Тарих • 08 Наурыз, 2024

Оралына оралмаған қыз

1993 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасының тағы бір қаһарманы ақталды. Жақында Алматы қалалық прокуратурасы Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заңы негізінде Гүлзада Нәбиқызы Қалелованы саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды. Гүлзада Қалелова деген кім? Неге бұл қыз туралы осы кезге дейін білмей келдік? Оқырманның көкейінде осындай сауал тұрғаны анық. Бәрін басынан бастайық.

Оралына оралмаған қыз

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жасын ғұмыр

Гүлзада Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ілбішін ауылында 1969 жылы 21 мамырда дүниеге келген. Отбасында Гүлзададан кейін екі ұл – 1972 жылғы Серік пен 1975 жылғы Мереке болған. Әкесі Нәби 1939 жылы, анасы Қалампыр 1940 жылы туған, ауылдағы қарапайым қызметкер бо­лыпты. Гүлзада отбасының тұң­ғышы, елгезек, сабаққа алғыр болған. Көзінің үстінде меңі бол­ғандықтан ағайындары Гүлзада­ны «Меңсұлу» деп атап кеткен екен. 1984 жылы ауыл мектебі­нен сегізінші сыныпты бітіріп, 15 жа­сында Алматыға аттанады. Өз қалауымен кинотехникумға оқу­ға түседі. Жатақханада тұрады. Гүлзада техникумда өз тобының старостасы болған. Ата-анасы Алматыға, қызына жыл сайын барып тұрған, бірге түскен фо­толары сақталған. 1986 жылдың желтоқсанына дейін еш жаманат хабар болмаған.

«Әкем бірбеткей адам еді. Өз дегенімен жүретін. Гүлзада 8-сыныпты бітірер кезде газеттен Алматыдағы кинотехникумға оқуға шақырған хабарландыруды көріп, «мен сол оқуға ба­рамын» деп шешіпті. Әкем қы­зының қалауына қарсы шықты, қаршадай қыз баланың алысқа кетуін қаламады. Бірақ өжет қыз ақыры әкемді көндірді», дейді інісі Мереке.

Гүлзада туралы ең алғаш біліп, жарияға шығаруға көп еңбек еткен ауыл мұғалімі Алдабер­ген Сәрсековтің айтуынша, Қале­ловтар отбасына ең алғаш суық хабар 1986 жылдың соңында келген. Гүлзаданың кураторынан «Сіздің қызыңыздың тәрбиесі нашар, бұзақы, бұзақыларға ілесіп, қылмыстық әрекеттер жасады» деген мағынада хат алған. Ата-анасы алаңдап, қызына бірнеше хат жазған, елге қайтуын сұраған. Бірақ еш хабар ала алмаған, телефонмен де тілдесе алмаған. Көп кешікпей ақпан айының ішінде бірінен соң бірі екі жеделхат ке­леді. Екеуі де Алматыдан. Бірін­шісінде: «Қызыңыз ауырып қалды, келіңдер» десе, екін­шісінде: «Қызыңыз қайтыс болды» деп жазылған екен.

Мереке Нәбиұлының айтуынша, Гүлзада желтоқсан күндері өте белсенді болып, өз тобын, студенттерді бастап шыққан. Жа­рақат та алған. Содан кейін тер­геу орындарынан қашып жүр­ген, өз бетімен емделген. Бір қы­зығы, Гүлзаданың 1987 жылы 4 қаңтарда Орал қаласында оқитын немере сіңлісі Нұргүлге жазған хаты сақталған. «Менің халім жақсы. Денсаулығым да жаман емес. Бәрі де ойдағыдай өтіп жатыр. Алматыда қазір күн жылы. Жаңа жылды қарсыз қарсы ал­дық. Қалада қар жоқ, жауып, тез еріп кетеді. Ауылдан хат алып тұрам. Папамдар да хат жазып тұрады... Сені қатты сағынып қалдым. Хат жазып тұр» дейді батыр қыз. Желтоқсандағы оқиға, жарақат, қуғын туралы бірауыз сөз жоқ. Тек тұспал, ым ғана сезілетіндей...

Інісінің айтуынша, Гүлзаданы ақпанның 5-іне қараған таңда ұстаған. «Апам қарсыласты ма екен, әлде сол кезде қаны қарайған жендеттердің қолы қатты тиді ме, шүйдесінен сапер күрегімен қатты соққы алған секілді. Бас сүйегі сынып, миына зақым келген. Содан ауруханада қайтыс болған.

Ашып айтылмаса да оқыс, тү­сініксіз оқиға болғаны анық еді. Әкесі Нәби жыларман күйде: «Құдай-ау, қыз бала қандай тәр­тіпсіздік жасауы мүмкін» деп, үй­ге кіріп-шығып аласұрғанмен, одан басқаға дәрмені жоқ. Сү­йекті алып келуге әкесімен бірге Алматыға ауылдағы мектеп директоры Мәуленбай Бақтығұлов пен күйеу баласы Мұрат Тілепов барған. Мырыш табыттағы мә­йітті Орал қаласына ұшақпен жет­кізген, әуежайда Ілбішін сов­хозының директоры жіберген кө­лік күтіп тұрған. Осылайша, Гүл­заданың мәйітін жедел ауыл­ға әкеліп, Қабыл ауылының жа­нындағы зиратқа жерлеген.

Айтпақшы, жерлер алдында анасы «қызымның маңдайынан бір иіскейін» деп, тыйым салын­ғанына қарамастан, табытты аш­тырған. Темір қораптың ішінде қызыл матамен қапталған ағаш табыт болыпты. Марқұмның басы ақ дәкемен шандып байланған екен. Немере ағасы Аян Қалелов Гүлзаданың басын сәл көтермек болып қолын сұққанда, шүйде тұсындағы сүйек мүлдем жоқ, мақтадай былқылдап жатыпты. Бірақ қайғыдан қан жұтқан анасы одан әрі уайымдамасын деп барынша білдірмеген...

 

Кейінгі қуғын

«Сол 1987 жылы наурыз айын­да түнгі 11-12-лер шамасында үйге үш адам келді. Мен 11-де, ағам 13-те болатын. Бәрі есімде. Келгендердің бірі қазақ екен, екеуі славян нәсілді. Әкемді аула­ға алып шықты. Қараңғы уақыт қой. Әлгі қазақ анамды балаларымен бірге жібермей тұрды, қал­ған екеуі әкемді сабап тастады. Әңгімеден ұққаным: «Мырыш табытты неге ашасыңдар? Сенің қызың бұзақы, маскүнем, жеңіл жүрісті. Совет үкіметіне қарсы шық­қан. Егер осыдан ләм деп ауыз­дарыңды ашатын болсаңдар, жақсылық күтпеңдер! Ондай қы­зың болғанын ұмытыңдар!». Бұл – Мереке Нәбиұлының естелігі.

Бұл «қонақтар» кетерінде үй­дегі Гүлзаданың туу туралы куә­лігін, басқа да құжаттарды алып кеткен. Осыдан кейін Қалелов­тер отбасына араға 2-3 ай салып белгісіз адамдар келіп, түрлі сұ­рақ­қа алып отырған.

«Жалғыз қызының қайғысы әкеме де, шешеме де қатты тиді. Әкем 1994 жылы 55 жасында өмірден өтті. «Белгісіз адамдар» енді анамды мазалай бастады. 1997 жылы ауылдан Оралға көшіп кеттік. 2003 жылы 1 қараша – менің туған күнім еді. Дәл осы күні Оралдың №5 маршруттағы автобусында анам жүрек талмасы ұстап қайтыс болды», дейді Мереке.

 

Алғашқы із

1997 жылдың қазан айы еді. 1930-жылдардағы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөнінде жұмыс басталып, бұл іске арнаулы органдардың өзі ықыласты кезі болатын. Ақ­жа­йық ауданы әкімінің аппара­тында жауапты қызметте жүрген Ал­даберген Сәрсеков пен аудан­дық газет редакторы Болат Ес­қа­лиевке арнайы тапсырма бері­леді. Ол тапсырма – Ұлттық қа­уіп­сіздік комитеті облыстық бас­қармасының мұрағатынан 1930-жыл­дары сталиндік репрес­сия, ұшыраған Ақжайық тұлға­ларының ісімен танысып, ақтауға ұсыну, мақала жазу болатын.

– Бізге бір топ көне папканы дайындап қойған екен. Оларды қарап отырып, сырты жаңа бумаға тап болдым. Ішін ашып қарасам, Гүлзада Қалелованың желтоқ­сан оқиғасынан кейін ұсталға­ны, тергеушіге берген жауабы екен. Біздің ауданнан, Ілбішін ауылынан екенін көрген соң жалма-жан қажетті тұстарын көшіріп алдым. Ел тәуелсіздігі жолында қыр­шын кеткендердің қатарында жер­лес қарындасымыз болғанын бі­ліп, жүрегім елжіреп кетті. Алайда мұ­рағаттан шығарда есік алдында отырған кезекші «мұны алуға болмайды» деп, Гүлзадаға қатысты жазғанымның бәрін сыпырып алып қалды, – дейді Алдаберген Сәрсеков.

Осы оқиғадан кейін Гүл­зада Қалелованың бірден-бір жоқ­таушысы – Алдаберген Сәрсеков болғанын айту керек. Алғаш рет Гүлзаданың үйін іздеп барып, Қалампыр анамен жолыққанда, қаһарман қыздың анасы жүрегі жарыла қуаныпты. Бірақ қуа­нуға ерте екен. Гүлзада туралы жергілікті басылымдарға қан­ша мақала жазылды, ресми орын­дарға қанша сұрау салынды – еш нәтиже жоқ. «Мұндай адам туралы еш мәлімет жоқ» деген жауап келеді. Желтоқсан оқиғасын зерттеген комиссиялар құжаттары, жарияланған тізімдер, ғылыми-зерттеу еңбектері – бірінде Гүл­зада Қалелова туралы дерек жоқ.

Бір қызығы, баспасөзде, әлеу­меттік желіде Гүлзада Қалелова туралы сұрау салынған сайын Қалеловтардан қалған жалғыз тұяқ – Мереке Нәбиұлын «белгі­сіз адамдар» мазалайды екен. Бұл кезде ағасы Серік те дүние­ден өткен еді. «Менің Гүлзада тура­лы шығып жатқан ақпаратқа қаты­сым жоқ, ешкімге арызданған емес­пін» деп шыр-пыр болған Мереке 2008 жылы Астана қаласына, 2017 жылы Көкшетау облысына қо­ныс аударады. Осылайша, Гүлзада ­туралы ешкімге тіс жармай, телефон нөмірін жылына 10-15 мәрте ауыстырып, томаға-тұйық ғұ­мыр кешеді...

 

Қаңтардан соң

Алдаберген Сәрсековтен сұх­бат алып, «Aqjaiyq» телеарна­сында «Тарихтан тағылым» ха­ба­рының 2021 жылғы бір санын Гүлзада Қалеловаға арнаған белгілі журналист Мұнайдар Балмолда да хабар эфирге шы­ғар алдында белгісіз адамдар ха­барласып, «Гүлзада туралы еш ақпарат шығармауды жел­тоқ­саншылардың атынан өтінгенін» айтады.

Қаһарман қыздың есімін жаң­ғырту ісіне келесі серпін берген – желтоқсаншылардың өздері болды. Сол 2021 жылы оралдық жел­тоқсаншылар Дәдем ата – Жұ­мағазы хазірет зияратында бас қосып, Желтоқсан құрбандары­на дұға бағыштап, ас берді. «Ба­тыс Желтоқсан» қоғамдық бірлес­тігін құру идеясы көтерілді.

– Оралдық Ережолла Орын­ғалиев деген желтоқсаншы досым Гүлзада Қалелова туралы айтып, осы қызды ақтау жөнінде көмек сұрады. Бұдан бұрын да осындай мәселемен айналысып, архив ақтарған тәжірибеміз бар еді. Іске кірістік. Ол оқыған кинотехникум бұрынғы орнынан көшіп кеткен, архив жойылған. Прокуратура­ның есігін тоздырдық. Алматы­ның Медеу аудандық АХАЖ бөлімі Гүлзада Халелованың қайтыс болғаны туралы акт көшірме­сін 2023 жылы ақпан айында бер­ді, бірақ ол құжатта «өлім себебі» деген жол бос тұрды. Кейін талап етіп жүріп өлімнің себебі «ми­дың зақымданып, езілуінен» деген анықтама алдық. Бұдан кейін желтоқсан қатысушыларының фотосуреттері арасынан Гүлза­даның бейнесін тауып, оның бас­қа фотоларымен салыстыра сараптама жасаттық. Осының бә­ріне үш жылдай уақыт кетті. Бұл тек жалғыз адамның емес, бір­лестік құрамындағы барша жел­тоқсаншының ұйымшылдығы мен талапшылдығының нәти­же­сінде мүмкін болды, – дей­ді «Сол ақиқат» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Бейсембай Сай­фолдаұлы.

– Гүлзаданың ісі орнынан қоз­ғалып, оң нәтижеге қол жетуі­не Қаң­тар оқиғасы да әсер еткен сияқ­ты, – дейді інісі Мереке. Бір қызығы, 2022 жылғы қаңтар оқи­ғасынан кейін, дәлірек айтсақ 21 қаңтарда сағат 15.00-шамасында Көкшетау облысына қарасты Зеренді ауданының Приреч­ный ауылында тұратын Мереке Нә­биевті іздеп, екі адам барған. «Қаңтар оқиғасына қатысыңыз бар ма?» деп сұраған. Өзінің, келіншегінің телефонын тексер­ген. Бұл жерде қай уақыттан бері тұратынын, немен айналысатынын тәптіштеп сұраған. «Тағы да түсініксіз қудалау бас­талды ма?» деп уайымдаған Мереке осы­дан кейін журналистер, жел­тоқсаншылар тарапынан да Гүлзада туралы хабарласып, сұ­рау салу көбейгенін айтады.

– Өзім жақсы танитын жанашыр адамдар да хабарласып, ештеңеден қорықпауымды, Гүл­зада туралы барлық ақиқатты жур­­налист, тарихшыларға айтуым­ды сұрады. Қаңтардан ке­­йінгі өзгерістерді көріп, өзім де ғажайыпқа сене бастағандаймын. 37 жылдан кейін анамның аманаты, өмір бойғы арманы орындалып, Гүлзаданың есімі ақталғанын естігенде жүрегім жарыла жаздады. Осы оқиға түсім сияқты, әлі де сенер-сенбесімді білмеймін, – дейді айтулы оқиға тұсында туған жеріне арнайы келген Мереке Нәбиұлы.

P.S. Гүлзада Қалелованың ақталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылғаны туралы сүйінші хабар – анықтаманы қаһарман қыздың туған жеріне жеткізген бір топ алматылық желтоқсаншы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы Ақжол ауылдық округіне қарасты Қабыл ауылында болып, марқұмның қабірін зиярат етті. Қыршын кеткен қыздың туған жерінде өткен іс-шараға Ақжайық ауданы әкімі Мұрат Сердалин, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сейфолда, «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Күнзила Мақсұтова, «Тәуелсіздік-1986-Желтоқсан» қоғамдық ұйымының құрылтайшысы Ақкүміс Ихласова, «Patriot 1986» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Ережолла Орынғалиев және басқалары қатысты. Орал қаласындағы Достық сарайында өткен «Оралға оралмаған ару қыз» атты дөңгелек үстел мәжілісінде батыр қызды ұлықтау, есімін ел жадында жаңғырту жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылды. Ең бастысы, Гүлзада Қалелова ақталды! 

 

Батыс Қазақстан облысы