Форум • 04 Наурыз, 2024

Анаға тағзым

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордада «Анаға тағзым» республикалық Аналар форумы өтті. Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов, аталған комиссияның мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, өңірлерден келген делегациялар, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, көпбалалы аналар, ұстаздар, облыстың зиялы қауымы, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Анаға тағзым

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев форум жұмысына сәттілік тілеп, қоғамдағы аналардың рөлін ерекше атап өтті.

«Президент жанындағы әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірлесіп, өткен жылдың қараша айында алғаш рет «Анаға тағзым» республикалық форумын ұйымдастырдық. Тағылымды іс-шара қонақтары сол сәтте бұл жиынды дәстүрлі түрде өткізуді ұсынған еді. Бүгінгі форум Ұлттық комиссиямен бірлесіп ұйымдастырылып отыр. Шаңырағында береке ұйытып, қоғамдық-саяси үдерістерге белсене қатысатын әйел-ананы ардақтау, тарихтағы ұлы аналарының ізгі жолын дәріптеп, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру, өткеннің тағылымын жаңа дәуірдің талабымен сабақтастырған бүгінгі қазақ әйелінің үлгілі бейнесін қалыптастыруды көздеген форум жұмысына сәттілік тілейміз», деді аймақ басшысы.

Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі Ұлттық комиссия төр­аға­сы Аида Балаева әйел-аналардың ел дамуы мен өркендеуіне қосқан үл­кен үлесін айрықша атап өтті. Олар­д­ың қоғамдағы орнын айқындап, құқық­тары мен мүмкіндіктерін кеңейту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін айтты. Бүгінде отбасы және гендерлік теңдік инс­титутын дамытудың қазақстандық моделі айқындалған 2030 жылға дейінгі Тұжырымдаманы іске асыру жалғасып келеді.

Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман, Қазақстан халқы Ассам­б­леясы жанындағы республи­калық Аналар кеңесінің төрағасы Нази­па Шанаи, республикалық «Әке­­лер одағы» қоғамдық бірлес­тігі­нің төрағасы Мақсұтбек Айтма­ған­­бет, «Amanat» партиясы әйел­дер қа­натының төрағасы Шолпан Каринова және белгілі тележүр­гізу­шілер Қымбат Досжан, Дана Нұр­жігітова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­керлері Елена Әбдіхалықова, Ел­мұра Жаңабергенова, Жеңіс Ыс­қақова, Ұлжан Байбосынова сөз сөйледі.

Форумда Аида Балаева отбасы құн­дылықтарын үнемі насихаттап, әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясатты белсенді іске асыруға атсалысқан қыз-келін­шектерді марапаттады.

Өңірде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері барлық аудандарды аралап, тұрғындармен кездеседі. Психологтердің қатысуымен тренингтер өткізді. Аналарды қолдау және адал еңбекті насихаттау мақса­тында Ауыл әйелдерінің форумы ұйым­дас­тырылды. Әкелер одағы құры­лып, ер бала тәрбиесіне қатысты жүйелі шаралар атқарылып келеді. Бар­лық мектепте Әкелер, Аналар кеңес­тері белсенді жұмыс істеп, Ұлттық ко­мис­сияның тапсырмасына сәй­кес облыс әкімінің отбасы және әйел­дер істері жөніндегі уәкілі тағайындалды.

 

Қызылорда