Алматы • 05 Наурыз, 2024

Алматы: Үрейді ақпараттың нақтылығы басады

1113 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қаңтардағы жер сілкінісінің үрейі әлі басыла қоймаған Алматыны табиғат ана тағы да бір сілкіп алды. Наурыздың 4-і күні сағат 11-ден 22 минут өткенде тіркелген тербелістің күші 5 балды құраған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Сейсмикалық қауіпті аймақты мекендеген тұрғындар таңды ұйқысыз атырары айтпаса да түсінікті.

Алматы: Үрейді ақпараттың нақтылығы басады

Суретті түсірген Юрий БЕККЕР

Желіде желдей ескен жалған-шыны аралас ақпараттар онсыз да үрей билеген жұрттың жүйкесін титықтатқаны рас. Әсі­ресе көпқабатты үйлердің тұрғын­дары үй­лері­не қайта кірер-кірмесін біл­мей екіұ­дай күй­ге түсті. Тал түсте қала көше­­лерінде кеп­те­­ліс болып, жұрт жер үйде тұратын туыс-туған­­дарына ағыл­ды. Екінші ауы­сым­да­ғы са­бақтар тоқ­та­тылып, мектеп пен ба­ла­­бақша тәрбие­ленушілері үйге қайтарылды.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың жетек­шілі­гімен шұғыл комиссия құрылып, төтен­­ше­ліктер қала тұрғындарына 16.00-ге де­йін ашық алаңда немесе арнаулы пункт­­терде болу керектігін ескертті. Әкім­діктің бас­п­асөз қызметі сағат 13.00-де қа­лада 384 қа­былдау орны жұмыс істеп тұр­ғанын, олар­дың дені мектептер мен балабақшаларда, жоғары оқу орын­дары­ның ғимараттары мен стадиондарда орналас­қанын хабарлады.

Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғын­дарын сабырлық сақтап, тек ресми ақпа­ратқа құлақ асуға шақырды. Себебі Whatsapp хат-хабар желісінде «айғайға айтақ қосқан» жалған хабарламалар жаппай та­рап жатты. Жұрт көкейіндегі «Зілзала мұ­нан да жойқын екпінмен қайталана ма?» деген сұ­раққа тиісті орындар түс ауа жауап берді.

«Сейсмикалық бақылау мен зерттеу ғылыми орталығының жағдайды бағалау жөніндегі комиссиясы алдағы күндері Алматы аумағында күшті жер сілкіністері болмауға тиіс деген қорытындыға келді. Операциялық сейсмикалық деректерді талдай отырып, комиссия 2024 жылдың 4 наурыз күні 12 сағат 20 минутта полигонда сейсмикалық жағдай тұрақты екенін атады. Наурыздың 4-і күні сағат 11:22 мин (Гринвич бойынша) Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында магнитудасы Мрv=6.1 тіркелген жер сілкінісі Алматыда 5 балл, эпицентрде MSK-64 шкаласы бойынша 5-6 балл болды. «Сейсмика­лық бақылау мен зерттеу Ұлттық ғылы­ми орталығы» ЖШС сейсмикалық жағдайды бағалау жөніндегі комиссия жақын арада күшті жер сілкіністері 70% күтілмейтінін, алайда елеулі қауіп төндірмейтін қайталама дүмпулер болуы мүмкін екенін айтты. Ғылыми орталық бақылауды жалғастырады. Жоғарыда аталған комиссияның келесі отырысы 6 наурызда өтеді», деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Табиғаттың дәл қай кезде тосын мінез танытарын әзірге ешбір ғылым тап басып айта алмайды. Десе де Алматының сейсмикалық қауіпті нүкте­де орналасқаны ғылыми тұрғыдан дәйек­телген дүние. Қаңтардағы жағдайдан кейін Президенттің төрағалығымен арнайы жиын өтіп, Алматыға салмақ­ты сейсмикалық сараптама қажеттігі, жағ­дайдың алдын алу мен сақтық шара­ларының сапасын күшейту жіті тапсырылған болатын.

«Жаман айтпай жақсы жоқ». Төтенше жағдай бола қалса, ғимараттар төтеп бере ала ма? Бұқараны мазалаған бас­ты сауалдың бірі осы. Алматыда салынғанына жарты ғасырдан асқан, тіпті 70-80 жылғы таяған тұрғын үйлер аз емес. Дүлей дүмпу түгілі, қит етсе қисайып қалатын сапасы төмен құрылыстар жауапты сәтте сыр бермесе игі. Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасы жер сілкінісі салдарынан бірді-екілі ғимараттардың төбе сылағы түсіп, қасбетті әрлеу материалдарының элементтеріне зақым келгенін жеткізді. Мамандар бұл зақымданулар тірек конструкцияларының бұзылуына жатпайтынын, мұндай жағдайға тап болған нысандардың тізімі сараптамалық тексеруден өтетінін мәлімдеді.

«Қаңтардың соңында болған жер сілкінісінің шығу тарихы бізге белгілі еді. Қытайдағы жойқын дүмпудің қайталама тербелісі екенін білдік. Осы жолғы сілкініс Алматыға тым жақын жерде болды. Арада қанша сағат өтсе де қайталама дүмпу болмады. Осы жағы мені ойландырып отыр. Мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Дүмпудің ошағы жақын жерде екенін бірден сездім. Дегенмен үрейге жол бермеу қажет. Бұрын бұл аумақта жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған. Бұл тұрғыда 1887 жылғы Верный жер сілкінісін және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісін атауға болады. Тау қойнауында бізге беймәлім небір тектоникалық үдерістер жүреді. Қалай дегенде де сақтық шараларына мұқият болған абзал. Дүмпу 6-7 баллдан асса, бұл үлкен қауіп тудырады», дейді сейсмолог ғалым Әлқуат Нұрмағамбетов.

– Қазір тыныштық кезеңі аяқта­лып, белсенділік басталды. Сондықтан тұрғындар мен қала билігі барлық жағдайға дайын болуы керек. Табиғатқа сабыр берсін. Егер де бір жағдай бола қалса, ешкім бізді сақтап қала алмайды. Ұзақмерзімді болжам бойынша Алматының қатты жер сілкіну жағдайы жоғары аймақ екені кеңес заманынан бері айтылып келе жатыр. Ол кезде бұл мәселе терең зерделеніп, талап қатаң сақталатын. Халықтың амандығы бәрінен маңызды. Құмырсқаның илеуіндей қабаттастыра салынған құрылыстар ашық алаңқайларды тарылтып, қауіпсіздік мәселесін қиындатып отыр. Бастысы халық дүрлікпей, сақтық шарасына саналы көзбен қарағаны абзал, – дейді қоғам белсендісі Мәулен Сыбаш.

Жер сілкінісі қас қағым сәтте өтеді. Сейсмикалық белсенді аймақта тұратын әрбір азамат кез келген тосын оқиғаға дайын болуы керек. Әр тоқсан сайын өтетін сейсмикалық жаттығуларда «апат орын ала қалса, азаматтар үйде және жұмыс орындарында не істеуі, қалай қорғануы қажет?» деген сауалдарға жауап беріледі. Өз жақындарының қауіпсіздігіне салғырт қарамайтын азаматтар сақтану сауатын арттырып, интернеттегі арнайы нұсқаулықпен танысқаны абзал. Мамандардың айтуынша, басты мәселе – тұрғындарды үрейлендірмеу. Өйткені жаппай үрей белең алса, жағдай ушыға түседі. Мәселен, жер сілкінуі кезінде ғимараттардың сыртқы қабырғалары ең қауіпті саналады.

«Алматы қаласының тұрғындары тербелісті сезіне салысымен қауіпсіздікті ойлауы керек. Олар алдын ала отбасы мүшелерімен бірге үй ішіндегі қауіпсіз аймақтарды анықтап, апат бола қалған жағдайда сол жерге жету керектігін білгені жөн. Үйде ең қауіпсіз жерлер – негізгі құрылымдық қабырғалар, есік жақтаулары. Төтенше жағдай кезіндегі дұрыс әрекет сіздің аман қалуыңызға себеп болуы мүмкін. Біздің мақсатымыз – халыққа қалай сақтану керегін түсіндіру, оларды арнаулы ережелермен таныстыру», дейді төтеншеліктер.

 

АЛМАТЫ