Фото. Үкімет, телеграм
«Қазір орын алған жағдайды есептеу-бағалау жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керек. Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қаупіне қатысты тиісті мониторингті қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдай қаупі туындаған кезде шұғыл әрекет ету шараларын қабылдау керек», деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әріновтің баяндауынша республикалық және өңірлік жедел штабтар құрылып, 384 азаматтарды қабылдау пункті ұйымдастырылды. Тәулік бойы «жедел желі» жұмыс істеп тұр. Оқиға орын алған күні қабылдау пункттерінде үш мыңға жуық адам орналасты. Әкімдіктермен қираған ғимараттарды анықтау бойынша тексеру жалғасып жатыр. Сел қаупі бар аумақтарда аэровизуалды зерттеу жүргізілді. Алгоритмге сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері тартылды. Алматы қаласы бойынша барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта ел бойынша сейсмикалық жағдай тұрақты. ТЖМ профилактикалық жұмыстарды жалғастырады.