Әскер • 04 Наурыз, 2024

Туған топыраққа адалдық

238 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Даласы дарқан қазақ топырағында түрлі этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп, елдің өркендеуі жолында аянбай қызмет етіп келеді. Бүгінде тарихын тағдыр біріктірген халықтың мүддесі ортақ, мақсаты бір. Бұл бір ғана Отанымыздың түтінін түзу шығарып, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғау.

Туған топыраққа адалдық

Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген Алғыс айту күні Ұлттық ұлан қатарында азаматтық борышын өткеріп жатқан мерзімді әскери қызметшілер үшін де құнды әрі тағылымға толы. Осы орайда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердегі өзге этнос өкілдері мерейлі мереке аясында пайымды пікірлерімен бөлісті.

ен

5512 әскери бөлімінің қатардағы жауын­гері Ибрагим Хакимовтің отбасы осыдан жиырма екі жыл бұрын Қазақ­станға Чешенстандағы азаматтық соғыс­тан бассауғалап келген. «Туған елін тас­тап кету ата-анам үшін оңайға соқпа­ды. Ішкі қақтығыстардан күйі кетіп, бере­кесі қашқан олардың тығырықтан шы­ғар басқа жолы болмаса керек. Неге еке­нін білмедім, ел шығысындағы Семей қаласына қоныс аударыпты. Тағдыр тау­қыметі тар жол, тайғақ кештіргенімен тамырын тереңге жайған таңсық өлкеде тыныстары тарылмағандарын өздері жиі айтады», дейді ол. Шаруада шашау шығармайтын әкесі қиюын қиыстырып, өз ісін дөңгелетіп әкетсе керек, кейіпкеріміз көйлегі көк, қарыны тоқ отбасында өмірге келгенін айтады. «Семей жұртына бірден бауыр басып кеттік. Бұл кеудемізден итермей, құшақ аша қарсы алған жергілікті жұрттың даладай кең пейілінен болса керек. Сондықтан қиын-қыстау шақта қолдау танытқан семейліктерге айтар менің де алғысым шексіз. Өз баласынан кем көрмейтін қала тұрғындарына ризашылықтан басқа алып-қосарым жоқ. Қоршаған қарашаның қайырымдылығынан болар, менің де Отанға деген махаббатым сондай ыстық. Сондықтан бұғанам бекіп, қабырғам қатайған тұста, белімді бекем буып, Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышымды өтеуді жөн санадым. Дарқандығы даласынан дарыған қазақ жұртымен бітісіп, бейбіт елдің аспанында мамыражай күн кешейік», деп ағынан жарылды Ибрагим.

не

5511 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Бекзат Шерматовтың да қазақ халқына айтар алғысы шексіз. Оның айтуынша, ата-анасы Қырғыз Республикасында туып-өскенімен, кейін бала-шағаның қамымен Қазақстанға қоныс аударыпты. «Ауыл тұрғындары табыс табу үшін Мәскеуге сабылса, ал біздің отбасы Қазақстандағы Павлодар қаласына табан тіредік. Бұл шешімді әкем қабылдапты. Алғашында пәтер жалдап күнелттік. Содан кейін саудамен айналыстық. «Еңбек етсең емерсің» демекші, ешкімді танымайтын өлкедегі төгілген тер соңында өз жемісін берді. Бүгінде әке-шешем Павлодар қаласындағы бірнеше кәсіптің иесі. Енді Астана қаласынан да кәсіп көздерін ашып, елордаға ойысуды жос­парлап жүр», дейді жауынгер. «Қазақстан – мүмкіндіктер мекені» екенін айтқан ол: «Егер де өзің талпынсаң, мемлекет әрбір талпынысыңды бағалайды. Ежелден бір-біріне етене жақын қазақ пен қырғыз достығы жыл санап артып келеді. Сондықтан бірлігіміз жарасқан жерде мағыналы ғұмыр кешуді Алла нәсіп еткендей. Қазақстан отбасымды аяғынан нық тұрғызып, әкемді атпал азаматқа, анамды іскер әйелге айналдырды», дейді. Бөтенсіп келген қырғызды кең құшағына сыйдырып, қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығын көрсеткен Қазақ халқына құрметі жоғары екенін сөзбен емес, іспен көрсетіп жүрген жауынгер қазір әулетінің әлеуетін арттырып, өсіп-өнген елдің шекарасын жаудан қорғап, тыныштығын күзетіп жүр.

6699 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Ильдар Гайнетдиновтің ұлты башқұрт болғанымен, өзі түгілі, әкесінің де кіндік қаны қазақ топырағында, оның ішінде Екібастұз қаласында тамған. Башқұрт пен қазақтың бауырластығы ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқанын айтқан ол: «Мысалы, Уфадағы Ғалия медресесі талай қазақ жастарының сауатын ашқан. Бұл қала Алашордаға бас қосар құтты орын болды. Әлихан Бөкейхан Орынборды ортақ астана қылып, башқұрт-қазақ біртұтас автономиясын құрмақшы болғанын да біреу білсе, біреу білмес. Түркітілдес халық болған соң тілегіміз бір. Сондықтан тілектес елдің туын тік ұстау – мен үшін үлкен абырой», деді.

Бүгінде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінде ел алдындағы аза­мат­тық борышын өткеріп жүрген Ильдар­дың жауынгерлік міндеті – Өскемен қаласындағы түзеу мекемелерін күзету. Қаруластар арасында дараланып, кез келген әскери сынақтан сүрінбей, қойылған тапсырмаларды дер кезінде орындауға әрдайым барын салып жүрген ол туған еліне деген шексіз құрметін осылай дәлелдеп келеді.