Медицина • 04 Наурыз, 2024

МӘМС: 20 млрд теңгенің операциясы жасалды

149 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тиісті ем-дом алуда МӘМС-тің айналасында толастамай тұрған дау-дамай, кедергілер, кемшіліктер, көзқарастар қайшылығына қарамастан, 2023 жылы Алматыда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілген қызметтерге 140 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

МӘМС: 20 млрд теңгенің операциясы жасалды

Т.Әбілдаев жыл сайын меди­циналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, он­кология, хирургия сияқты бас­қа профильдер бойынша мың­даған операция жасалатынын айтты. Мұндай операциялар күр­делілігіне байланысты күн­делікті қала емханалары мен  ғылыми орталықтары деңгейінде де орындалуы мүмкін.

«Мысалы, 2023 жылы МӘМС арқылы 134 мыңнан аса операция жасалып, оған 78 млрд теңге төленген. Оның ішінде жо­ғары тех­нологиялардың көме­гімен жа­са­латын операция­лар мен манипуляцияларға қор 21,7 млрд теңге төледі. Сақтанды­рылмаған азаматтар осындай операцияларды жасататын болса, қалтасынан бірнеше млн төлеген болар еді», деді Т.Әбілдаев.

Өткен жылы Алматы қала­сында 1 841 кардиохирургиялық операция, 562 нейрохирургиялық операция, лор-профилі бойынша 250 операция жасалған.

«Кейінгі кезде артроз, артрит сынды буын ауруларының көбеюіне байланысты тізе, жамбас буындарын алмастырушылар саны күрт көбейгені белгілі. 2023 жылы алматылық травматологтер осындай 4 670 операция жасаған. Оған МСҚ 6,9 млрд теңге төледі», дейді филиал директоры.

Сонымен қатар ағза ал­мас­­­тыру операциялары да МӘМС па­кеті арқылы қаржыланды­рылады. 2023 жылы құны 565,6 млн тең­геден асатын 95 трансплантация жасалды. Мұндай бір ғана опе­ра­цияның өзі орта есеп­­пен ал­ғанда 7-9 млн теңге тұра­­ды. Осы қызметтердің бә­рін сақ­тан­дырылған азаматтар МӘМС арқылы қиындықсыз пайдаланып келеді.

Биыл Алматы қаласы денсау­лық сақтау саласының бюд­жеті 334,2 млрд теңгені құрап отыр. Оның 158,5 млрд тең­гесі МӘМС пакетіне тиесілі. Фи­лиал­дың баспасөз қызметі тарат­­қан хабарламаға сүйенсек, қазір­гі таңда қор былтыр қала тұр­ғындарына көрсетілген меди­циналық қызмет ақысын толық төлеп болды. Барлық емдеу меке­месі аванс алды.

«2024 жылы оңтүстік аста­на­­лықтар медициналық кө­мек­ті 213 емдеу мекемесі арқылы ала алады, оның 122-сі – жекеменшік. Биыл қызмет көрсетушілер са­ны жаңа он клиникамен то­лық­ты. Олардың дені – бас­тап­қы ме­­дициналық-санитар­лық кө­мек көрсететін мекемелер, яғ­­ни емханалар мен стома­толо­­гиялық клиникалар. Бұл тізім­мен fms.kz сайты арқылы танысуға болады», деп атап өтті Т.Әбілдаев.

Биылдан бастап қор мен меди­цина ұйымдарының жұмы­сында көптеген үдеріс оңтайландырыла бастады. Бірін­ші­ден, қаржыны медицина ұйым­дары арасында бөліске салу ісі толығымен автоматтандырылды. Бұл қаржы­л­ан­дыруды барынша тездетуге мүм­кіндік береді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бірыңғай қыз­мет пакетін кезең-кезеңмен қалыптастыру жұмыстары қолға алынды. Қазірдің өзінде үш немесе одан да көп келісімшарттың орнына бір келісімшарт, қос қаржыландыру көзінің орнына бір пулды пайдалану жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл басы артық қағазбастылықтан арылтып, әсіресе дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Мұның пациенттерге кері әсері болмайды, олар медициналық көмек түрлерін бұрынғыша пайдалана бермек», деді филиал директоры.

 

АЛМАТЫ