Саясат • 05 Наурыз, 2024

Отандық өндірісті қолдау

141 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЕЭК Кеңесінің кезекті отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған делегация өңдеу өнеркәсібі үшін шикізаттың жекелеген түрлерін Қазақстанға бажсыз әкелу рұқсатын ұзартты. Сондай-ақ осы жылдан бас­тап тарифтік жеңілдіктер периметріне елдің электр өнеркәсібіне қажетті тауарлар кірді.

Отандық өндірісті қолдау

Фото: primeminister.kz

Қазақстанға титан диоксидін әкелуге 5% мөлшердегі бірыңғай кедендік тарифтің орнына нөлдік уақытша баж тағы 2 жылға ұзартыл­ды. Бұл зат титан құймалары мен қорытпаларын өндіруде қолданылады. Қазақстанда оның жалғыз тұтынушысы – Өскемен титан-магний комбинаты. Әлемдегі ең ірі титан өндірушілерінің бірі АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия және басқа елдерге әлемдік аэроғарыш саласының өндірушілері сертификаттаған өнімдерді экспорттайды.

Қазақстанда титан диоксиді өнді­рілмейді, Өскемен титан-магний комбинаты оны шетелдік жет­кізушілерден сатып алады. 2022 жылы комбинат шикізатты пайдалануды 2021 жылмен салыстырғанда екі есеге арттырды. Бұл көрсеткіштер өседі деп күтілуде, өйткені бүгінде зауыттың жүктемесі қолда бар қуаттардың тек 32%-ын құрайды. Бес пайыздың орнына импорттық кедендік баждың нөлдік ставкасы дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Отандық өндірушіні қолдаудың тағы бір шарасы – ЕЭК Кеңесінің титан сынықтарын әкелуге баждың нөлдік мөлшерлемесін қабылдауы. Оны шикізат ретінде пайдалану да­йын өнімді шығаруды едәуір арттырады және арзандатады. 2022 жылы комбинат титан сынықтарын тұтынуды 2018 жылмен салыстырғанда 56%-ға арттырды. 2025-2026 жылдары әкелу көлемін 600 тоннаға дейін ұлғайту жос­парланып отыр.

Трансформаторлар өндірісі үшін тауарлардың төрт түрін 2 жылға әкелу баждарын төлеуден босату елдің электротехникалық өнеркәсібін дамыту үшін үлкен көмек болады. Бүгінгі таңда алты қазақстандық зауыт электротехникалық өнімнің 300-ден астам түрін шығарады. Олардың өнімділігі жылына 32 мың дана өнімге жетеді, ал жүктеме қолда бар қуаттың 64%-ын құрайды. Кедендік бажды алып тастау түрінде жеңілдіктер беру отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жоға­ры дәрежеде өңделген экспортқа бағ­дарланған өнім шығару көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ елге сублимация­лық сияны бажсыз әкелу екі жылға ұзартылады. Олар жеңіл өнеркәсіп­те әртүрлі мақсатта суреттер басып шығару үшін қолданылады – ыдыс-аяқ, киім, кәдесый өнімдері және т.б. Сублимациялық сияға әлемдік сұраныс жыл сайын артып келеді, ол арзан және сапалы принтерлердің пайда болуымен және осы бизнестің танымалдылығының артуымен байланысты. Республикамызда осы өнім импортының көлемі 2020 жыл­ғы 289,6 тоннадан 2022 жылы 394,4 тоннаға дейін өсті. Болжам бойынша суреттерді басып шығаруды қажет ететін өнімдер өндірісі жыл са­йын 3%-ға өседі. Ал баждың нөлдік мөл­шерлемесі бизнеске босатылған қаражатты негізгі капиталға бағыт­тауға және еңбекақы қорын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ЕЭК Кеңесінде кендір немесе басқа тоқыма тал­шықтарынан жасалған иірілген жіптерге, сондай-ақ оптикалық шы­ны­дан жасалған шыбықтарға қатыс­ты кедендік баждардың нөлдік мөл­шерлемелерін белгілеу туралы шешім қабылданды.