1974 жылы 45 жасында Алматыда дүниеден өткен лирик ақын поэзиямен қоса аударма саласында да өнімді еңбек етті. Ақын Ертай Ашықбаев ақпан айы туғанда поэзия сүйер жұрттың Ізтай ақынның «Мен туыппын ақпандатқан боранда» өлеңін қайталап оқитынын, 1950-1970 жылдары қазақ өлеңіне ерекше жол салған Ізағаңның соңынан ілескен інілері Сағи Жиенбаев, Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбаевтың қазақ әдебиетінің тұғырын биіктеткенін атап өтті. Кезесуде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті доценті, философия ғылымдарының кандидаты Тілектес Тоқсанбаева Ізтай Мәмбетовтің аудармашылығын терең зерттеуді ұсынды.
Іс-шараға Ізтай бауырларының балалары Рита Байтасова, Гүлзия Қабиқызы, Гүлзира және Гүлнар Алғабайқыздары келді. Ізтай Тілеуліұлы 1929 жылы қазіргі Алға ауданы Бесқоспа ауылында дүниеге келген. Оның азан шақырып қойған есімі Ізбасқан болса да, ата-анасы Ізтай атап кеткен. 1930 жылғы аштықта ата-анасы Ақтөбеге көшіп келіп, Тамды көшесінен екі бөлмелі қоржын үйде тұрады. Әкесі қарсы беттегі диірменге жүкші болып орналасқан. Ізтай бес ағайынды: ең үлкені Айман, одан кейін Ізтай, кейінгілері – Айжан, Дәния, Темірхан. Айман әжей Алға, Мұғалжар аудандарының мектептерінде ұзақ жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Былтыр 96 жасында өмірден өтті. Екі жыл бұрын Алғада апаймен тілдесіп, өмірдеректерімен танысқанбыз. Ізағаң 1947 жылы Ақтөбедегі №6 мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматыға оқуға кеткісі келсе де, бірден үйден кете алмай үш жыл жүрген. Соғыстан жүрегі шайлыққан әке баласына қасынан ұзатқысы келмеген сыңайлы. Талантты жігіт қарсылықтарға қарамастан 1950 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі.
Лирик ақынның өлеңдерін жастардың сүйіп оқитыны осы іс-шарада байқалды. Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттері «Мен туыппын ақпандатқан боранда», «Табантал», «Тамды», «Анама», «Қаракөз», «Балам Гүлшатқа», «Жұмбақ дәрі», «Өгей шеше», «Соқыр» және Қуандық Шаңғытбаевқа арналған «Ағалық» атты өлеңдерін, К.Симоновтан аударған «Жди меня, и я вернусь...», Гейнеден аударған «Гимн» өлеңдерін, М.Мәметова атындағы медицина колледжінің студенті Бердәулет Алламбергенов ақынның «Мен ақынмын» өлеңін оқыды. Ақтөбе музыка колледжінің студенті Айдана Айдарғалиқызы І.Мәмбетовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Қаракөз» әнін шырқады.
Ізағаңның атында туған жерінде тек Алға аудандық балалар және жасөспірімдер кітапханасы бар. Осы мекеменің директоры Ақшолпан Ізтілеуова кітапханаға ақынның атын беруге ұлағатты ұстаз Тыныс Ақболатованың ықпалы көп болғанын айтты. Тыныс апай 1965-1970 жылдары Алматы студенттері лирик ақынмен кездесуге асығатынын, енді осы дәстүрді тұлғаның туған жерінде жалғастыруға ұсыныс еткен. Талантты жанның есімі кітапханаға берілсе, әдебиетті сүйетін жастар шоғыры қалыптасар деген ой болған. Шынымен де, содан бері Ізтай Мәмбетов кітапханасы Алға оқушыларының танымдық кездесулер өткізетін сүйікті орнына айналды.
Ақтөбе облысы