Еңбек • 03 Наурыз, 2024

Профессордың пейілі

72 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Вилен Борисович Молотов-Лучанский. Бұл есім елге белгілі. ІІ дәрежелі «Достық» орденінің, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Кейіпкеріміз ел мен жерді кие көреді. Қазаққа деген құрметі жыл өткен сайын артпаса, еш кеміген емес.

Профессордың пейілі

Ол бүгінде – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі, «Қарағанды еврей мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Балқаштың бауырында дүние дидарын ашқанына да былтыр 70 жыл болды. Саналы ғұмырын ел дамуына, бірлік пен бейбітшіліктің салтанат құруына арнаған жан.

«Менің кіші Отаным – Балқаш қаласы. Әйгілі Көкше теңіздің жағасы. Сегізінші сынып оқып жүргенде эссе жазғаным әлі есімде. Сонда жусанның иісін, жазық дала мен көлдің толқыны туралы толғанып жазғанмын. Қазақ жеріне деген іңкәрлігім әлі сол қалпы. Киев даласында екі жыл әскери борышымды өтегенде ел мен жерімді қатты сағындым. Бұл өткен ғасырдың 70-жылдары еді. 1937 жылы менің әжем Қарағандыдағы Долинкада жазасын өтеген соң 1952 жылы анам екеуі қайта қауышты. Осылайша, мен Балқаш қаласының бейбіт аспанында дүниеге келдім. Әжем ары үшін өмір сүрген, адамдардың ала жібін аттамаған жібі түзу жан еді. Ал анам Қазақстанды өмірінің соңына дейін Қазақстанды сүйіп өтті. Әжемнің «Біз бұл елдің халқынан мейірім мен шапағатты көп көрдік дейтін», деп өткеніне көз жүгірте өтті В.Борисович.

Кейіпкеріміз «Бірлігі босаңсыған мемлекеттің берекесі де кетеді» деген ұстанымда. «Ұлтты ұйыстыра білу – үлкен ерлік. Ал оған бастайтын – отандастардың алдағы күнге деген сенімі. Қайдан біліп отыр демеңіз. Аз ғұмыр жасадым деп те айта алмаймын. Ғасыр соңындағы таршылық теперішін көрген біреу болса, соның бірі – менмін. Мен ғана емес, шаңырағы опырылып ортасына түскен КСРО халқы түгелдей көрген болар. Көшкені көшіп, кеткені кетіп жатты. Бірақ ертеңгі жарқын болашаққа деген сенім жүрегімде бір сәтке болсын сөнген емес. Талаптандым, еңбектендім. Бірнеше қызметті қатар атқардым. Отандастарымыз түрі мен түсіне, ұлты мен діни наным-сеніміне қарамастан, бір шаңырақ астына бірікті. Елімнің көпшілдігіне ерекше ризамын және алғысымды білдіргім келеді», дейді ол.

Вилен Борисович – терапия саласында ғана емес, онымен қатысты барлық ғылымды тұтас меңгеріп, алдынан өткен науқастың риясыз алғысын алған адам. Қарағанды клиникаларында профессормен шағын және үлкен құрамда жұмыс істемеген, тым күрделі жағдайларда, дәрігерлік консилиумдарда алтынға бергісіз кеңесін алмаған әріптестері жоқ шығар. Мұнымен қоса, 150-ге жуық ғылыми еңбек алыс-жақын шетелдердің мерзімді басылымында жарық көргенін де атап өткеніміз жөн.

 

Қарағанды облысы