Аймақтар • 03 Наурыз, 2024

Ісіне адал Судаба

116 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген Судаба Металимова ұлты әзербайжан болса да, жергілікті қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып өсті. Қазақ тілін де бір кісідей үйреніп алған.

Ісіне адал Судаба

«Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Отбасымызбен Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында тұрдық. Жергілікті халықпен тығыз араластық. Ауылдағы Ар­­­ка­дий Гайдар атындағы ор­та мек­­тепті аяқтаған соң Та­раз қа­­ласындағы «Парасат» кол­леджінде білім алдым. Кейін Шым­кент қаласындағы Халық­тар достығы университетін тә­мам­дадым», дейді ол.

Бала күнінен білімге құштар Судаба 2017 жылы алғаш еңбек жолын Бауыржан Момышұлы атындағы №1 гимназияда бағдар­ламашы болып бастапты. Кейін аудандық «Жастар орталығы» мекемесінде еңбек еткен. Араға аз уақыт салып, дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Білім саласына аңсары ауған Судаба 2021 жылы Тараз қала­сындағы №7 гимназияға жұмысқа орналасады. Бар білгенін жас ұрпақтың бойына дарытуды мақсат тұтқан маман қазір информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жүр.

«Мектебімізде «Адал ұрпақ» деп аталатын еріктілер клубы құрылған. Құрамына білім ор­да­сының 120 көшбасшысы енген клубтың басты мақсаты – құ­қықтық және азаматтық мәде­ниетті қалыптастыру, балалар­ды адалдыққа тәрбиелеу. Осы бағытта оқушылар арасында әлеуметтік-құқықтық білімді зер­делеу, ұрпаққа біл­генімізді тереңірек үйрету мәселесіне деп қойып жүрміз. Жұмысын жаңадан бастаған клубтың көп ұзамай оң нәтиже беретініне сеніміміз мол. Мек­теп мұғалімдері көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін тер төгіп келеді. Біз оқушылардың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ай­рықша басымдық бере­міз. Бар­лық жұмыс пен ұйымдас­тырылатын іс-шараны осы бағыт­қа сай өткіземіз. Қазір клубта үйірме жетекшісі ретінде еңбек етіп жүрмін. Жаңадан ашылған клубтың жұмысы енді жүйеленіп келеді», дейді ол.

Мұғалім Судаба өзінің шы­ғар­машылық әлеуетін тиімді пай­­даланып, оқушылардың бойын­да мемлекет, қоғамға деген адал­дық пен жанашырлықты қа­лыптастырып, жеке тұлғаны тәр­биелеуді мақсат тұтады. Қазір осы бағытта білім алушыларға бар білгенін үйретіп жүр. Ең бас­тысы, шәкірттерінің бойынан елге, қазақ халқына деген адал­дықты көргісі келеді.

«Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде Қазақстанда Алғыс айту күні арнайы мереке ретін­де тойланып келеді. Бұл мере­кенің біз үшін маңызы зор. Атырау мен Алтай арасын мекен еткен халқымыздың, әсі­ресе жастардың арасында келі­сім мен достықты нығайта түскеннің еш артықтығы жоқ. Осы тұрғыдан алғанда арнайы бекітілген мерекенің маңызын тереңірек түсіне түсеміз. Достық пен татулықтан асқан құндылық жоқ. Әр азамат осы бір баға жетпес құндылықты бағалауы керек. Талай ұлт пен ұлысты бауырына басқан қазақ халқына осы киелі жерді паналап келген әр ұлттың алғыстан басқа айтары жоқ. Оған ешкім күмән келтіре қоймас. Бүгінде халықтар арасындағы бірлік пен достыққа айрықша мән беріліп отырғаны анық. Осыны өскелең жас тереңнен түсінгені дұрыс. Ол үшін ұстаздар қауы­мы да аянбай еңбек етуге тиіс. Өйткені біз жастардың бойы­на демократиялық қоғам­ның құн­ды­лықтары мен негі­зін сіңі­руі­міз керек. Бұл – баршамыз­дың асыл борышымыз», дейді ол.

Жылдар бойы ізденістің ізіне түскен жас ұстаздың танымы ерек, ойы зерек. Мемлекеттік тілді мықтап меңгерген Суда­ба мұны өзінің парызы деп есептейді. Қай кезде де жаңа­шылдыққа басым беретін мұға­лімнің алар асуы көп екеніне се­німі кәміл. Ұлты өзге демесек, тілі мен тілегі бір Судабаның алға қойған мақсаты айқын. Ол еселі еңбегімен биіктерді бағын­дырғысы келеді.

 

Жамбыл облысы