Күрес • 04 Наурыз, 2024

Лос-Анджелесте атой салған балуан

137 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1984 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанған Олимпия ойындарына КСРО-дан бастап, Ангола, Ауғанстан, Болгария, Мажарстан, Вьетнам, ГДР, Йемен, Солтүстік Корея, Куба, Лаос, Моңғолия, Польша, Чехословакия және Эфиопия секілді социалистік бағыттағы бірқатар мемлекет бойкот жариялағаны белгілі. Румыния өз елінің емес, Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) туы астында бейтарап команда ретінде өнер көрсетті. Олардан бөлек, Жоғарғы Вольта, Иран, Ливия және Албания да АҚШ-қа барудан бас тартты.

Лос-Анджелесте атой салған балуан

Дәл сол кездері КСРО мен АҚШ арасында қырғи-қабақ соғыс өршіп тұрған. 1980 жылы америкалықтар мен олардың одақтастары кеңес одағының Ауғанстанға баса-көктеп кіруін ашық түрде айыптап, Мәскеу Олимпиадасына қатысудан бас тартты. Жауап көп күттірген жоқ. Арада төрт жыл өткеннен соң түрлі жағ­дайды желеу етіп, КСРО да дәл сондай қадамға барды. Осылайша, спорт саласы саясаттың ойыншығына айналып, спортшылар қауымы соның зардабын молынан шекті. Олардың жылдар бойы жаттығу залында шелектеп төккен тері зая кетті. Басқаларды айтпағанда, сол тұста қазақтың төрт бірдей белді боксшысының даңқы дүркіреп тұрғанын көзіқарақты көрермендер жақсы біледі. Атап айтсақ, 1984 жылдың 25 ақпаны мен 4 наурызы аралығында Ташкентте жалауы желбіреген Одақ чемпионатында Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев және Асылбек Қилымов сынды қазақтың төрт бірдей тарланбозы қарсы келгендердің барлығын оңдырмай сабап, бас жүлдені олжалады. Финалда Кәрімжан мен қос Серік Арменияның атағы алысқа жайылған арландары – Ншан Мунчян, Самсон Хачатрян және Исраел Акопкохянды соқ­қыға жықса, Асылбек Беларусьтің беткеұстары Александр Беляевтан басым түсті. Қандастарымыз осы жарқын жеңістерінің арқасында Олимпия ойындарына қатысуға мүмкіндік алды. Бірақ Америкаға олардың жолы түспеді. Оның себебін жоғарыда айттық. Басқа да спорт түрлері бойынша толағай табыстарға қол жеткізіп жүрген жерлестеріміз дәл сондай жағдайға душар болды.

Десек те Қазақстанда туған бір спорт­шыға Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысу бақыты бұйырған екен. Ол – клас­сикалық күрестің хас шебері Хараламбос Холидис. Бұл жігіт 1956 жылдың 1 қа­за­нында Атырау қаласында дүниеге келді. Оның балалық шағы Жайықтың жа­ғалауында, қалың қазақтың арасында өтті. Кейіннен Хараламбостың әке-шешесі тарихи отанына оралды. Афинада ол балуандық өнердің қыр-сырына қанықты. 1971 жылы 15 жасында Грекия чемпио­ны атанып, ұлттық құрама сапына қа­былданды. 17 жасында алғаш рет әлем бірін­шілігіне қатысып, үздік алты спорт­шының санатына қосылды.

Халықаралық аренадағы өзінің ал­ғашқы ірі табысына Холидис 1976 жылы қол жеткізді. Ленинградта ұйымдас­тырылған Еуропа чемпионатында ол қола медальды мойнына ілсе, арада 10 жыл өткеннен соң Пирейдегі құрлықтық додада күміс жүлдеге қол жеткізді. Фи­налда кейіпкеріміз КСРО-ның туы астында өнер көрсеткен татар балуаны Ти­мер­жан Калимулинге есе жіберді. Әлем чемпионатында екі рет жүлдегерлер қата­рынан көрінді: 1978 жылы Мехикода және 1986 жылы Будапештте үздік үштікті түйіндеді. Одан бөлек, Хараламбос Жер­орта теңізі ойындары және басқа да аса ірі халықаралық турнирлерде жеңіс тұ­ғырына көтерілді.

Қазақстанның тумасы төрт бірдей Олимпиадаға қатысты. 1976 жылы Мон­реаль және 1980 жылы Мәскеуде 52 кг сал­мақта күш сынасты. Өкінішке қарай, екеуінде де жолы болмады. 1984 жылы АҚШ-қа аттанды. Лос-Анджелестегі ойын­дарда 57 кг салмақ дәрежесінде белдесті. Жаңа салмақ оған жақты. Жарыс барысында мысырлық Әбдел Латиф Халаф, морокколық Әли Лашкар, швециялық Бенни Юнгбек (Олимпиаданың қола және әлемнің екі дүркін күміс жүлдегері) және румыниялық Николае Замфирді ұтып, жапониялық Масаки Этомен (әлем чемпионы) тең түсті. Сол кездердегі ережеге сай қосымша көрсеткіштер бойынша Күншығыс елінің өкілі жеңіске жетсе, Хараламбос қола медальды қанағат тұтты.

1988 жылы Сеулде алауы тұтанған Олимпия ойындарының ашылу салтанатында Хараламбос Холидис өз елінің туын ұстап шықты. Бір айта кетерлігі, Оңтүстік Корея астанасында барлық спорт түрінен Грекияның өрендері бір ғана қола медаль олжалады. Сол жалғыз жүлдені біздің кейіпкеріміз жеңіп алды. Грек-рим күресінен өткен жарыста 57 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен ежелгі Эллада елінің балуаны КСРО-ның өкі­лі Александр Шестаков (кейіннен екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүл­­дегері, Еуропа чемпионы атанды), шве­циялық Бенни Юнгбек, кореялық Хо Бён Хо, америкалық Энтони Амадо және қытайлық Ян Чанг Ченді қапы қалдырып, бол­гариялық Стоян Баловқа (әлем чемпионы, Еуропа біріншілігінің күміс жүл­дегері) есе жіберді.

Сеул Олимпиадасынан кейін Холидис бозкілемнен қол үзгенімен, бұл саладан алыстап кеткен жоқ. Алғашында ол жасөспірімдерді жаттықтырса, кейіннен Грекияның ұлттық құрамасының бас бапкері болды. Бір сөзінде Хараламбостың «Егер мен кеңес одағы немесе Болгария секілді мықты бапкерлік мектебі бар мемлекеттердің бірінде даярланғанда, кемінде 10 жыл бойы қамшы салдырмайтын едім. Шыны керек, Грекияда бізде ондай жағдай болмады. Соның салдарынан алтын тұғырға көтеріле алмадым», деп ағынан жарылғаны бар. Ежелгі Эллада елі спортын өрге сүйреген абзал азамат 2019 жылдың 26 маусымында 63 жасқа қараған шағында жүрек талмасынан жарық дүниемен қош айтысты.

Хараламбос Холидис өзімен бірге бір уақытта күрескен Қазақстанның балуан­дарымен жақсы араласты. Әсіресе ол Мәс­кеу Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы Шәміл Серіковтің шеберлігіне ерекше тәнті болды. Қазақ жігітінің ерік-жігері мен қимыл-қозғалысына айрықша сүйсінетін. Журналистерге берген бір сұхбатында Хараламбос «Шәмілдің кілемдегі кү­ресі маған Нуриевтің сахнадағы биін елес­тетеді» деген еді. Міне, Грекияның мақ­танышы қазақтың біртуар балуанының өнеріне осындай баға берді.