Шаруашылық • 01 Наурыз, 2024

Шаруаның көңілі неге күпті?

120 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жер емшегін емген диқанның көңілін күпті етер жай аз емес. Соның бірі – қолда бар техниканың тозығы жетуі. Өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының 55 пайызы пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, жамап-жасқап, кәдеге асырып келе жатқан техниканы дәтке қуат етіп отыр.

Шаруаның көңілі неге күпті?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Көктемгі дала жұмыстарына қамда­нуды бастап кеткен астықты өңірдегі об­лыс­тық ауыл шаруашылығы басқарма­сының ресми мәліметіне қарағанда, қа­жетті техниканың 80 пайыздан астамы дайындық сапында. Салмағын қағаз ғана көрсететін осы бір көрсеткіш шынтуайтында сәл күмән туғызады. Бастан жақты айырғандай етіп ара-жігін ажыратып айтатын болсақ, техниканы дайындау жөнінде ұйымдасқан үлкен шаруашылықтарда мүмкіндіктің бар екендігі рас. Оларда қажетті техниканы жөндеуден өткізе­тін машина-трактор шеберханалары бар. Қажетті бөлшектерге де қол жеткізе алады. Қасқалдақтың қанындай тапшы токарь, дәнекерлеуші мамандар да ұйымдасқан ірі шаруашылықтарда. Ал ауыл шаруашылығы құрылымдарының қақ жартысынан астамын құрайтын шағын шаруа бұл деңгейге таяу уақытта жете алмайды. Қазір көксау, ескі комбайнын, дәл керек уақытында мың салса бір бас­пайтын қаусаған тракторын қар басып жатыр. Сонда жоғарыда айтқан 80 па­йыз дайындық қайдан құралған дейсіз де. Шағын шаруа қожалықтары қар кетіп, жер аяғы дегдіген соң ғана тозған техни­касын жөндей бастайды. Тозуы жеткен тех­ника агротехникалық шараларды уақ­тылы атқаруға мүмкіндік бермейді. Гек­тар берекесінің өспей жатуы да осы се­беп­тен. Жер жарықтық қанша жомарт деге­німізбен, ол да «алаған қолым береген» дейтұғын қағиданы ұстанатын сыңайлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығының ахуалын таратып айта келе: «Ауыл шаруашылығы­ның дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәрі­міз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлін­беуі. Инвестицияның тапшылығы техника­ның тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнім­ді болмауына әкеп соқтырады. Сондық­тан ауыл шаруашылығына бөлінетін қар­жы­ны барынша, тіпті мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қара­жат тартқан жөн. Көктемгі егіс нау­­қа­нына және күзгі жиын-терінге жеңіл­­дікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвес­тициялық жобаларға бөлінетін жеңіл­детілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард тең­ге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 па­йызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арт­тыруға жол ашады», деп ең тү­йінді мәсе­лелерге тоқталған болатын.

Өңірде бұл тарапта жағымды жай да бар. Мәселен, өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 70 мил­лиард теңгеден астам қаржыға 2 195 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Кейінгі жылдардағы өзгеріс – ауыл шаруашылығы құрылымдары отандық өндіріс санатындағы техниканы сатып алса, жұмсалған қаржының 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Ал шетелдік техника алынса, оның 15 пайызы өтеледі. Бұл арадағы айырмашылықтың отандық тауарды қолдау ниетінен туын­дап отырғаны түсінікті және өте құптарлық.

– Ауыл шаруашылығын өркендету, әрине, кез-келген ұжымның материалдық-техникалық  базасына байланысты, – дейді Жақсы ауданындағы «Ажар» шаруа қожалығының басшысы Сәбит Әбішев.
– Жеке өзіме қатысты емес, жалпақ жұрт­қа тиесілі дүниені таратып айтуға болады. Қаусаған техникамен қыр аса алмайтынымыз белгілі. Науқандық жұмыс күйіп тұрған кезде техниканың бір тетігі істен шықса, қанша уақытың зая кетеді. Ал алқапқа тұқым өз уақытында сіңірілуі керек. Қолбайлау болатын осындай дүниелер егіс мерзімін ұзартып, ойға алған шаруаның оңынан оңғарылмай қалатын кезі жиі кездеседі. Қажетті техни­каң, құрылғыларың сақадай сай болма­ғаннан кейін егіншілік мәдениеті де көңіл көншітпейді. Міне, содан кейін гектар берекесі туралы айтудың өзі әбес. Қазір мен күнделікті тәжірибеде көріп жүрген дүниелерімді тілге тиек ететін болсам, ең алдымен, субсидия туралы айтар едім. Бұл мәселені Мемлекет басшысы да қолмен қойғандай етіп жеткізді. Ауылға көңіл бөлініп, ауыл шаруашылығын көтереміз дегелі қанша уақыт? Бірақ сол субсидия­ға шағын шаруаның қолы жете бермей­ді. Біз сияқты шаруа қожалықтары еңсе­сін көтеру үшін күзгі жиын-терін кезін­де өнімді лайықты бағаға сатып алатын ас­тық қабылдау орындары ашылса оң болар еді. Қыруар еңбекпен өсірген астық­тың бағасы бір жылы жақсы болса, келесі жылы төмен болады. Кеткен шығының­ды да өтей алмайсың.

Шағын шаруашылық басшылары тағы бір пікір айтып отыр. Егістік алқапта­ры шектеулі, айналымдағы қаражаты аз бол­ғандықтан, қымбат техниканы сатып ала алмайды. Демек бағзы бір замандағыдай машина-трактор стансалары құрылса қа­лай болар еді? Техникасы тапшы шаруа қожа­лығы науқандық жұмыс кезінде жа­ңағы стансалармен келісімшарт жасасып, егінін еккізіп, астығын орғызып алса. Ал машина-трактор стансасы мемлекет тарапынан берілетін субсидияны пайдалана берсін. Тығырықтан шығар тағы бір жол – бірігу. Мәселен, техникасы тозып, мүмкіндігі азайған шаруа қожалықтары ортақ техника алса. Оның ішінде егіс кешені мен комбайн. Әйтпесе, дәл бүгінгі бағамен шағын шаруаға астық комбайнын сатып алу арман ғана.

– Бүгінде көптеген шаруа ірі серіктес­тіктерге иек артып отыр. Өздерінің техникалары тозып біткен соң науқандық жұмыс кезінде ірі серіктестіктерінің көк­темгі егіс немесе егін орағын аяқтауын тосады. Өзінікін егіп болмай олар қолұшын бере қоя ма? Егін орағы кезінде уақыт тіпті тапшы. Ірі шаруашылықтар өзінің орақ науқанын аяқтағанша солтүстіктің апталап жауатын ақ жауыны басталып кетеді. Былтыр бірнеше ауданда осындай жағдай болды, – дейді агроном Қуат Болатов.

Ендігі бір мәселе – мемлекет тара­пынан қыруар көмек көрсетіліп жатқа­ны­мен, қаржының қолға кеш тиетіндігі. Ал уақыт күтіп тұрмайды ғой.

– Несие алғанмен, қаржы институттары кепілдік сұрайды, – дейді Сәбит Әбішев. – Өткен жылы құрғақшылық болып, табыс таба алмадық. Несиемізді төлеу де қиын болып қалды. Дәл осындай жағдайда құны 100 миллионнан астам жаңа комбайн алу біз үшін қиял ғана. Қазақта «ескіні пайдаланғанның есі кетеді» дейтін сөз бар емес пе, қазіргі көрген күніміз осы. Мысалы, менің шаруа қожалығым 150 гектар ғана алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңіреді. Бізде техника алатын мүмкіндік жоқ. Қожалықтағы алпыс бас қара малдың төлін сатып, егіннен шеккен шығынымызды өтеп қана жүрміз.

Дәл осындай жай көптеген шаруа­шы­лыққа тән. Ауыл шаруашылығының ахуа­лын жақсарту үшін кооператив үлгісінде ұйымдасу керек дейтін пікірдің жаны бар екенін осындай мысалдан көруге болады.

– Өткен жылы егін шықпай қалды, – дейді Ерейментау ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Қантай Аман­гелдинов. – Біздің жер таулы-тасты өңір ғой. Негізінде мал шаруашылығына қо­лайлы. Бірнеше жылдан бері ауыз толтырып айтатындай өнім ала алмағаннан кейін енді екпе шөп ексек пе деп отырмыз. Жайылым тарылып, шабындық азайған соң шөп те сұранысқа ие. Бірақ оған да қыруар техника қажет.

Алға басқан қадамды кері кетіріп тұр­ған ахуал оңғарылуы үшін жоғарыда айтылған бірер түйінді пікір төңірегінде ой­ласуға әбден болар еді. Әрине, бұл мәселе құзырлы органдардың еншісінде.

 

Ақмола облысы