Фото: gov.kz
– Өйткені шаруалардың көбі жылқыға чип салудан қашқақтайды. Біріншіден, әр чиптің бағасы – 1 мың теңге тұрады. Жылқысы көптеу шаруа қалтасынан әжептәуір қаражат шығындауы мүмкін. Екіншіден, жылқы малы негізінен сыртта қараусыз жүретіндіктен автокөлік, пойыз жолдарына шығып кететін болса, бұған иесі жауапты болғандықтан қомақты айыппұл төлейді. Сондықтан, шаруалар чип салдыруға құлықты емес.
Ал чип салынбаған жылқының өзінікі екенін шаруа дәлелдей алмайды. Сол себепті мемлекет тарапынан көмек те ала алмайды. Сондықтан, олар «осыншама жылқым өліп қалды» деп ауызша айтқанмен, билік орындарына жазбаша өтініш түсірмеген болуы керек. Ал біз ресми түрде жариялап отырған 67 жылқы жол бойынан жергілікті әкімдіктер арқылы жинастырылған өлекселер екенін қайталап айтқым келеді, – дейді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Д.Рыспеков.
Облыс бойынша барлығы 2 600 шаруа қожалығы бар. Өткен жылы осыншама шаруашылықтың 1 100-не жемшөп сатып алуға облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге несие беріліпті. Таяудағы күндері резервте қалған қаражаттан жемшөп қажеттілігі үшін тағы да субсидия берілетін болады.
Д.Рыспеков шаруаларды қолдау мақсатында олардың сақтандыру компанияларына төлейтін жарнапұлдарының 50 пайызын төлеу мақсатында былтыр облыстық бюджеттен 56 млн теңге қарастырылғанын, облыстың бірде-бір фермері тарапынан малдарын сақтандыруға байланысты өтініш түспегенін айтады.
Әрине, қаржы қарастырған дұрыс. Бірақ соны пайдалануға шаруалардың құлықсыздық танытуы қалай? Бәлкім, түсіндіру жұмыстары дұрыс деңгейде жүргізілмеген болар? Чип салу мәселесінде де жергілікті билік орындарының талапшылдығы байқалмайтын секілді. Әрбір шаруадан малының есебін алу, чип салынған-салынбағанын қадағалау кімнің міндеті? Осы ретте шаруаны кінәлай бергеннен гөрі билік басындағылардың да «біз өзіміз жеткілікті жұмыс жүргізіп жатырмыз ба?» деп ойланып қойғандары абзал тәрізді. Бәлкім билік заңға сәйкес талап қоя білсе, шаруаларға жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, олар қазіргідей шарасыздыққа ұрынбас па еді?
Ресми орындардың сөзі мен ісінің қабыспай жататын тұстары аз кездеспейді. Мысалы, Ұлытау облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қ.Мұтаевтың «Қазіргі таңда ветеринариялық дәрігерлердің, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлардың қатысуымен өлген жануарларды жинау және олардың өлекселерін жою бойынша жұмыстар атқарылуда. Аталған жағдай ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ұлытау облысының және аудандық инспекцияларының бақылауында. Жаңаарқа ауданында 59 ауыл шаруашылығы және басқа да техникалар, 100 шақты адам жұмылдырылды» деген сөзіне фермер Бекзат Дайрабайұлы күмәнмен қарайды.
– Бәлкім, Жаңаарқа жағында сондай көмек көрсетіліп жатқан да шығар, ал облыс орталығының іргесіндегі Қорғанбай ауылының шаруалары ресми орындардың көмегін көріп жатқан жоқ. Құтқару жұмыстарын өз күшімізбен атқарып жатырмыз, – дейді ол.
Жылқыға келген жұт тек Жаңаарқа ауданында ғана болып жатпағанын ескерсек, Б.Дайрабайұлы Ұлытау ауданы, Жезқазған қаласы әкімдіктеріне қарасты фермерлерге де көмек көрсетілуі керек деп есептейді.
Биылғы жағдай шаруалар арасында жемшөп дайындау мәселесіне ден қоюға баса көңіл бөлу керектігін байқатып отыр. Алты ай қыс бойы жылқыны қорада қамап ұстау мүмкін емес екені рас. Бірақ алты ай бойы ақтүтек боран соғып, аяз қарып тұрмайтыны тағы белгілі. Табиғат тықсырып жіберген кезде ғана жылқыны қолға ұстауға болады ғой. Сондықтан, шөп дайындап қоюдың артығы жоқ. Қыста пайдаланылмай қалған шөпті кейін басқа да қоспалар қосу арқылы жемге айналдырып жіберуге болады.
Қазіргі жағдай шарасыздық шеңбері іспетті. Шаруалар тиісті талаптарды сақтамағандықтан, яғни чип болмағандықтан өз малын өзімдікі деп дәлелдей алмайды. Билік өлген малдың иесі анықталмағандықтан нақты санын білмегендіктен, төтенше жағдай жариялай алмайтыны белгілі. Әр нәрсе сабақ алуымен құнды. Жаз шығып, жер аяғы кеңіген кезде шаруа да, билік те осының бәрін ұмытып кетпесе болғаны.
Ұлытау облысы