Әдебиет • 05 Наурыз, 2024

Сәуледей үзілген сәттер

170 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ат суара барғанда жылғаға мен,

Ашаң жүзің ашылып бір қарап ең.

Құлағыңда ай сырғаң дір-дір етіп,

Енді үзіліп кетердей тұрған әрең»,

деп басталар еді Мұқағалидың бір өлеңі. 

Сәуледей үзілген сәттер

Ендігі ақындар жырлай қоймайтын, осындай өлеңдерден, бұрынғы картиналардан, ерте­ректегі кинолардан ғана тамашалап түйсінер сурет шығар. Ат суармақ былай тұрсын, су тасу, отын әкелу сынды ауыл тірлігінің бірі жоқ қазір. Қырдың келмеске кеткен суреттері. Есе­сіне, алақандай әйнектен (сотка) әлемді қы­зықтап отырасыз.

Оқырманды бірден баурап ала жөнелетін осы шумақтың алғашқы жолында ғана өзін айтады ақын. Әрі қарай оқиғаға арқау болған аруға үңілдіріп қояды. Әсте солай ма? Бірақ... Қыздың құлағында дір-дір еткен ай сырға мен жігіттің сезімдері қатар өрілмей ме? Енді үзіліп кетердей әрең тұрған сырға ма, соған көзі түскен жігіттің қу жаны ма? Демек өзін де, өзгені де жарылқаған сәттің жалт еткен құбылысы ширатылып ішке құлап үлгереді.

Қазақ поэзиясында бұл тақылеттес жырлар аз деймісіз? Ол тұрмақ, Есенинде де кездеседі екен. Орыс ақынының «Әнге еліктеу» деген сол өлеңін Ғафу Қайырбеков тамаша тәржімелеген.

«Ат суардың ауыздығын алмастан,

Ақ қайыңдар балтырыңа жармасқан.

Терезеден тұрмын қарап, тұрмын мен,

Сөйлесуге сәулем сендей құрбыммен.

Ақ айдынның жағасында ерніңнен,

Ауыртып бір сүйіп алсам дедім мен»,

дейді де, ерке қыз оған езу тартып, еліктіріп кетіп қалғаны турасында жырлайды. Жақын барып сөйлесіп, қауышпаған. Алайда арада біраз уақыт өтіп кеткен соң:

«Мен тағы да терезеге келгенде,

Сені әкетіп бара жатты жерлеуге»,

деп келтесінен қайырады. Десе де «қайта көріп кескініңді сол күлген, сол сыңғырды есті­гендей болдым мен» деп аяқтайды. Арман бейненің ажал тырнағына ерте ілінгенін ойлап қапаланбайды, қаралы топ арасынан қайтыс болған қыздың бет-бейнесін көргенде бұрнағы күндері ат суарғандағы күлкісі елестегенін айтады. Өкініш жоқ. Ел ойлағандай өлім аса қорқынышты емес, өмірді қалай қабылдасаң, өлімге де солай қарау ләзім дегенді айтқысы келетіндей сезіледі. Және бұл жерде қол жеткізіп, құшаққа алып сүюдің де маңызы жоқ екенін айтқысы келетін сынды. Бастысы, көрді, жан-жүрегі ұшқын атты, күй кешірді, әрі қарайғысы пендеауи құмарлық па екен деп қаласыз.

Ал қазақ өлеңінің мұзбалағы тақырыпты кең ауқымда жырлайды. Келтесінен қайырмайды. Ұлттық мазмұнда орындалған «Ат суара барғанда...» жыры – кең тынысты туынды. Қазақ қыз-жігітінің таныстығы мен уақыттың өтпелі көші кеңістікте қарастырылған. Қыз бен жігіт жеке кездессе де, иба сақталып тұр, бейбастақ, ұрын ой жоқ. «Ауыртып сүйіп алғым келді» демейді. Бозбаланың аттан құлауы, жігіт жүрек қыздың соның атына мініп қыр асып кетуі автордың тақырыпты шиеленістіру үшін кіріктірген суреттері болуы мүмкін. Тіпті осындай оқиға басынан өтті ме, өтпеді ме, ол да беймәлім. Алайда сана түкпірінен көтерілген сезімдер, сонау өткен дәуірде қалған ақпараттар екені анық. Басы­нан өтпесе де, ақынның табиғатына жат емес. Сіңісті дүние екені байқалады. Осы далада туған баланың көкейіне қонымды сурет. Мә­селе, сол суреттің жаны мен жүрегіне айнал­ған – жігіт кешірген сезім. Тағдырын өзі таңда­ған әлгі батыл, ержүрек қыз бәлкім өтіп кеткен тұтас дәуір ме дерсіз. Өйткені жігіт аттан түсіп қалды, қыз жүйрікке мініп кетті ғой.

«Қимыл сайын майысып бос буының,

Асылып тұр арқаңа қос бұрымың.

Құла бесті құлағын тіге қалды,

Қыз көрмеген мақұлық, осқыруын!

Жақындатпай жаныңа үрікті кеп,

Тарпаң неме тулап тұр бүлік тілеп.

Жолбарыстай атылып тізгінді алдың,

Отты, өжет қыз едің, жігіт жүрек.

Тарпаң неме тайсалды қуатыңнан,

Құлай түстім қасыңа құла атымнан.

Ерге қондың. Жөнелдің ен далаға,

Артыңда тек шаң қалды шұбатылған»

болып жалғасқан өлең әрі қарай да еліктіріп, арынымен баурай береді. Шұбатылған шаң­дай ұзаса да, жалықтырмайды. Шығарманың бо­йында қыз құлағында үзілердей дір-дір еткен сырғадан білінген сәуледей бір ғажап сиқыр бар. Ынтық сезім бе, ізгі аңсар ма, ол жағын түйсігіңіз біледі.