Тұлға • 29 Ақпан, 2024

Ұлт руханиятының бәйтерегі

190 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Нағыз тарих адам баласы пайда болған сәттен басталады. Ал оның мәні де, сәні де, тіпті нәрі де – жа­сампаз тұлғалар. Біздіңше, адам эволюциясында жер мен та­биғат факторынан кейінгі орында тұлғалар, олардың ақыл-ойы, жасампаздығы, қайраткерлігі тұр.

Ұлт руханиятының бәйтерегі

Қазақ тарихы тұлғалардан кенде емес. Біз ажалды жеңген Қорқыт атамен, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабимен, ұлы ойшылдармен қатар тұрған Ә.Бөкейханмен, жер-жаһанға Абайды танытқан М.Әуезовпен мақтанамыз. Бұлар – плане­тарлық құбылыс пен құнды­лықты туындатушылар.

Халқының, мемлекетінің тағдырына бетбұрысты өзге­ріс әкелген, интеллектуалды бай­лығына баға жетпес олжа салған, ғасырларды аттап, қоғамдық санада аңыз адам мәртебесімен сақталған тұлғалар алдында мәң­гілік қарыздар екенімізді ұр­пақтан-ұрпаққа аманаттауымыз керек.

Міне, ХХ ғасырдағы тап осындай тұлғалардың қатарында кімдер бар дейтін болсақ, олардың бірегейі – Сәкен Сейфуллин. Оның Абай армандаған «Толық адам» екендігіне айғақ-дәлел көп. Бүгінде қазаққа қазақ ата­уын қайтарғанын ғалымдар дә­лелдеді. Іс қағаздарын қазақ тіліне аударуға бас-көз болған қайраткерлігі, мемлекеттік шекарамызды анықтауға тікелей араласқаны, үкімет басшысы­ қызметінде отырып, партия­лық тыйымға қарамастан А.Бай­тұр­сынұлының 50 жылдық то­йын ұлықтағаны барша қазаққа мәлім. Қазақ әлемінің білімпазы һәм жанашыры Ақселеу Сейдім­бектің құлагер ақынға қарсы Барақбайлардың дауысы естіле бастағанда-ақ: «Сәкен жалғыз «Тау ішінде» әнімен ұлт тарихына кірген», дегенін өз құла­ғым­мен естіген жанмын.

Руханият саласындағы Сәкен­нің ізашарлығын Ғ.Мүсіре­пов­тен асыра айтқан суреткер жоқ шы­ғар, сірә. «Поэзия, проза, драма – осы үш жанрда, – депті Ғабаң, – Сәкен еңбек етті. Сол уақытта «бұлай болу керек, олай болу керек» дей қойған Сәкеннен басқа жазушымыз жоқ біздің. Кейін бәріміздің ой-санамыз, біліміміз толыққан сайын Сәкен бастаған шаруаны кеңейтіп, тереңдетіп әкеттік».

Қылышынан қам тамған то­талитарлық дәуірдің өзінде жа­ңашылдығымен, қара қыл­ды қақ жарған әділдігімен халқының риясыз махаббатына бөленген Сәкенді тәуелсіз Қазақстанның кейбір азаматтары «большевик еді, Алашты сатты» деген сөздермен тұлғасын төмендеткісі келе­тіні жаныма батады.

Негізсіз жала. Колчактың түр­месінде отырғанда да, НКВД шеңгеліне ілінгенде де Сәкен ешкімді сатпаған. 70–80 жыл бойы арнайы архивте құпия сақталып келген құжаттармен танысқан маман ретінде айтарым: соңғы демі таусылғанша ұлы тұлға заңсыздыққа, зорлық пен жүгенсіздікке қарсы күре­су­мен болды. 1937 жылы анти­ке­ңестік ұлтшыл контрреволюционер дегені үшін тергеушіге кісендеулі қолымен ұмтылған екі «халық жауы» болса, біреуі – С.Сейфуллин. Тергеу барысында әріптестері мен серіктері туралы айтылған бірен-саран қиғаш мойындауларынан сот­та­ғы соңғы сөзінде бас тартты. Жеке басқа табыну сынала бас­тағанда осы соңғы сөзі біраз адам­ды ақтауға (мәселен, жазу­шы Г.Серебрякованы) негіз болды.

Иә, қайраткер Сәкен со­циа­­­­листік құрылыс жаршысы болғаны ақиқат. Бірақ ол туған халқын шексіз сүй­ді. Ұл­тына қызмет етуде, ұл­ты­ның болашағына алаң­­да­­­­уында алаштықтардан еш айыр­ма­шылығы жоқ. Мұны Алаш кө­семі Ә.Бөкейхан да айтқан бо­­латын. Мәскеу түрмесінде 1937 жылы 6 тамызда берген жауабында­ Қазақстанның басшылары­ С.Қожанов, Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасұлы – бәрі ұлтшыл, алашордашыл деген екен. Қазақ өлкелік партия ко­митетінің хатшысы С.Қожановпен аса маңызды мәселелерді ұлт мүддесі тұрғысынан шешіп отыр­ғанын айтуы кездейсоқ­тық емес. Большевиктік ба­ғыт­­тағы Н.Төреқұловпен, Н.Нұрмақовпен тығыз байланыста болғанын жасырмаған.

Ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойғаны қызыл сұңқар Сәкеннің партия теориясы мен практикасына сын айта алғанынан көрініп тұр.­ Ол лениндік электрлен­діру жос­па­ры Қазақстанның ерек­­ше­лігін ескермейтінін, ауыл ша­­руашылығын ұжымдастыру асы­ра сілтеумен жүзеге асқанын өле­ңімен де, қара сөзімен де жет­кізді. 1929–1931 жылдары көте­рі­ліс­ке шыққан халықты қорғауға ба­рын салды.

Халқымыздың ардақты азаматына қатысты зерттеулер, естеліктер, құжаттар баршылық. Негізгі дені ақталғаннан кейін жа­рияланды. Бұларда әсіре­леу, жағымпаздану, көңіл жық­пастыққа салыну дерттері жоқ. Адалынан, шын көңілден жа­зыл­ған дүниелер.

Уақыт шіркін тоқтаған ба? Қазақтың «тар жол, тайғақ ке­шуін» білмейтін ұрпақ өсіп шықты. Олардың Сәкендей тұл­ғаларға қатысты тарихи санасы мен танымын шатас­тырып алмайық. Бұған қол жеткізудің ең дұрыс та қысқа жолы – есімі мен ісін ұлықтау. Әсіресе тікелей араласумен дүниеге келген нәтижені түсіндіре алсақ, құдайдың жөні болар еді. Кейінгі жылдары мәселені шешудің тамаша тәжірибесі жинақталды. Абай облысы, Қонаев қаласы, Мағжан Жұмабаев ауданы тә­різді әкімшілік-аумақтық бірлес­тіктердің құрылуымен тұлға­танудың өзекті міндеті шеші­мін тапты. Осындай күнге же­туді Жаңаарқа ауданының тұрғындары армандайды. Бір­не­ше жылдан бері ардагерлер ауданға С.Сейфуллин есімін беруді түрлі деңгейде көтеріп келеді. Өте орынды бастама. Өйткені олар ауданның құрылуы, бүгінгі атауы  әйгілі жерлестерінің тікелей араласуымен жүзеге асқанын жақсы біледі. Мұның сыртында 1936 жылы Сәкен есімі Семей педа­гогикалық институтына, Жарық темір жол бекетіне  берілген еді. Тоталитарлық өктемдік­пен алынып тасталды. Әділетті Қазақстан ел тұлғаларын бүгінгі және келешек ұрпаққа лайықты насихаттайды деп сенеміз. 

P.S. Осынау шағын мақаланы аяқтай бергенімде үстелімде жатқан «Азалы кітаптың» 9-басылымы көзіме түсті. Мұнда Алматы мен Алматы облысы аумағында «Үлкен террор» шегінде атылғандардың тізімі берілген. Сәкеннің 1938 жылы 25 ақпанда атылғанын білетінмін. Сол күні тағы кімдер атылды деген сұраққа жауап іздесем... Жаным шошыды. Тізімнен профессорлар С.Асфендияров пен Қ.Жұбановты, Орталық атқару комитетінің төрағалары Ұ.Құлымбетовті, С.Меңдешовті, наркомдар Т.Жүргенов пен С.Есқараевты, Алаш қайраткері Т.Жаманмұрыновты, Алматы обкомы мен қаласының бірінші хатшысы Ж.Сәдуақасовты көрдім. Бір-ақ күнде айдың-күннің аманында  халқымыз қара жамылған екен-ау деген ойға қалдым...

 

Ханкелді Әбжанов,

ҰҒА академигі