Таным • 08 Наурыз, 2024

Әлемдегі тұңғыш программист әйел

210 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Августа Ада Кинг Лавлейс – «программалау анасы» және алғашқы машина алгоритмінің авторы ретінде тарихқа енген әйел. Тіпті халықаралық бағдарламаушылар күнін Аданың туған күніне байланысты бекіткен. Ол өз әріптесі Чарльз Бэббидждің есептеу машинасына арнап алғаш бағдарлама жазғандықтан, әлемдегі тұңғыш программист атанды.

Әлемдегі тұңғыш программист әйел

Ада Лавлейс – ағылшынның ұлы ақыны Джордж Байрон мен Изабелла Ноэль-Байронның жалғыз қызы. Екеуі де дарынды және білімді ақсүйектер әулетінен шыққан. Бірақ бұл неке сәтсіз болды. Ада Лавлейс жарық дүние есігін ашқан соң, ата-анасы ажырасып, сәби анасымен қалады. Анасы қызының ғылым жолында білім алуы үшін барын салды. Ол кезде математика және жаратылыстану ғылымдарын негізінен тек ер адамдар оқитын. Алғашында ешкім жас қызды мойындамады. Бұл көзқарас Ада Лавлейсті шыңдап, керісінше оның математика саласын одан әрі зерттеуге деген талпынысын күшейте түсті. Бойжеткен шамамен 17 жасында өнертапқыш Чарльз Бэббиджмен кездеседі. Осы сәттен бастап оның өмірі түбегейлі өзгерді. Алғырлығымен көзге түскен қыз кейіннен Чарльздің шәкірті атанды. Бэббидждің арқасында Ада Лавлейс Лондон университетінің профессорларынан білім алып, математиканы тереңірек оқи бас­тайды. Осы кезеңде Чарльз математикалық есептеуді жүргізуге арналған машинаны жасау жолында жүрген еді. Лавлейс те 1841 жылдан бастап Бэббидж машинасын зерттеу­мен шындап айналысады. Оның мұндағы ең басты жұмысы Бернулли сандарын есептеуге арналған бағдарлама құру болды. Бұның бәрі Ада Лавлейстің болашақта ашатын жаңа­лығына апаратын дайындық жолы еді.

Күндердің күнінде Чарльз «Турин» универ­­ситетінде аналитикалық машинаны ойлап табу туралы баяндама жасады. Ал оның әріптесі, математик Луиджи Менабреа француз тілінде дәріс оқиды. Ада фран­цуз тілін де, математиканы да жақсы бі­летін. Солай тәлімгері қызға осы дәріс мә­ті­нін ағылшын тіліне аударуды тапсырады. Ол мәтінді жай аударып қана қоймай, ғалымдарды идеяларымен таңғалдырады. Нәтижесінде оның мақаласы бастапқыда аударылуы керек мәтіннен үш есе көлемді болып шықты. Лавлейстің толықтыруларынан оның аналитикалық машинаны жетік меңгергені белгілі болды. Бұдан кейін Бэббидж Аданы «Сандар сиқыршысы» деп атап кетті.

Бүгінде «Lovelace» бағдарламасы қолда­ныста жоқ. Бірақ бұл XIX ғасырдағы керемет жетістік болып, қазіргі программалау білімінің бастауында тұр. Еңбегін замандастары жоғары бағалады. Тіпті оның есімі атақты ғалымдардың атымен қатар аталады. Лавлейс болашақта компьютерлер тек сандармен жұмыс істеуі үшін ғана емес, бұдан да маңызды дүние жасауға қажет болады деп болжай білген. Ал қазір тапқыр ғалымның айтқаны айдай келді. Ол осы күнге дейін көкейкесті болып келген программалаудың негізгі принципін жасап әрі машиналардың мүмкіндігін теория түрінде көрсеткен алғашқы адам болды. Содан бері IT саласындағы көрнекті әйелдердің бірі ретінде тарихта қалды.

Ада Лавлейсті есте сақтау мақсатында 1980 жылы ойлап табылған әмбебап бағдарламалау тілі «АДА» деп аталды. Американың Қор­ғаныс министрлігі осы «АДА» тілін Амери­ка қарулы күштерінің бірыңғай бағдарламалау тілі ретінде, кейін оны бүкіл НАТО үшін де бекітті. Сол сияқты Ада Лавлейс­тің құрметіне Американың Алабама және Оклахома штат­тарындағы кішігірім екі қала оның есімімен аталды. Оклахомадағы бір колледж де соның атында.

Ада Лавлейс 37 жасында, 1852 жылы 29 қарашада өмірден озды. Оның әкесі де осы жаста, ерте қайтыс болған еді. Ол Байрондар кесе­несіндегі әкесінің қасына жерленді. Қыс­қа ғұмыр кешсе де, жас математиктің бір ғана еңбегі оның есімін тарихта тұңғыш бағдар­ламалаушы ретінде жазып қалдырды.

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті