, жаз, күз, қыс. 90 күндік қыс 13 нау­рыз­да шығып, 14-не мүшелдік жаңа жылмен бірге көктем мезгілі кіреді. Міне, осы қос айтулы танымды ата-баба­мыз шеберлікпен жымдастырып, тұтас­ты­ра мейрамдаған. Мұның зерттеуі толық­қан­ды болмағандықтан, идеологиясы ашылмағандықтан, соңғы кездері ұшқары, қате, шатасқан ұғымдар мен атау­лар шығып кетті. 21-22 күндері Теңелім мерекесі делінеді де, ал ешбір үзілмей аталып келе жатқан мүшелдік жыл басы «амал», «көрісу» деген қарабайыр атауға ілікті. Себебі, Колбиннің рұқсатымен өткен 1988 жылғы алғашқы ресми Наурыз мейрамы түркілік Жаңа жылды қарастырмаған болатын.

 

Наурыз бен Мүшелдік күнтізбе

шш

Енді аспан ілімінің айғақтарына жүгінейік. Птолмейдің «Альмагест» еңбегінде Қамал (амал, қамал – қазақша,) жұлдызы шоқжұлдызға енбеген­дер­дің қатарынан және ол жылжымайтын жұлдыздардың бірі. Гиппарх «тұмсықтағы жұлдыз» атаса, ертеде ол «тас төбедегі жұлдыз» деген атаумен танылған. Тағы бір дереккөзде Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы сары жұлдыз кейде «Тоқтының екінші мүйізі» аталған.

Наурыздың қазақ үшін басты мәні – жылдың ауысуы. Күн-Түн теңесі­мінен бұрын, наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түркіше – Қозы/қоды, М.Қашқари) шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал/Қамал жұлдызына беттейді, онымен «көріседі». Мұның әсері жерге беріліп, жыл маусымы ауысады – көктем шығады, мүшелдік жыл алмасады. Жыл алмасу Күн мен Түннің теңелуіне қатысты емес, осы айтылған аспандық үдеріске қатысты. Бұл юлианша – 1 наурыз, григорианша – 14 наурызға келеді.

Этнограф ғалым, белгілі географ Шоқан Уәлихановтың қазақы күн­тізбені үш тілде келтірген астроло­гиялық сызбасында юлианша 1 наурыздан бастайды. Ал наурыз айы қәзіргіше 14 наурыз екені мәлім.

чсч

Шәкәрім Құдайбердінің баласы Ахат Шәкәрімұлының естелігінде: «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді...

Аталған жыл ауысу күнтізбесін XVIII ғасырға дейін дүние жүзі мойындаған: христиандық Рождествомен жыл ауыстырғанға дейін, Рим империясы мен Ресей патшалығы күнтізбесін 1 марттан бастаған. Бұл күнтізбе – бүкіладамзаттық сипаты бар құндылық. Демек, Юлиан күнтізбесі мүшелдік күнтізбенің басталуымен парапар болып тұр және мейлінше ғылыми негізі бар.

Наурызды зерттеу барысында мүшелдік танымды да қамтуға тура келеді, оны айналып өту мүмкін емес. Сонда байқағанымыз, онекіжылдық мүшел танымы жылға ғана қатысты емес, он екі айға да таралады екен. Тіпті ай атаулары да сол ізбен аталғанын байқауға болады.

«Халық календары» еңбегінің авторы М.Ысқақовтың жазуына қарағанда, Бируни мен Ұлықбектің келтірген мағлұматтарында мүшелдік ай атаулары болған, олар былай аталыпты:

1) октябрь – кешку немесе күску (мағынасы – «тышқан),

2) ноябрь – ут немес ұд (сиыр),

3) декабрь – барыс,

4) январь – тувушқан немесе табышқан (қоян),

5) февраль – ұлу немесе нек (айдахар),

6) март – ыйлан (жылан),

7) апрель – юнед немесе юнд (жылқы),

8) май – қон (қой),

9) июнь – бічін немесе січен (мешін),

10) июль – доқұқ немесе тақығу (тауық),

11) август – іт (ит),

12) сентябрь – лағзын (доңыз).

Негізі қазақ күнтізбесінде тарихта март айын «Амал» деп те атаған. Яғни парсылық күнтізбенің ықпалы да жүрген: һүт, март – һамал, апрель – саратан, май – зауза... деп кете береді.

 

«Амал» һәм жыл басы

Қазақтың жаңа жылын Күн-Түн теңелісімен дәйектеушілер 21-22 наурызда дейді. Бірақ Ресейдегі 1917 жылғы революцияға дейінгі фольклорда,тіпті қазіргі әдебиетте де жыл басының көктемге сәйкес келетіні айтылады, жырланады. Ешбір туынды Күн мен Түн теңесімін бұған қатысты әңгіме етпейді. Неге? Себебі, қазақтың жыл ауысымы көктем мезгілімен бір келеді. Бұл дәстүр ортаазиялық ғылыми-әдеби туындыларда әбден орныққан. Бұл да Амал/һамал айының келуімен тікелей байланысты астрологиялық үдеріс. Қазақтағы «Амал келді – Жыл келді» дейтін тәмсіл, көктеммен бірге ғана жаңа жыл келеді деген ұғымды меңзеп тұр. Көктем Күн мен Түннің теңелуінен 8-9 күн бұрын келеді. Күн мен Түн күзде де теңеледі, бірақ неге жыл алмаспайды? Мәселе Күн мен Түн арбасуының уақыттың жаңаруына қатысы жоқтығында! Бұл ежелгі диалектикалық таным, күнек пен түнек, ақ пен қара арбасуы, үйлесімі – бұл аса ежелгі қоснегізді танымдық пәлсапалық құндылық! Алайда бұл таным көктемде жаңа жылмен қабаттаса келеді. Содан жұрт шатасады.

Амал айының Наурыз мейрамына, жаңа жылға қатыстылығын әйгілейтін әдеби жәдігерлер қыруар. Күн мен Амал жұлдызына қатысты көктемнің келуін ортаазиялық ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде былайша суреттейді:

«Ғаламның Күні кезіктіріп Тоқтыдағы Қамалды,

Қар мен мұзды ерітіп, аласапыран басталды.

Аяз бенен қарға бөккен ел еді...

Қарашы енді: Күн келеді, Күн келеді!»

Ортаазиялық уақыт өлшеуші орын ертеден Бұқар хандығындағы жұл­дызшылардың есебімен «Бұқар есебі» ретінде мойындалған. Өйткені көп уақыт бойы бұқарлық математиктер мен астрономдар ешкімге дес бермеген. Соның бірі – Омар Хаям.

Наурыз мерекесінің бастау уақытын нақтылап жоғарыда Шәкәрімұлы Ақаттың естелігінен үзінді келтірдік. Мұны белгілі әулие, жазушы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеев былайша қол­дайды: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде (ескіше 1-8 наурыз аралығы – С.Е.) болдым...» – деп Наурыз мерекесі де, ай да бүгінгі 14 наурыздан басталатынын және ресми 8 күн және бейресми халықтық мейрам бір айға созылады деп дерек береді.

Белгілі фарабитанушы Ақжан Машанов өзінің «Әл-фараби» тарихи деректі кітабында «нау» сөзіне қатысты былайша ашып көрсетеді: «Ал айдың тоғыс (аял) жұлдыздарының туғаны мен батқанын нау деп атайды. Демек, нау туралы дау туады. Ол дау астрономдар, есепшілер арасында атам замандардан бері бітпей келе жатқан дау. Сондықтан «нау құрымай, дау құрымас деген» деп тілімізде сақталған белгілі тәмсілді ашып береді.

 

Мерекенің түркілік негізі

Наурыз мейрамын парсытілді «Наурызнама», «Шахнаме» секілді жазбаларға қарап, парсының мерекесі деген қасаң пікірдің қалдығы әлі де қалмай келеді. Алайда бұл мейрамды ежелгі Шумер мемлекетінің де атап өткендігі, тіпті Мексикадағы Теотиуакан мекеніндегі ацтектерге жатқызылып жүрген Ай мен Күнге арналған пирамидаларды тегін нәрсе деуге болмайды. Сондықтан Күн мен Түннің бір-бірін толықтыратын қос негіздің төркіні десек, онымен бірге мерекені де ешкім меншіктей алмас.

к

Бұл тақырыптың, сондай-ақ баба­түркілерге де тән жағы аз емес,тіпті айқын етерлік айғақ та бар. Мұны бес мың жыл бұрынғы тасқа қашалған Алматының солтүстік-батысындағы 170 шаршы метр жердегі Аңырақай жотасындағы Таңбалы жартаста қашал­­ған компози­циялық петроглифтен бай­­­қауға әбден болады. Күндидарлы Тәңір мен түнкейіпті Іңір – бір-біріне құ­шақ жайып көрісіп тұр; олардың орта­сында Сиыр жылының төрт мау­сымы бейнеленген, бұлардан төмен он екі мүшелдің кейпіндегі 12 бейне қол ұстасып билеп жүр. Бұл – қола за­манынан да ерте неолит дәуіріне жете­лей­тін дерек және бұл бүгінгі Наурыз мерекесінің толық тарихи куәлігі, төлқұжаты деуге болады!

САҚТАР айтулы күнді қалай қарсы алған? Күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балалардың саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жылды құрайтын әрбір тәуліктің келешегін алдын ала жақсарту үшін 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, елдің, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Квинт Курций Руф. Поход Александра. б.з.д. І ғ.

ҒҰНДАР мерекені қалай бастаған? Белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы, Мәскеудегі архивте көрген қытайша жазуға сүйеніп, «Қазақпарат» агент­­тігіне берген сұхбатта былай­­ша сурет­тейді: «Қытайлардың жаз­ға­ны­на қарағанда, ғұндардың хандары – тәңірқұттар Наурыз басталатын күні тау басына шығып, ұясынан жаңа көтерілген күнге қол жайып, тілек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайыр­ған­да, тәңірқұттың арқа жағын ала қолында қобызы бар абыз отырады. Тәңірқұт дұғасын оқып болғанда, абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Ол күй тартып болғанда, оның соңын ала отырған 365 күйші бір-бірден күй тартады.

ТҮРКІЛЕРдің наурызы. Махмұт Қашғари: «Көшпелілер өз жаңа жылдарын тойлағанда, барлығы бір ауылда жиналып, өткен ескі өшпенділіктерін ұмытып, қару-жарақтарын тастап, бір-біріне ізгі тілектерін айтады».

ҚАЗАҚТАРдың бас таңды қарсы алуы. Қазақтар Қыдыр түнін ұйқысыз өткізіп Бас таңды қалай қарсы алады? «... Жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жас­тар мәз-мейрам болысады...» Ақселеу Сейдімбекұлы. «Қазақ әлемі».

 

Көрісуге қатысты дәйектер

н

Көрісу салты есте жоқ ескі заманнан бар екен. Оны жоғарыда келтірген Таңбалы петроглифінен де анық байқаймыз. Тәңір мен Іңір бір-біріне құшақтарын жайып тұр.

1736 жылы Әбілқайыр ханның ордасында болып, бірнеше сурет жидасын салып, тарихымызға елеулі үлес қалдырған ағылшынның суретшісі Дж. Кестел көрісу ғұрпын бейнелеген: екі ер кісі қолдарын алған күйі арнайы рәсімдік қимылмен көрісуде, олардың артында тізе бүккен әйел қос қолын бүгілген тізеге салып сәлем етуде.

нг

Абай Құнанбайұлы әйгілі «Жазғы­тұры» өлеңінде қазақтың жаңа жылды қарсы алатын көрісу салтына қатысты жолдары бар:

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Көрісуге қатысты Ахмет Байтұр­сынұлы да қалам тартқан:

«Келгенінше құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта көрісіп кәрі-жасы.
Көңі­­­лі түгел адамның сен келген соң,
Самар­­қанның елжіреп түскен тасы».

  Бұрмаланған танымдар

Материалдық танымға негізделген ғылым барлық ғұрып пен салтты қара­ба­йыр қалыпқа түсіріп түсіндірумен келді. Тоталитарлық диктатураға бағы­ныш­ты ғылым Көшеген халықтың терең танымын танығысы келмеді, оны паш етуден қорықты.

Кеңестік этнография Алтыбақан ғұр­пын ұлттық ойын деп сендірді. Алай­да мұнда ойынға тән ереже жоқ, бар болғаны кешкісін құрылған алтыбақан таң атқанша ойын-сауықтың сайманына айналады. Мәні неде? Ежелгі бас таңды қарсы алудан қалған мәнінде. Тербелетін қыз бен жігіт – Түнек пен Жарықтың, ай мен күннің рөліндегі аналық-аталық негіздердің кейпі болатын. Бұл аса ежелгі танымның сарқыты еді!

Бастаңғы. Халықтың ұйықтамастан бас таңды қарсы алуы. Қыз-келіншектер дастарқан жасап, «Ұйқыашар» әзірлеуі, жігіттер бөлек жиналып, жарлары мен ғашықтарына «селтеткізер» дайындауы, егделерге «Белкөтерер» өткізілуінің бәрі ежелгі сақ-ғұн бабалардан қалған баталы жоралғы болатын. Енді бізге осы мол дүниені заманауи қалыпқа түсіріп, өзіміз де, өзге де таңғалардай танымдарымызды тұжырымдап, қызығын көретін уақыт келді.

 

Серік Ерғали,

мәдениеттанушы, этнолог