Үкімет • 01 Наурыз, 2024

Нақты істің кезеңі

111 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға Парламент Сенатының депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Нақты істің кезеңі

Салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы Еңбек және ха­­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрінің орынбасары Олжас Ор­дабаев баяндады. Бүгінде барлық мем­лекеттік органдар жанынан 44 салалық кеңес құрылған. Олар­дың алдында нарыққа қажетті ма­ман­дықтар тізімін құру міндеті тұр.

Қазір мамандықтарға байла­ныс­­ты кәсіби стандарттарды бекі­ту бойынша жұмыс қызу жүріп жатыр. Қолданыстағы 219 стандарт өзектендіріліп, жаңадан 135-і дайындалды. Тағы 130-ы қаралып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі бұл істі жеделдету қажеттігіне назар аударды. Аталған кәсіби стандарттар біліктілік пен еңбекақы тағайындау жүйесін ретке кел­тіруі керек.

Қазіргі уақытта біліктілік анық­тамасы мен кәсіби стандарттар қатар қолданылып келеді. 2030 жылдан бастап еңбек нарығында тек кәсіби стан­дарт­тар пайдаланылмақ. Бола­шақ мамандарды дайындай­тын білім беру ұйымдары оқу бағ­дарламаларын кәсіби стандарт­тарға сәйкестендіруі қажет.

Бұл үрдісті цифрландыру «Career Enbek» платформасы арқылы жүзеге асырылмақ. Ал тү­лек­тердің меңгерген білі­мін тәуелсіз сертификаттау орта­лықтары бағалайды. Осылай­ша, сапалы кадр дайындау ісін же­т­ілдіру қолға алынады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі жанынан құры­лған Біліктілік жөніндегі ұлттық орган аталған жұмысқа толық жетекшілік етеді және сүйемелдейді.

Отырыс барысында Көлік, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, Қаржы, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің кәсіби стандарттар құру және салаға қажет мамандарды дайындау мәселелері талқыланды.

Вице-премьер ұлттық білік­тілікті көтеру жолында стан­дарттардың санына емес, сапасына баса мән беру керектігін ерекше атап өтті.

«Бұл бағытта нәтижелі жұмыс істеу үшін тиісті заң қабылданды. Барлығы оны орындауға тиіс. Экономика, еңбек нарығы біз­ден сапалы, білікті маман даяр­лау­ды талап етіп отыр. Біз оған қаншалықты дайынбыз? Сон­дық­­тан ресми шаралардан арылып, нақты іске кірісу қажет. Стан­дарт­тарды әзірлеу – бұл жұмыстың тек басы ғана. Соған сай оқу бағ­дарламасын өзектендіру, еңбек нарығы сұра­нысын ұдайы қада­ғалап, оны қанағаттандыру үшін жедел шара қабылдау қажет»,  деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Алдағы уақытта Кәсіби бі­ліктілік жөніндегі ұлттық кеңес аясында әр министрліктің ат­қар­ған шаралары жекелей қарас­тырылмақ.