Саясат • 07 Наурыз, 2024

Моника Иверсен: Екіжақты келісімнің жемісі мол

126 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елімізде неміс этносының 226 мың өкілі тұрса, Германияда Қазақстаннан қоныс аударған 1 миллионнан аса бұрынғы жерлестеріміз тұрады. Олар жергілікті халықпен қоян-қолтық араласып, екі елдің арасында алтын көпірге айналды. Бүгінде Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптесі. Неміс мемлекетінің Орталық Азия елдерімен алыс-берісінің 83 пайызы біздің елге тиесілі. Ендігі мақсат пен мүдде де айқын. Бұл – жоғары деңгейде қалыптасқан саяси диалог аясында түрлі саладағы өзара тиімді қарым-қатынастың қарқынын дамыту. Осы орайда екі халықты жақындатуда еңбек сіңіріп жүрген Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моника Иверсен таяуда газетімізге арнайы сұхбат берген еді.

Моника Иверсен: Екіжақты келісімнің жемісі мол

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Моника ханым, екі мемлекеттің жеткен жетістігі көп екенін жиі айтамыз. Нақты қандай салада ілгері­леу­шілік бар немесе қай сала дамытуды талап етеді?

– Дипломат ретінде Қазақстанда қызмет етіп жатқаныма екі жыл болды. Осы аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстың берік орнағанына көзім жетіп отыр. Сондай-ақ тығыз достық қарым-қатынасымыз тамырын тереңге жайып, одан сайын дами береді. Германия – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі және біз сол кезден бастап Қазақстанмен ын­ты­мақтастықта болуды қатты қала­дық. Орталық Азия елдерінің бірі ретінде Қазақстанды әрқашан қолдадық және қолдай береміз. Сондықтан екі ел экономика, мәдениет, саясат сияқты кез кел­ген салада ортақ тіл таба білді. Қазір ғылыми саладағы қарым-қатынасымыз да жанданып келеді. Экономикадағы ынтымақтастыққа да қол жеткізе алдық. Себебі экономикалық саладағы екі­жақты келісім жемісін беріп жатыр және бұл байланысты үзу мүмкін емес. Сонымен бірге азаматтық қоғам, мәдени, жоғары білім беруді зерттеу саласында да байланыс орнаттық. Мұндай қарым-қатынастың маңызы жоғары. Кейінгі уақытта климат, жаңартылған энергия көздері мен жаңа технология секілді қызықты әрі маңызды мәселеде ортақ шешімдерді табуға тырысып жатырмыз.

– Былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барды. Бұл сапар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа қандай серпін береді?

– Былтыр мемлекеттер басшы­ла­рының кездесулері екі халықтың ара­сын­дағы достық байланысқа жаңа сер­пін әкелді. Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер осында келді. Көп ұзамай Қазақстанның Мемлекет басшысы Германияға сапары барысында Федералдық Канцлер Олаф Шольцпен және Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөз жүр­гізді. Сонымен қатар сапар аясында Қазақстан Президенті халықаралық «Berlin Global Dialogue» форумына қатысып, Германияның іскерлік қоғамдастығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізгенін білесіздер. Кездесудің маңыздылығы да осында. Себебі мұндай сапарлар қарым-қатынастардың саяси дамуына жаңа жол ашады.

Осындай ортақ ке­лісім­дердің ар­қа­сында екі елдің уни­вер­ситет­тері арасындағы байланыста да дина­ми­калық даму бар. Бұл – өте қуан­тарлық жаңалық. Германияның жоға­ры оқу орындарының Қазақстан уни­вер­си­тет­терімен ынтымақтастық орнатуға қызы­ғушылығы артып келеді. Мәселен, Берлин университетінің делегациясы осындай мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Білім саласындағы байланыстың жандануы – жақсы үрдіс және жаңа бастамаларға екі тараптың қызы­ғушылықпен қарап отырғаны қуан­тады. Бір ғана мысал, Ақтау қала­сын­дағы Ш.Есенов атындағы университетпен ынтымақтастықта жұмыс істейтін Алматыда орналасқан Қазақстан-неміс университеті бар. Тұрақты инженерлік ғылымдарға бағытталған бұл жоба былтыр қыркүйекте басталды. Осыған ұқсас жоба Өскемендегі техникалық университетінің базасында жүзеге асады деп үміттенеміз. Елшілік техника және шикізат өндіру, инженерлік ғылымдар саласына бағытталған жобаның жемісті болуына әрқашан қолдау білдіруге да­йын.

Жаңа сіз «Қай сала дамытуды талап етеді?» деп сұрадыңыз. Қазақ­стан­да неміс тілін дамытуға келгенде олқы тұсымыз барын айтпай кете алмаймыз. Рас, сіздің елде неміс тілін тереңдетіп оқытатын мектептер бар. Бірақ қазір неміс тілі мұғалімдерінің көбі зейнет жасына келді. Сол үшін бізге неміс тілі мұғалімдерінің жаңа буынын даярлау өзекті.

– Кейбір елшіліктер тегін тіл курс­тарын ұйымдастырады. Сіздер неміс тілін оқы­ғысы келетіндерге осындай мүм­кін­дік қарастырғансыздар ма?

– Әрине, мұндай мүмкіндік болғанын біз де қалаймыз. Алайда неміс тілінің мұғалімдерін Германиядан алдырту өте қиын, көбі шетелге келгісі келмейді. Соған қарамастан осындағы Гете инс­титутында тіл орталығымыз бар. Сол жерде ақылы неміс тілі курстары жұмыс істеп тұр. Дегенмен елшілік тарапынан белгілі бір тақырыптарда түрлі грант ұсынамыз. Мысалы, азаматтық қоғам және ҮЕҰ саласында адам құқықтары бойынша жобаларымыз бар. Осындай мүмкіндіктерге қол жеткізгісі келетіндер болса, елшілікке келіп өтініш бере алады. Алайда олардың өзіндік шарттарын орындау керек. Сондай-ақ бізде экология бойынша шағын гранттар бар. Халықтың осал топтары мен кейбір шағын ұйымдар үшін бөлінетін гранттардың мақсаты – біздің тарапымыздан қандай да бір гуманитарлық қолдау күтетін, не болмаса жабдықпен қамтамасыз ету секілді көмекке мұқтаждарға жәрдем беру. Тағы бір мүмкіндік – Германияға тақырыптық сапарлар ұсынылады. Бұл журналистерге де қатысты. Мысалы, кино саласы мамандары Берлинале фестиваліне қатыса алады. Бізде де белгілі бір тақырыптық сапарларға жолдама байқауы бар. Бірақ бұл бүкіл әлемдегі Германия елшілігінің сынағы болғандықтан, іріктеу қатаң өтеді. Айталық, адам құқығы туралы жобада үміткерлер азаматтардың өмірі мен бостандығын сақтауда белгілі бір деңгейде үлес қосқан адам болуға тиіс.

– Қазақстанда тұрып жатқаны­ңыз­ға көп болмапты. Осы уақытта қазақ пен неміс ұлтына ортақ қандай қасиетті байқадыңыз?

– Қазақстанға келгенге дейін Біш­кекте төрт жыл елші болып жұмыс істе­дім. Сондықтан Орталық Азия өңірі­мен танысуым екі жылдан да көп. Ал біздің халықтарымызға келетін болсақ, ең алдымен, сөзімді сталиндік қуғын-сүргін кезінде осы топыраққа жер аударылған немістерден бастаған болар едім. Себебі Қазақстанда тұратын және тұрған неміс өкілдері – екі халықтың қасиетін байланыстырушы буын. Олар­ды мұнда жергілікті тұрғындар өте жылы қабылдады. Қазақ халқының осын­­дай қасиетіне жауап ретінде олар да ел дамуына өз үлестерін қосты. Көптеген неміс Қазақстаннан Гер­ма­ния­ға қоныс аударса да, әлі күнге дейін жылы естеліктерін сағына еске алады. Сол үшін де этникалық немістер – екі ел арасын байланыстырушы алтын көпір. Меніңше, тығыз қарым-қатынаста өмір сүрген екі ұлт бір-бірінен жақсы қасиеттерін сіңіре алды. Осы бір-бірінен үйренген мәдени-рухани байланыс екі ұлттың бұдан да жақынырақ тануына мүмкіндік берді. Мысалы, немістің тәртіпсүйгіштігін қазақтан, қазақтың бойындағы дарқандықты немістің бо­йынан көріп жүрмін. Шыны керек, қазақ топырағындағы түрлі этнос өкілінің тату-тәтті өмірі таңғалдырады. Бұл – өте үлкен жұмыстың жемісі және қазақ халқының қасиетінен болса керек.

– Біздің елде жұмыс істейтін неміс компаниялары көп. Іскер топтардың қызығушылығы қандай салаға ауып отыр?

– Екі ел арасындағы ынтымақтастықта белгілі бір деңгейге жеттік. Соның ішін­де логистика саласындағы ынты­мақ­­тастықтың үлкен әлеуеті бар. Транс­каспий дәлізінің болашағы зор. Қазақ­стан – қазірдің өзінде транзиттік ел. Сондықтан неміс логистикалық фир­малары үшін ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласына үлкен қызығушылық бар. Сондай-ақ климат пен экологияға қатысты перспективаларды көріп отырмын. Себебі Қазақстан өз экономи­ка­ны декарбонизациялауға өте мүд­делі. Германия да бұл стратегияны қабылдады. Бұл бизнес үшін де пай­­далы болады. Қазіргі жағдайда шығарындыларды азайту маңызды мәселеге айналды. Германияда бұл салада айтарлықтай тәжірибе бар. Германия да өз ресурстарын климаттың өзгеруінен болатын зияннан қорғауға тырысады. Мұндай мәселе Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да өткір тақырыпқа айналды. Сонымен бірге Қазақстанда жаңартылатын энергия көздеріне көп көңіл бөлініп отыр. Ал бұл салада біздің тәжірибеміз бар. Мысалы, Саранда салынған күн стансасы – елеулі өндірістің бірі. Осы жаңартылатын энергия көздері – екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған үлкен әлеует. Бұдан басқа коронавирустан кейін ден­сау­лық сақтау саласында атқаратын ортақ шаруамыздың көп екеніне көзіміз жетті. Сол себепті неміс компаниялары бұл салада да ынтымақтастыққа қол жеткізуге мүдделі.

– Көлік туралы айтып қалдыңыз. Неміс көліктерінің әлемдік бәсекеде дес бермей келе жатқанын білеміз. Оның үстіне былтыр машина жасау туралы келісім болатыны қуантып қойды. Әлемдік деңгейдегі алпауыт көлік компанияларының Қазақстанда зауыты ашылатын күн жақын ба?

– Мен де дәл сіз секілді қатты қуанар едім және қос қолымды көтеріп қолдауға бармын. Бірақ мұндай шешімдерді ірі кәсіпорындардың өздері қабылдайды. Олар ең алдымен өздерінің пайдасына көбірек көңіл бөледі. Нарықтың жағдайын жан-жақты зерттейді. Мәселен, зауытты білікті кадрлар мен тиісті мамандармен толықтыру керек. Екіншіден, компаниялар экономикалық климатқа сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан олар өз өнімдерін Орталық Азия нары­ғы­на шығара алатын мүмкіндікті молынан қарастырмай жатып, шикі шешім қабылдай алмайды. Дегенмен Герма­ния­ның іскер топтарын осы жерде электр көлігін дамыту ісі қызықтырады. Біз де өз кезегімізде олар үшін бұл жерде қандай нәрсеге белсенді назар аударуға болатынын уақтылы хабардар етуге тырысып жатырмыз.

– Аймақтарды дамыту бойынша ортақ жобалар бар ма?

– Өңірлерді дамыту бойынша бірнеше жоба жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Ақтауда жасыл сутегі өндірісінің күн және жел энергетикасы негізінде қолға алынған жобаны айтар едім. Бұл – аймақтың дамуы үшін өте маңызды үлес. Таразда тағы бір неміс кәсіпорны өндіріс ашуға ниетті. Жалпы алғанда, аймақтарды дамыту саласындағы мүм­кін­діктерді қарастырып жатқан неміс кәсіпорындары бар.

– Неміс халқын тәртіпсүйгіш ха­лық ретінде танимыз. Сіздің уәде беріп, орындай алмай қалған, ша­қырған жерге кешігіп келген сәтіңіз бола ма?

– Қызық сұрақ, бір жағынан өткір сұрақ (күлді). Уәдені бейберекет беруге болмайды. Уәде бермес бұрын адам алдымен өзін терең тануға тиіс. Сөзімді орындай алатыныма әбден көзім жетсе ғана уәде беруге тырысамын. Кейде аймақтарға барғанда әңгімелесушілерім елші ретінде менен үлкен үміт күтетінін білемін. Алайда алдымен адами тұр­ғыдан, екіншіден, елші ретінде жауап­кершілік артылатындықтан, уәде беруде өте сақ болу керек. Ал уәде берсем, орындауға тиіспін. Кешігуге келетін болсақ, күмілжитін кезім болады. Клас­сикалық неміс ұқыптылығы туралы жиі айтылады. Бірақ кейде кездесулерге үнемі уақытында келе алмаймын. Бұл туралы әңгімелесушілерімнен естимін. Ондай кезде «Сіздің неміске тән ұқыптылығыңыз қайда?» деп сұрап жатады. «Германия қазір жаһанданып жатыр. Біз де өзгеріске ұмтылып жатырмыз. Әрқашан ұқыптылардың қатарында болғымыз келмейді», деп әзілдейтінім бар.

Сізге тағы бір қызық айтайын. Уақы­тын­да келіп, соңы келгенше сар­ғайып күткен кезім де болады. Боливияда үш жыл жұмыс істедім және сол жерде бір көрмеге уақтылы келдім. Сөйтсем, ұйымдастырушылар ең соңғы суреттерді көрмеге жаңадан іліп жатыр екен. Кешігу қалыпты болып қабылданып, Гер­манияға оралғанда, қайтадан тәр­тіп­сүйгіштікке бейімделуге уақыт кетіруге тура келеді. Өйткені мен үшін уақы­тында келу маңызды. Бұл – біздің неміс ұлтының қанына сіңген қасиет.

– Екі жылда қанша өңірге жолыңыз түсті? Қандай әсер алдыңыз?

– Алғашқы сапарым киелі Түркістан жерінде өтті. Тарихи кесенелердің руха­ни атмосферасы болатынын сезіндім. Одан кейін ару қала – Алматыға аялдадым. Қаланың әсем табиғатына сүйсініп қайттым. Бұл қалада көптеген неміс компаниясы жұмыс істейтіндіктен, жиі жолым түседі. Алматы секілді ландшафтысы бар әдемі қалаға қанша барсам да жалықпаймын. Павлодар мен Петропавлға да бардым. Әлі де баратын өңірлердің тізімі көп.

– Елшілердің көбі қызмет етіп жатқан елдің тілін үйренуге қызығу­шы­­лық танытып жатады. Біздің елде де кейбір елшінің қазақ тілін үйренуге деген ниетін байқап жатамыз. Қазақ тілін үйренуге деген талпынысыңыз қалай?

– Оқып жүрген кезімде түрік тілін оқыдым және үш жыл бойы Түркияда дипломат болып жұмыс істедім. Түркі­тіл­дес халықтардың тілі өте ұқсас бол­ғандықтан, кейбір қазақ сөздерін түсі­немін. Ешқашан тіл үйренуден қаш­паймын. Сондықтан қазақ тілін үйрену – менің келесі бір жобам.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»