Елорда • 03 Наурыз, 2024

Инклюзивті білім орталығы

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнап орталық ашылды. Инклюзивті білім беру орталығы ерекше қажеттілігі бар бала­ларды жалпы білім беру үдерісіне тиімді әрі нә­тижелі түрде әлеуметтендіруге мүмкіндік береді.

Инклюзивті білім орталығы

Фото: gov.kz

№43 қосымша білім беру мектеп-орталығы негізінде құрылған ресурстық орталықтың ашылуы­на «Шеврон» компаниясы, «Дара» қайырымдылық қоры қолдау білдірген. Ұйымдастырушылардың ақпаратына сүйенсек, аталған орталық – мұғалімдерге оқу барысында инклюзия қағидаттарын жүзеге асы­руға көмектесетін және білім алуда ерекше қажет­тілігі бар балаларға оқу ошағында кедергі­сіз әлеу­меттік орта жасауға бағытталған мектеп кеңіс­тігі­нің бө­лігі. Осындай орталықтардың негізін­де ба­ла­­л­ар­мен жұмыс жүргізіліп, ата-аналарға кеңес бері­ле­ді, сондай-ақ мұғалімдерге арналған әдістеме­лік ұсы­нымдар әзірленеді.

«Дара» қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова ресурстық орталықта арнайы мамандар жұмыс істей­тінін жеткізді. «Жалпы білім беретін мектептерде оқитын ерекше қажеттілігі бар балалар көбінесе маман­дардың қолдауына, мезгіл-мезгіл демалуға және релаксацияға мұқтаж. Осының барлығы ресурс­тық орталықты ұйымдастыруда, психолог, логопед, дефектолог және басқа мұғалімдердің балалармен жұмыс істейтін кеңістікті әзірлеу кезінде ескеріледі. Осы тәсілдің нәтижесінде балаларға оқу үдерісіне қосылу оңайырақ», деді ол.

Мұнда даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істейтін жалпы пәндердің мұғалімдері де, сондай-ақ ата-аналар да кеңес ала алады. Сонымен қатар ресурстық орталықта үйде оқытылатын балаларды әлеуметтендіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа ресурстық орталық арнайы жиһаздармен және дамытушы материалдармен жабдықталған, онда эмоционалды демалу аймағы, жеке және топтық жұмыс аймақтары орналасқан. Алдағы уақытта № 43 мектептің психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметіне ерекше қажеттілігі бар 16 балаға қолдау көрсететін психолог, педагог-ассистент, әлеуметтік педагог, логопед-дефектолог кіреді.